• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Тамыз, 2020

Компьютер мен планшет жеткілікті ме?

926 рет
көрсетілді

Еліміздегі орта білім беретін мектептер қашықтан оқыту форматына көшкен «төтенше» тоқсанда техникаға мұқтаж мұғалімдер мен оқушыларға мектеп балансындағы компьютерлер таратыла бастады. Жаңа оқу жылы жақындағанда бұл жұмыс қайта қарқын алды. Дегенмен оқушылар арасында техника тапшылығы әлі бар. Неге? Компьютерлер кімге берілді? Сапасы сын көтере ме? Бұл көмектің қандай талаптары бар?

Бүгінде барлық ресми жиналыстар онлайн режімде өткізіледі. Білім мен ғылым саласына қатысты онлайн конференциялардың бәрі дерлік министрліктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында сақталып тұр. Сол тікелей эфирлер жазбасы ата-аналар мен мұға­лімдердің проблемалық пікірлеріне толы. Көпшілігі жаңа оқу жылына толық дайындықтың жоқтығына, техниканың жетіспеушілігіне алаң­дайды. Солардың бірі – Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында мұғалім болып еңбек ететін Ұлмекен Жарменова.

«Жергілікті аймақтарда болған басшылар интернет желісі нашар жерлерге Wi-Fi орнататынын айтып еді. Оның біреуі жоқ. Мем­лекеттен планшеттер мен компьютер үшін көп қаржы бөлінді. Сол қайда? Тек мектепте тұрған ескі компьютерлерді таратудамыз», деп жазды ол. Шамамен әрбір жетінші пікір: «Мен көпбалалы анамын. Балаларымның үшеуі мектепте оқиды. Әне-міне, оқу басталады. Бірақ әлі техникаға қол жеткізе алмай отырмыз», деген мазмұнға ие.

Премьер-министрдің ресми ақпараттық порталында 17 тамыз күні: «Ел Үкіметі аса мұқтаж отбасылардың балаларына пайдалану үшін 500 мыңға жуық компьютер беруді қамтамасыз етеді.

Биылғы 25 тамызға дейін оқушылар мен педагогтерді оқу жылының қашықтан оқытумен басталуына толық дайындау, мұғалімдерге тиісті оқытуды жүргізу, интернет-платформалар мен теледидар­да қажетті контентті әзірлеу қажет. Оқу­­лықтарды беру 25 тамызға дейін аяқ­талады. Оқулықтардың барлық қа­ғаз түріндегі нұсқалары ашық қол­же­­тімді электронды форматтарымен сүйе­мелденуі керек. Сондай-ақ білім беру ресурстары жұмысының қолжетімділігі мен тұрақтылығын, елді мекендердегі интернеттің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз ету қажет», делінген.

Міне, ай да аяқталды. Жұмыс қан­шалықты орындалып жатыр, барлық өңір дайын ба? Айталық, елордада бүкіл мектеп қашықтан білім береді. Осыған орай әкімдіктің ақпары бойынша, оқу жылы қарсаңында аз қамтылған отбасыдан шыққан әрбір оқушы мектеп құралдарын сатып алу үшін 40 мың теңгеден алуы керек. Жалпыға міндетті оқу қоры аясында 17 мың балаға көмек көрсетіледі. Өткен жылмен салыстырғанда 4 мың 300 бала артық қамтылады. Биыл көмек 40 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Егер отбасында 3-4 баладан болса, онда әр балаға 40 мың теңгеден бөлі­неді. Осы үшін бюджеттен 680 млн теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Ал Шығыс Қазақстан облысындағы мектептерде 33 200 компьютер бар. Ком­пьютерлік техника 166 779 балада (88%) болса, 22 476 балада жоқ. Осыған байланысты білім беру ұйымдарынан қайтарымды негізде 17 101 компьютерді 197 педагогке және 16 904 оқушыға, бірінші кезекте, әлеуметтік осал отбасы санатындағы балаларға беру бойынша жұмыс жүргізілуде. Қалған 5 712 бала штаттық режімде оқиды. Осы жылдың 25 тамызына дейін облыс мектептеріне қосымша 1,6 млрд теңгеге 9 548 бірлік ком­пьютерлік техника сатып алынуы тиіс. Үкімет резервінен жалпы сомасы 4,1 млрд теңгеге 26 509 бірліктен аса ком­пьютерлік техника сатып алуға қа­ражат бөлу жоспарланып отыр.

Техникаларды сатып алуға бөлін­ген қаражаттар туралы осы ақпарат та Үкіметтің ресми сайтынан алынып отыр. Бір қызығы барлық облыс­тар мен қалалардың қашықтан оқы­туға да­йындығы, сатып алынатын компью­тер­лердің есебі берілген ақпарат көзінде Жам­был облысына қатысты тек мектеп құрылыстарына қарастырылған қаржы көлемі көрсетілген. Ал жаңа оқу жылында алынатын техникалар туралы бірде-бір дерек жоқ. Бірақ біз мектептен жаңа компьютер алған Жамбыл облысының Мойынқұм ауылындағы көпбалалы ананы таптық. Перизат Түйебаева: «Бізге жап-жаңа моноблок берді. Үйге әкеліп орнатты. 265 мың теңгенің техникасы екен. Моноблокты бұзып алсақ, осы соманы төлейтініміз туралы келісімге қол қойдырып алды. Енді уайымдап отырмыз. Алмауға тағы болмайды. 4 баламда жеке компьютер жоқ. Өткен тоқсанда күйеуім екеуміздің телефонымызбен лаждап оқыдық. Мектептен берген ескі компьютерді сол бойы қолдана алмай қайтардық, жарамады. Ал екі баланың сабағын бір телефоннан оқыту мүмкін емес, әбден шатасасың», дейді.

