Адам өмірі иір-қиыр, бұралаң, шұбалаң ұзақ-ұзақ жолдардан тұрады. Барлық адамның өмірі ұзақ жолдан тұрмайды деп қарсы дау айтуға да болар еді. Егор үшін бұл жол ешқашан таусылмайтын, ешқашан жетіп болмайтын түбі жоқ тоннел. Егор қайда бара жатыр, Егор қайдан келе жатыр? Мәселенің барлығы осы жерден басталады. Расул Ғамзатов көкеміздің мына бір ғибратты ғақлиясы осындайда еске түседі. «Қайда бара жатқаныңды емес, қайдан шыққаныңды ұмытпа».
Бірақ Егорда тура осы ой керісінше бағыт алады. Қайдан шыққаныңды емес, қайда бара жатқаныңды ұмытпа...
Жолдың ұзақтығы туралы айтқанымды шартты ұғым деуіңіз де мүмкін, бірақ жол – бәрібір жол. Жол ұзақтығымен де қасиетті шығар. Адам әрқашан ұлы сапардағы мәңгі жолаушы.
Жоғары оқу орнына түсіп, ең алғаш оқыған пәндердің бірі философия болатын. Сол пәннің бірінші сабағында Зенон парадокстері туралы айтылды. Ежелгі грек ойшылы элейлік Зенон ортаға қойған сол парадокстерді еш ұмыта алмайтынымыз қызық. Бүгін айтып отырған жол туралы әңгімеміз де сол апориялардың барлығы қозғалыстың өмір сүретінін терістейтіне келіп тіреледі.
«Ахиль тасбақаны қуып жете алмайды», «Ұшқан жебе қозғалмайды» деп кете береді. Таным, болмыс деген категорияларды біз сол кезде толық ұқпаған да болармыз. Кейін шексіздік, дифференциал-интеграл теориясы арқылы бұл тақырыптардың мәнін ашуға талпындық.
Ұшқан жебе шынымен қозғалмайтынына көзің жете бастайды. Шексіздіктің әр нүктесінде жебе қозғалмайды. Ахиль қанша қашықтықты еңсерсе, тасбақа да өз уақытында өзара соншалықты қашықтықта алшақтайды.
Жә, айтпағымыз тікелей бұл болмағанымен, біз ара қашықтықтар жайлы, адамдардың бір-біріне ешқашан жете алмай өтетіндіктері, өз туған ошағыңа жететін жолдың кейде соншалық алыс екенін ғана ойлаймыз. Егор түрмеден көктемде босап шықты. Өзі айтады: «Түрмеге көктемде отыр, көктемде босап шығасың!».
«Қызыл бүрген» («Калина Красная») киноповесі 1973 жылы жазылып, «Наш современник» журналының төртінші санына жарияланған екен. Шығарма бірден фильмге сценарий ретінде жазылған. Аталған картина 1974 жылы сәуірде жарыққа шығады. Шукшин бұл шығарманы ауруханада жатып жазғаны да адамды толқытпай қоймайды. Әйелі Лидия Федосеева-Шукшинаның айтуынша, Шукшин оқиғаның аяқталғанына жылап жіберген деседі.
Бас кейіпкер, Егор, лақап аты – Горе түрмеден босап шыққанда алдына үлкен мақсат қояды. Адамдыққа бет алу, қоғамның мәдениетті өкілдерінің бірі ретінде өзін жақсы жағынан көрсету, ауылға барып еңбекке араласу, тіпті сиыр ұстап, жер жыртып, өзі түрмеде отырып хат жазысқан Любамен отбасылы болу. Шын мәнінде адамдық, ішкі мәдениет тек еркіндікте жүрген адамдардың бойында ғана бар деуі – Егордың өз комплексі болатын.
Кеңестік жүйе өз халқын жаппай комплекстерге көміп тастағаны сондай, Егордың ойынша түрмеге бір түскен адамның қоғамға араласып кетуі тіпті де мүмкін емес. Бірақ соған қарамастан оның ішкі жан дүниесі ұлы сағыныштарды, нәзік сезімдерді, мейірімдер мен ізгіліктерді ашық таныта бастайды. Түрмеден шыға салысымен таксиге отырып, орыс қоғамының қайнаған базарына бет алып бара жатады. Жолшыбай такси шопырын тоқтатып, қайың ағаштарын еркелете құшақтайтыны қызық. Шопырға: «Егер менде үш өмір болса, біреуін міндетті түрде түрмеде өткізер едім, екіншісін саған берер едім, ал үшіншісін өзім қалағанымша сүрер едім», дейді. Бұл ойы да қызық.
«Қызыл бүрген» – Шукшиннің өзі өмір сүріп жатқан күрделі қоғамға, әлеуметтік-таптық көзқарастарға, өзінің анасына деген, жарына деген, бейқам да жуас, адал да шарасыз орысына деген адал махаббаты мен сағыныштарына қойылған ескерткіш сияқты.
Фильмдегі қасіретті кадрлардың бірі Егордың кәрі шешесіне келуі болатын. Тіпті, фильмнің кілті де, кульминациясы да осы кадрдан өріс алады. Қарапайым кейуана Ефимия Быстрова өзін киноға түсіріп жатқанын сол кезде білмеген екен. Кейін де айтылмаған болар. Өзінің ұлдары жайлы, олардан қалай көз жазып, айырылып қалғаны, тағдырдың қилы жолдары туралы бүкпесіз, шынайы, еш боямасыз айтып отырады. Фильмде бұл кейуана – Егордың анасы болатын. Егор Любаға өтірік айтып, досымның анасы деп алып келеді де, өзі екінші бөлмеде анасының Любаға айтып берген әңгімесін көзіне қара көзілдірік киіп алып тыңдап отырады. Бір кезде шыдамай шығып кетеді, ауылдан ұзай бере көліктен қарғып түсіп, қара жерді құшақтай құлайды. Өзегін өртеген өкініш, ұзақ жылдар бойғы сағыныш сол жерге келгенде өксікке айналып өкіреді.
