Қызылордада «Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшелігі» атты облыстық тамыз кеңесі өтті. Жаңа оқу жылы қарсаңындағы дәстүрлі педагогикалық жиынға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен Парламент Сенатының депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы қатысты.
Аудан әкімдері мен барлық білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп мұғалімдері онлайн форматта қатысқан шарада саладағы қол жеткен табыстар жайлы баяндалып, алдағы мәселелер талқыланды.
Облыс әкімі білім беру саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын, саладағы негізгі басым бағыттарды атап өтіп, алдағы жаңа оқу жылында педагогтерге сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы былтырғы тамыз кеңесінде сала алдындағы басымдықтарды нақты айқындап берді. Өткен жыл үлесіндегі үлкен жаңалық – «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Заңда көзделген міндеттерді орындау, жаңартылған білім беру мазмұнын аймақта жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 27,4 млрд теңге бөлініп отыр. Мұнан бөлек, білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы қолданысқа енді. Осы бастамалар саладағы біраз мәселенің шешімін тауып, ұстаздарды қолдаудың арта түсуіне негіз қалады.
Әлемді жайлаған пандемия салқыны қай салаға да оңай тиіп отырған жоқ. Жаһанға жайылған вирустың салдарынан білім беруді қашықтан оқыту жүйесіне көшіруге мәжбүр болдық. Жаңа жүйе бойынша білім алу кезінде интернет желісінің әлсіздігі, электронды құрылғылардың жетіспеушілігі айқындалды. Осыған орай, биылғы оқу жылына дайындық барысында осы мәселені басты назарда ұстадық. Бұл бағытта байланыс операторларымен бірлесіп, ауылдарда интернет желісінің жылдамдығын арттыру шараларын бастадық. Республикалық бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлініп, оған 22 мыңнан астам компьютер сатып алынды, – деді Гүлшара Наушақызы.
Педагогтер жиынында сенатор Мұрат Бақтиярұлы былтыр Парламентте де сала мәселесіне барынша мән берілгенін атап өтті. Соның нәтижесінде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Соңғы 15 жыл көлемінде қайта-қайта көтеріліп келе жатқан мәселенің шешімін табуы қоғамдағы ұстаз беделін биіктете түсті.
Биыл өңірде мектептерді заманауи талаптарға сәйкестендіру бағытында біраз жұмыс атқарылды. Бірнеше жылдан бері жөндеуді қажет еткен білім беру нысандары жаңарып жатыр. Қызылорда қаласынан және Жалағаш ауданынан 2 мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде облыс орталығындағы 600 орындық, Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектептер құрылысы жыл соңында аяқталады.
Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында салынып жатқан жеке мектептердің үлесі де артып келеді. Биыл Қызылорда қаласында 500 және 300 орындық 2 жеке мектеп салынып жатыр.
Педагогикалық кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова жаңа оқу жылының басты ерекшеліктеріне тоқталып, іске асатын жобаларды атап өтті.
Биылғы оқу жылының басты ерекшелігі – мектептердің жан басына қаржыландыру тетігіне өтуі болып отыр. 1 қыркүйектен бастап облыс орталығындағы 58 мектеп осындай жүйеге көшеді. Қаржыландырудың жаңа талабы мектеп арасында өзара бәсекелестікті арттырып, материалдық базаны нығайтуға арналған қаржының жүйелі жұмсалуына жағдай туғызады. Келер жылдан бастап мектептер облыстық білім басқармасы арқылы тікелей қаржыландырылады.
– Биылдан бастап Назарбаев зияткерлік мектебімен бірге «Ауыл мектебі» қанатқақты жобасы іске асуда. Аталған жобаны қазір біз Жаңақорған, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласындағы 3 мектепте жүргізіп отырмыз. Осы білім ошақтарының тәжірибесі алдағы оқу жылында барлық мектепке таратылатын болады. Жаңа оқу жылының тағы бір өзгерісі – барлық білім беру ұйымына «Құндылықтарға негізделген білім беру» жобасы енгізіледі. Ал балаларға патриоттық тәрбие беруде жаңа оқу жылында 53 инновациялық мектепке факультативтік негізде домбыра сағаттары қосылады. Бұл өрендеріміздің дәстүрлі өнерге деген қызығушылығын арттыра түседі деген ойдамыз, – деді облыстық білім басқармасының басшысы.
Ақзира Бақтыбайқызы осы жылдан бастап облыс бойынша оқушыларға психологиялық көмек көрсету үшін 8 арнайы орталық ашылғанын, мектеп түлектері арасында педагогикалық мамандықты таңдағандардың көп болғанын атап өтті.
Жаңа оқу жылында облыстағы 220 мектеп «BilimLand», «Дарын-онлайн» интернет платформалары арқылы қашықтан білім алса, шалғай орналасқан елді мекендегі 73 мектеп дәстүрлі форматта оқиды. Сонымен бірге ата-ана өтінішімен 1-4 сыныптағы 41 547 оқушы 2974 топта офлайн білім алады.
Конференцияда онлайн арқылы мектеп директорлары мен ауыл мұғалімдері тікелей байланысқа шығып, саладағы жетістіктерді сөз етті. Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылындағы Түймебай Айтбаев атындағы №132 орта мектепте география пәнінен сабақ беретін жас маман Жанболат Нұрмағамбетұлы Назарбаев зияткерлік мектебімен бірге жүзеге асырылып жатқан «Ауыл мектебі» қанатқақты жобасы жайлы айтып өтті. Қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайтуды көздейтін жоба педагогикалық практиканы жетілдіру, материалдық-техникалық базаны жақсарту және цифрлық ресурстардың қолжетімділігін арттыру арқылы жүргізіледі. Биыл бұл ауыл мектебін бітірген түлектердің екеуі «Алтын белгі», бірі «Үздік аттестатқа» ие болған. Ең бастысы мектеп бітірушілердің барлығы 100 пайыз білім гранттарын иеленіп отыр.
Балалары облыс орталығындағы Абылайхан атындағы №140 орта мектепте білім алатын көпбалалы ана Гүлсім Жаңабергенова тәрбиедегі білім ошағы мен отбасы рөлі жайлы ойын білдірсе, Қазалы ауданындағы аграрлы-техникалық колледжбен әріптестік негізде жұмыс істеп келе жатқан «Сыр маржаны» ЖШС басшысы Мінәжжадин Өтеев бірлескен істің нәтижесі туралы баяндады. Агросаладағы ірі өндіріс орнының бірі саналатын серіктестік биыл колледж шәкірттері үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында 100 орындық жатақхана құрылысын бастаған.
Жиын соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Үздік орта білім ұйымы» конкурсының жеңімпазы Қазалы ауданындағы №249 мектеп-лицейіне 17 млн теңгелік гранттың сертификатын табыстады.
Қызылорда облысы