Техника мектеп балансындағы дү­ние болғандықтан, оны қайтару керек. Техникамен қамтудың талабы – осы. Бұл жөнінде Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетов шаруаның Мем­лекеттік мүлік туралы заңы шеңберінде шешілетінін, яғни бұзып алған адам құралдың құнын төлейтінін айтқан-ды.

Негізі ұқыптылық болса, бұзбай қол­данып қайтаруға болады. Осы ойымызға себепкер болған ата-ана Гауһар Абибулла: «Толық емес отбасы болғандықтан, қы­зыма өзі оқитын Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы Ш.Қалдаяқов ауы­лының В.Пацаев атындағы ор­та мектебінен  компьютер берді. Сәуір-мамыр айларында пайдаланып қай­та тапсырдық. Тамыз айында өтініш жазып, мектеп әкімшілігі үйіме әкеліп берді. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пәнінің мұғалімі күйін келтіріп қойды, оқу жылына дайынбыз. Компьютерге үш жылдай болған, жақсы жұмыс істеп тұр. Қызым аралық сабаққа қатысты», деді.

Қашықтан оқытуға дайындық барысы баяндалған Үкіметтің сайтындағы ақпаратта Қызылорда облысына қатысты мынадай мәлімет бар: «Облыста 9687 оқушыда мүлдем электронды құрылғы жоқ. Сонымен қатар 8307 бала интернетпен қамтылмаған. Яғни бұл 3853 отбасын құрайды. Құрылғысы жоқ оқушыларға мектеп балансындағы компьютерлер уақытша пайдалануға беріледі. Ал меценаттар мен демеушілер есебінен ноутбук пен планшеттер қарастырылады. Бүгінде Үкіметтен 22 мыңнан аса компьютерлік техниканы сатып алуға 3,5 млрд теңге қар­жы бөлінгенін атап өткен жөн».

Енді қараңыз, өзі облыста 10 мыңға жуық оқушы техникаға мұқтаж. Ал мемлекеттен 22 мыңнан аса құралға қаржы қарастырылған. Жарайды, 2 мыңнан аса компьютерге бөлінген ақшамен интернеті жоқ 3853 отбасының немесе тіпті 8307 баланың проблемасын жекелей (компьютер кемі 100 мың теңге тұрады, бұл сомаға 4-5 үйге сапалы интернет тарта алады. Демек 2 мыңнан аса компьютердің қаржысына 4-5 мың отбасын интернетпен қамтиды) шешуге болады. Сонда қалған 10 мың компьютерге бөлінген қаражат қайда кетеді? Жоғарыдағы пікірін ашық жазған Ұлмекен Жарменованың шырылдауына үлкен себеп бар екені осы жерден анық көрінеді. Оның үстіне меценаттар мен демеушілердің де ноутбук пен планшеттер беретіні жазылыпты. Олай болса, бұл облыстың мұғалімдері де техникадан тапшылық көрмеуі тиіс.

Меценаттар демекші, қазақ қашанда жомарт жандардан кенде болмаған ғой. Осы мақаланы әзірлеу барысында туыстар, таныстар, әлеуметтік желідегі топтар арқылы бірнеше сауалдама жүр­гіздік. Сонда Түркістан облысындағы туысымыз: «Біздің мектепке сол оқу ошағының түлегі, өз ауылымыздың баласы 10 смартфон сыйлады. Ол сыйлаған телефонды мектеп мұқтаж отбасылардың балаларына таратты. Ауылдағы екі қолға бір күрек таппай сандалып жүрген бар баланы жанына тартып, жұмыс берген кәсіпкер еңбекқор азамат қой. Аты-жөні – Берік Тұрсынбайұлы», деп таныстырды. Алысқа ұзаса да ауылын жадынан шығармаған азаматқа хабарластық. Ел­ордада мектеп бітірген 2003 жылдан бастап құрылыста қара жұмыс істей жүріп, әбден кәсіпті меңгерген. Содан соң осы кәсіпке біржола бет бұрып, екі жыл бұрын «VIP-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, кәсібін дөңгелетіп отырған көрінеді.

«Өзім бітірген Ордабасы ауданының Жеңіс ауылындағы мектепте сыныптасым істейді. Ауылдың жағдайын білу­ге бір хабарласқанымда сол сыныптасым мектебіміздің қашықтан оқытуға кө­шетінін, оқушыларға техника жетпей жат­қанын айтты. Содан шамам кел­ген­ше көмектестім. Ауылдағы ініме ақ­­ша аударып жібердім. Ол мектепке 10 телефонды апарып берді», деді Б.Тұрсынбайұлы. Қысылтаяң шақта лайым осындай өзгелерге үлгі болар, қолы ашық, жүрегі жомарт жандар көп болсын дейміз. Ал азаматтардың аманатына қиянат қылмай жауапты істі абыройлы атқаратын мектеп басшылары олардан көп болса да артық емес-ау...

Иә, Ата Заңымызда орта білім беру­дің тегін екені тайға таңба басқандай жа­зылған, демек Үкімет алдымен оқу­шыларды жаңа оқыту форматында оқу­лықпен пара-пар қажеттілікке айналған техникамен қамтамасыз етуге міндетті. Дәл осы міндет толығымен орындалса да түйткілдің түйіні техника таратумен тарқатылып кетпейді. Бұл – қашықтан білім беруді ұйымдастырудың басы ғана...