Жуырда Сарысу ауданы, Игілік ауылында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Айтбай Назарбековтің ескерткіш-бюсті ашылды.
Ол сол Игілік ауылында дүниеге келіп, кезінде Жамбыл облысының Сарысу, Жамбыл, Мойынқұм аудандарында басшылық қызмет атқарған тұлға. Ел есінде іскерлігімен қалған азаматтың ескерткішінің ашылуына белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы ұйытқы болды. Ал туындының авторы – танымал мүсінші Алтай Бейсенов.
Жалпы, ел ішінде Айтбай Назарбековтің қызметіне адал азамат болғаны жиі айтылады. Ол Мойынқұм ауданында басшылық қызметте болған кезінде даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың Социалистік Еңбек Ері атанғаны да белгілі. Оның Дінмұхамед Қонаев, Ғабит Мүсірепов, Әзілхан Нұршайықов, Қадыр Мырзалиев сияқты қазақтың көрнекті тұлғаларымен сыйлас болғаны жайлы да ғибратты әңгімелер жетерлік. Қайраткер туралы олардың жазған естеліктерінде де кездеседі. Ескерткіштің ашылуына жиналған көпшілік Айтбай Назарбековтің қайраткерлік қасиетін, азаматтық болмысын еске алды. Көзкөргендер естеліктерімен бөлісті. Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл арнайы келіп, Айтбай Назарбековтің адамгершілік қасиеттері туралы әңгімеледі. Сондай-ақ ол Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбековтің, Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның, сонымен қатар еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді. Ал Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, Игілік ауылының тұрғыны Алтын Досжанова және өзге де азаматтар Айтбай Назарбековтің кісілік келбетін, өшпес өнегесін атап өтті. Сондай-ақ Маралтай Райымбекұлы мұндай азаматтардың сара жолы, дара болмысы келешек ұрпаққа үлгі екенін айта келіп, өзінің «Игілік» өлеңін оқып берді. Аудан өнерпаздары ән шырқап, ауыл аспанын әнге бөледі.
Жамбыл облысы