• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Тамыз, 2020

Абаттандырылған Абай елі

293 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Семей полигонының жабылу күніне арналған шараға қатысып, Семей қаласы мен Абай ауданындағы бірқатар тарихи маңызды нысандарды аралады.

Мемлекеттік хатшы бастаған делегация алдымен «Бейбітшілік» аралында Семей ядролық полигоны құрбандарын еске алып, «Өлімнен де күшті» мону­ментіне гүл шоқтарын қойды. Деле­гация құрамында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Жазу­шылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және басқа да азаматтар болды.

Айта кету керек, осыдан 29 жыл бұрын 29 тамызда Семей яд­ро­лық полигоны жабылып, күллі адамзатпен бірге әсіресе осы аж­даһаның зардабын тартып келген семейліктер ерекше қуанған еді. Ядролық сынақтың құрбан­дарына арналған Монументке гүл шоқтарын қою рәсімінде Мем­ле­кеттік хатшы жарты ғасырдан астам уақыт өткізіліп келген ядролық жарылыстарды бұрынғы Кеңес Одағы басшылығының қарсылы­ғына қарамастан толық­қанды тоқтатып, полигонды жабу – Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пат­­риоттық, ұлтжанды тарихи шеші­мі семейліктердің ғана емес, бүкіл қа­зақ халқының, қазақстан­дықтар­дың, дү­ние жүзіндегі прог­рессивті адам­заттың қолдауына ие болғанын атап өтті.

Мемлекеттік хатшы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей яд­ролық сынақ полигонының жа­бы­луының атаулы күніне орай қа­зақстан­дықтарға арнаған Үндеуін оқып берді.

Мемлекеттік хатшы баста­ған делегация және Абай Құнан­бай­ұлының 175 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мем­лекеттік комиссияның бір топ мү­шелері Семей қаласындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, әлеуметтік-мәдени нысандармен танысты.

Биыл хакім Абайдың 175 жыл­ды­ғына байланысты ақын атымен аталатын бірқатар нысандар жаңарып, жөндеуден өткен. Соның ішінде қаладағы Абай мұражайы да бар. Мерейтойға орай мұражайдың залдары жөнделіп, ғимараттың қасбеті мен оған жап­сарлас аумақ жаңартылған. Ауласындағы тақтатастар ауыс­ты­рыл­ды, жиегіне көгал төселіп абаттан­ды­рылды. Ауыз толтырып айтар­лығы – Абайдың ұлдары Ақыл­бай және Тура­ғұлмен бірге тұрған мүсіні ашылды.

Делегация сонымен қатар 200 гек­тардан астам аумақты алып жатқан Қарағайлы шағын ауданы­ның тыныс-тіршілігімен танысты. Жаңа ауданда бой көтерген көпқа­батты үйлер Семейдің сәнін келтіріп тұр. Алып арена да, би билеп ән салатын субұрқақ та осы ауданда. Мектеп те, балабақша да бар. Болашақта бұл шағын ауданда 25 мыңнан астам адамды баспанамен қамту жоспарланған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ға­сыр­дағы Қазақстан» атты мақала­сында Абайдың 175 жылдық мерей­тойы «той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұр­ғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» делінген. Дәл солай жүзеге асып жатыр. Аста-төк дастарқан жа­йып, ырду-дырду ысырапшылдыққа жол беріліп жатқан жоқ.

Мемлекеттік хатшы Қ.Көшер­баев бастаған делегация бұдан кейін Абай ауданында көрсе көз то­йып, көңіл марқаятын игілікті істер­дің атқарылып жатқанына куә болды.

Абай ауданының орталығы – Қарауыл­дағы 300 орындық мектеп-лицей қол­данысқа берілді. Жаңа­дан ашылған білім ордасында оқушылар Назарбаев зияткер­лік мектептерінің стан­дарты бо­йынша оқытылмақ. Әлбет­те, елде­гі карантиндік шараларға байла­нысты үлкен сыныптар қашық­тық­тан оқыса, бастауыш сыныптар белгіленген санитарлық ереже­лерді сақтай отырып мектеп қабыр­ға­сында білім алады. Абай атындағы жаңа мектеп-лицейдің директоры Роллан Тілеухановтың айтуынша, 300 орындық мектепті екі ауысымға шақтаса, 600 балаға дейін оқытуға қуаты жетеді екен. Өйткені аудан орталығында халық саны жыл сайын өсіп келеді.

Жидебайдағы тарихи нысандар да жаңғырып, келешек ұрпақ Абай тағылымынан тәрбие алып, ғибратты сөздерін санаға сіңіре­тіндей игі істер атқарылуда. «Абай-Шәкәрім» кесенесі кешені жөнд­еуден өтті, Құнанбай жерленген Ақшоқы абаттандырылды.

– Абайдың 175 жылдығында біз ақынның мәдени және рухани мұрасына көңіл бөлдік. Прези­дент бастамасымен Абайдың шығар­ма­лары өркениетті он елдің тіліне аударылды. Нұр-Сұлтан қала­сында «Абай академиясы» ғылыми-зерт­теу орталығы құрылды. Абайдың туып-өскен жері, Құнан­бай­дың жат­қан жері үлкен мәдени орта­лық­­тарға айналды. Аз уақытта айтар­­лықтай іс тындыр­ған Шығыс Қазақ­­стан әкімдігіне алғыс айтамын. Өйткені жұмысты мем­лекет­тік тапсырыс ретінде ғана емес, шын ниет­терімен атқарған екен, – деп ри­­за­шылығын білдірді Қ.Көшер­баев.

Жиында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, белгілі ақын Ұлық­бек Есдәулет те өз ойын ор­таға салды. Ақынның айтуынша, Жидебайдың іргесіндегі Найза­тастағы ескі там – Абай, Тәке­жан, Құдайберген, Оспан, Ыс­қақ­тар білім алған мектептің орны. Оны Құнанбай өз заманында қыс­тақ ретінде салдырған екен. Уфа­дан, Бұқарадан оқу-құралдарын алғызып, балалар қыстай ноғай мұғалімнен білім алған. Сонда балаларына шыбық артық тиіп кетпесін десе керек, Зере әжелері мектепте меңгеруші болыпты.

– Ескі тамның орнын «Абай алғаш сауатын ашқан жер» деп қайта қалпына келтірсе дұрыс болар еді. Шәкәрім жатқан құдықты да тарихи нысанға айналдырып, туристердің назарын бұрсақ, – деді Ұ.Есдәулет.

Биыл ақын мерейтойы аясында Құнанбай әулеті жатқан шежірелі Ақшоқы, қараусыз қалған Қасқабұлақ та жаңғыртылып, туристер арнайы келетін орынға айналды.

 

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,

журналист

 

Шығыс Қазақстан облысы