Бүгінде мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көріп, шаруасын дөңгелетіп отырған жас кәсіпкерлер қатары артып келеді. Міне, осындай жас кәсіпкерлердің қатарында Қармақшы аудандық пробация есебінде тұратын азаматтар да бар.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір айлық «кәсіпкерлік негіздері» курсын аяқтап, сертификат алған пробация есебіндегі үш азамат, жаңадан бастаған кәсіпті қолдау мақсатындағы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 555 600 теңге қайтарымсыз грант ұтып алды. Үшеуі де жеке кәсібін ашты. Біреуі тауық өсірумен айналысып жатса, қалған екеуі мал басын көбейтіп, жеке кәсібін дөңгелетіп отыр.
«Тауық өсіру арқылы өз жағдайыңды түзеп алуға да болады екен. Тауықты күтіп баптау да оңай емес. Олардың қорада еркін қозғалуына жағдай жасау қажет. Қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды, құсты күтіп-баптаудың түрлі әдісін ғаламтордан оқимын. Тауық та құнарлы азық-түлік түрлерін қажет етеді. Болашақта тауықты көбейтіп, цех ашып, ісімді одан әрі дамытқым келеді», дейді пробация есебіндегі азамат.
Ал аудандық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет майоры Жақсыбек Жүнісовтің айтуынша, пробация есебіндегі тағы 2 азамат мал өсіріп, мал басын көбейтумен айналысып жатыр. Мемлекеттен алған көмегіне мал ұстайтын қора салып, мал сатып алған. Бір азамат бір айлық курсты аяқтап, сертификат алған. Қазіргі ол мемлекет тарапынан берілетін көмекті алу үшін құжаттарын дайындап жүр.
Дана ДОСТАНОВА,
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД қызметкері