Шартарапты шарлаған пандемияға байланысты соңғы алты ай бойы еліміздегі барлық мәдени ошақ орындары өз жұмыстарын тоқтатқан еді. Наурыз айынан бері онлайн жұмыс істеген "Астана Опера" театры енді сахна шымылдығын ашып, халық алдында өнер көрсететін болады, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұзақ уақыттан бергі шығармашылық тыныштықтан соң театр ұжымы көрерменге жаңа қойылым дайындауда. Алайда, енді жұрт операға бұрынғыдай залға лық толып отыра алмайды. Карантиндік қашықтықты сақтау мақсатында театр қонақтары мен қызметкерлеріне қойылатын қатаң талап бар. Яғни, қызметкерлер мен келушілерге орын 1 адамға 5 шаршы метрден есептеліп, ғимараттың толымдығы 50 пайыздан аспауы қажет. Сондай-ақ әлеуметтік арақашықтықты бұзбау үшін ұжымдық дайындыққа 30 адамнан артық қатысуға болмайды. Ал санитарлық эпидемиологиялық талапты сақтау екібастан міндетті.
Бүгіннен бастап театр қызметкерлері кезең-кезеңімен жұмысқа шығатынын айтқан "Астана Опера" театры директорының орынбасары Айжан Құрманғалиева: "Сегізінші театр маусымына дайындықты қайта жалғастырдық. Театр ішінде 1,5 метрлік арақашықтық сақталуы тиіс. Санитайзерлер қойылады. Көрермен маска тағып келуі қажет. Кірген бойда дене қызуы өлшенеді. Дене қызуы жоғары адам анықталса, бөлек есік арқылы шығады. Көрерменге қызмет көрсету департаменті санитарлық талаптың сақталуын қадағалап тұрады", деді.