...ой қозғайды
Қайтсек көбейеміз?
Бар тапқанымызды шашып, қарызға шаш етектен батып, той жасаймыз. Сол жастарымыздың үйлене салып, үштен бірінің ажырасып кетіп жатқаны ешкімге құпия емес. Себебі неде деген сұрақ әрбір көзі ашық азаматты ойландырмай қоймайды. Оның бірнеше себебі болуы мүмкін: баспананың жоқтығы, отбасындағы тәрбиенің ақсауы, материалдық жетіспеушілік, жастардың отбасылық өмірге дайын еместігі және т.б.
ТМД елдері арасында ажырасу көрсеткіші ең төмен мемлекет – Өзбекстан. Неліктен? Себебіне үңілсек, ол елде жастарды ертерек үйлендіруге тырысады екен. Және отбасында ұлттық құндылықтарға басымдық беріледі. Үйлену мәселесінде ата-ананың пікірі, таңдауы негізге алынады. Жасыратыны жоқ, баласына балабақша, мектеп, жоғары оқу орнын таңдап беретін қазақ үйленуге келгенде неге таңдауды жастарға беріп қояды?
«Біраз жұмыс істеп, жағдайымды жасап алып, кейін үйленем», деп жүргендер де аз емес. Ол да дұрыс шығар бір қарағанда. Бірақ өмір-өзеннің ағысы тым жылдам. Адамның ең маңызды, негізгі міндеті – ұрпақ жалғастыру. Әсіресе тарыдай шашылған, тағдырдың тепкісінен теперіш көріп келе жатқан біздің аз ғана қазақ үшін бұл ойланарлық жайт.
Шайгүл АЛПЫСБАЙҚЫЗЫ,
№35 Рза Қунақова атындағы орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі
...ұсыныс айтады
Төл сөз төрге озсын
Елімізде қабылданатын құқықтық актілердің мемлекеттік тілдегі нұсқасындағы мәтінінде қолданылған сөз тіркестері мен сөйлемдерді құрастыруда жіберілген кемшіліктер заң мақсаттарының мән-мазмұнына нұқсан келтіріп жататыны өкінішті. Осыған орай «Egemen Qazaqstan» газетінің 2020 жылғы 28 мамырдағы санында жарияланған танымал заңгер-публицист Нақыпбек Сәдуақасовтың «Төл сөздерімізді қолдану – уақыт талабы» мақаласындағы Сот жүйесінде және заңнамалық құжаттарда ресми түрде кең қолданылатын, орыс тілінен енген «судья» сөзін ана тіліміздегі «Бишешімгер» сөзімен алмастыру жөніндегі ұсынысын түбегейлі қолдаймыз. Автордың бұл талпынысын құқықтық тілдік құрылымымызды жетілдіруге қосқан қомақты үлесі деп қарауға әбден болады. Аталған мақаладағы автордың «Бишешімгер» сөзін сот жүйесіне енгізу ұсынысы жан-жақты салмақты тұжырымдар мен дәлелдерге негізделгенін атап өткен қисынды.
Сансызбек ИЛЬЯСҰЛЫ,
Жұмаш ХАЖЕНБАЙҰЛЫ,
заңгерлер
...қынжылыс білдіреді
Жан құлазытар жағдай
Үйдегі теледидарды пайдаланып, немерелеріме қазақша мультфильмдерді көрсетуді қолға алдым. Өзім қастарында отырамын.
«Қажымұқан», «Толағай» мультфильмдерін де ретін тауып, бірнеше рет тамашалап шықтық. Бірақ оларға бұл дүниелер аздық еткен тәрізді.
Қайран қалғаным, немерелерім ешқандай мағынасы жоқ «Личинкалар», қайдағы бір «Три кота», «Свинка Пеппа», «Света Баглан» мультфильмдерін аса ықыласпен көреді. Іштей ренжігенім, мен ұсынған мультфильмдер оларды мүлде қызықтырмады.