Люба: «Неге бармадың, неге құшақтамадың?» дейді. Оған Егордың айтатын сөзі мынау: «Кейін келемін, тым құрыса шашым өссін!».
Түгел адамзат өз аналарына небір ұзақ жолдарды артқа тастай асыға басып жүріп келе жатқандай. Анасының сағынышын басуға, басын тізесіне қойып еркелеп жатуға, оның бейнетін бір сәтке болса да өз қолына алып, еңбегін өтесем деген тілекпен келе жатқандай. Егор да бір жолаушы.
Түрік ақыны Жан Иүжілдің
мынандай ғажап өлеңі бар.
– Мұнда теңіз алыс па? –
деп сұраған,
Түрмедегі жаңа көршім
Реджен Аныл.
– Жарты-ақ сағат машинаға
зулаған,
– Жаяу жүрген үш
сағатта жетеді,
– Тоғыз жылдық жол бірақ та
бұл маған.
Сонша зарығып жеткен анасының қасына келсе де Егор анасына жете алмай тұрды. Қоғамдық догмаларды бұза алмаған, өз комплексін жеңуге қауқары жетпеген Шукшин кейіпкері ақыры анасына жете алмай, жендеттердің қолынан, дұрысы қатып қалған қағидалармен өмір сүретін қоғамның қолынан қаза табады. Мәселе сол шашта ғана ма? Шаш анау Любаның бір күн аузы құрғап көрмеген ішкіш күйеуінде де бар. Шаш оның қылмыскер достарының бәрінде бар. Мәселе тым тереңде еді.
Фильмнің ерекше құпиясы сонда – Шукшин орыс кейіпкерінің ішкі мәнін көрсете білгендігінде деуге болады. Өмір заңдары ұрылардың заңдары сияқты: кейде қателіктерді түзету мүмкін емес, олар сенің бүкіл өміріңе әсер етеді. Жалпы, «Қызыл бүргеннің» көтеріп отырған басты мәселесі – өткенді өзгерту, оның ықпалынан құтылу, түзетулер енгізу және қателіктерді қайта жөндеу мүмкін бе? Сондай-ақ ақша адамды бақытты ете ала ма? Әлбетте басты тақырып, сотталған адам қоғамға сіңіп кете ала ма?
Егор Прокудиннің аппақ қайыңдары оның жан дүниесіндей желбірейді. Қылмыскер достарының қолынан өлген Егор соңғы сәттерде де ақ қайыңдарын құшақтап жатады. Қолтығынан аққан қызыл қан – Любаның сыңсып салған «Қызыл бүргені» сияқты. Жып-жылы, қол жеткізбес арманға айналған «Қызыл бүрген».
Оқиғаның соңында Егор күрт өзгереді. Ол қатып қалған тоң мен қатты сеңді бұзды да. Бандиттер оның жүрісі тіпті еңбек адамына, пролетар шаруаға айналғанын айтып тұрды. Оның өлімі бір сөзбен айтқанда, өзі өлердей ғашық орыс даласында, өмір бойы жете алмаған үйінің жанында жатқан шаруаның өлімі еді.
Сізге бір ғана сұрақ, шығарманың ортасында Любаның туыстары дұрыс қабылдамай қойған соң Егор қалаға кетіп қалады. Люба оны тоқтатпайды, тек Егор оралмаса да кешіретінін айтады. Люба Егорға бір-ақ күнде бауыр басып қалғанына таңғалады, тіпті оны ғасырлар бойы білгендей жаны ауырады. Егордың басын кеудесіне қысып: «Неге сен соншалықты қымбатсың?» дейді Люба? Неге?
«Қызыл бүрген» әні шығармада ұрылардың аузымен алғаш рет айтылады. Егор айтады. Бұл күту мен үміт туралы ән еді. «Қызыл бүрген» – сормаңдай ащы махаббат пен мезгілсіз төгілген қанның нышанындай еді.
Талдай берсек, мән беретін штрихтар өте көп. Моншадағы суға түсіп кетіп, тырбана шыға алмай жатқан өрмекшіге Любаның ағасы бір сәтке мән беріп үңілуінде, орыстың белгілі қылқалам шебері Иван Крамскийдің «Бейтаныс» атты атақты суреті бір кадрда Любаның кеудесінде тұмар сияқты жүруі, бір кадрда Егордың қалада қыз-келіншектерді жинап алып тойлатып отырғанында қабырғада ілініп тұруы, тіпті шығарманың басында Любаның ағасын байқамай күйдіріп алатын ожаумен кейін екеуі шарап ішіп отыруы, барлығы-барлығы көзге бірден түсе қоймаса да байқатпай оқырманды жетелеп отыратын нәзік параллельдер.
Оқиғаның бояулары да символикалық мағынаға бай. Ақ қайыңдар, қара жер және қызыл бүрген.
Барлығымызға белгілі болса да сөз соңында айта кетейік, Федосеева-Шукшина фильмде Любаның, ал Шукшин Егордың рөлін ойнайды. Шукшина хикаяның атауына айналған «Қызыл бүрген» әнін Шукшинмен алғаш кездескен кезде айтып беріпті.