Мультфильмдерді былай қойғанда қаладағы кітап сататын дүкендердің ішіне кірсең, орыс тіліндегі кітаптар қызықпасыңа қоймайды. Түрлі-түсті суреттері алыстан көз арбайды. Берілген шрифтерінің өзі қандай ғажап?! Қолыңа алсаң әрі қарай оқығың келіп кетеді. Ал қазақ тіліндегі кітаптар өте жұтаң. Тіпті жоқтың қасы. Жаның құлазып шығады. Осыдан кейін баланың тілі неге орысша шығады дейміз-ау тағы.
Марат ҚАШҚЫНБАЕВ
Алматы облысы
Балқаш ауданы,
Бақанас ауылы
...пікір пайымдайды
Әуезовтен алуы мүмкін
«Шағыл құмдағы шаңқай түс» («Белое солнце пустыни») фильмін көрмеген жан некен-саяқ. Сол кинокартинаның басты кейіпкерлерінің бірі Саидтың ыстық құмға көміліп жатқан жері есте қатты сақталады. Адам жаны түршігерлік осындай көріністі әдебиетте алғаш суреттеген автор кім деп ойлайсыздар? Мұхтар Әуезов! Ұлы жазушының «Абай жолы» романында осы жағдай былай суреттеледі: « – Жаза кестім дедім ғой, дегенім сол! Жерге қағам дегенім. Кеудесіне нан пісетін кедей ғой! Салыңдар мына көрге! Тірідей жерге көміп, жерге сонымен қағамын! – деді де, Сейіттің екі қолын артына қыл шылбырмен байлатып жіберіп, терең қазылған құр құдыққа тастап жіберді, сол арада өзі бастап, екі жақтап шым топырақты Сейіттің үстіне лақтырды. Барды төгіп, ойран-топанын шығарып, ілезде құдықтан басы ғана көрінер-көрінбес боп тұрған Сейітті, анық тірідей көмдіріп салды. Тек өлмес етіп, иегіне шейін көмдірді де жалаңбас басын, жүзін көмілген топырақтың сыртында қалдырды».
«Абай жолы» романындағы осы бір «эпизод-үлгіні» фильмнің сценарийстері Р.Ибрагимбеков пен М.Захаров естеріне түсіріп, фильмге ұтымды пайдаланып кетуі әбден мүмкін-ау. Тіпті романдағы Сейіттің есімі кинокартинада Саид деп аталуы да кездейсоқ емес.
Нақыпбек СӘДУАҚАСТЕГІ,
заңгер-публицист
...үнемшілдікке үндейді
Мың асқанға – бір тосқан
Тойға 500 кісі шақырып, әнші шақырып, неше түрлі сыйлық таратып есірдік. Өліктің өзін тойға айналдырдық. Бір-екі мал жетпейтін болды. Біздің жас кезімізде өлік шыққан үйде ас пісірілмейтін. Шешелеріміз туыстармен жиналып, бір қойын сойып, қант, кәмпит алып, сол өлік шыққан үйге барып тамақ ішкізетін. Мына аты жаман ауру бізді жаңаша өмір сүруге, санамызды өзгертуге тиіс. Шетелде тойды торт жеп, шырын ішіп қана өткізеді екен деп естуші едік. Оның себебі тамақ қымбат, сөйтіп істемегенде қайтсін дейтінбіз. Бізде де тамақ қымбаттап жатыр. Өйткені ауыл шаруашылығымен айналысу оңай емес. Өнімдерін арадағы делдалдар арзанға сатып алады да бірнеше есе қымбаттатып жібереді. Бізде неше түрлі байлар бар, бұзатын солар. Кедей, орташа тұратын адамдар солардан қалмаймын деп қарызға батады. «Аттыға ілесемін деп, жаяудың таңы айырылыпты» деген мақал бар ма емес пе? Соның кебі. Қазір жаңа ғасырда жаңаша өмір сүру керектігін өмірдің өзі дәлелдеп отырған жоқ па? Ойланайық!
Ермекүл ХАМИТОВА,
зейнеткер