Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 25 жыл толуына орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ата заң – азаттықтың алтын арқауы» тақырыбында басқосу өтті. Бұл туралы Egemen.kz оқу орнының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Онлайн форматта ұйымдастырылған басқосуға тарихшылар, саясаткерлер мен азаматтық қоғам белсенділері қатысып, тақырып төңірегінде келелі ойларымен бөлісті. Конституцияның ел өміріндегі мәні мен маңызы турасындағы пайымды пікірлерін білдірді.
"1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Ата заңы егемендік тарихындағы демократияға негізделген құжат болып табылды. Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында көпшіліктің талқысына ұсынылып барып қабылданған бұл құжат Елбасының атап көрсеткен мақсаты бойынша төрт басты мәселеге жауап беруі тиіс еді. Оның біріншісі – мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншісі – экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі дағдарыстан шығару, үшіншісі – жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру және төртіншісі – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету. Ширек ғасыр бойы ел Конституциясы бұл міндеттерді орындап келе жатқанына бүгінде куә болып отырмыз", – деді Қыздар университетінің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жаңагүл Сұлтанова жиынның ашылуында.
Басқосуда сөз алғандар Қазақ елінің Ата заңы уақыт сынынан сүрінбей өтіп, тарихи дамуымыздың жалпыұлттық бағдарын айқындауда басты мәнге ие болып отырғанын атап өтті.
"Конституция мемлекеттілігіміздің берік іргетасын қалай отырып, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және Қазақстан қоғамын біріктіруге зор үлес қосты. Осы жылдар аралығында ол ұлтаралық татулықтың алтын діңгегіне айналды. Бүкіл халықтың игілігін көздейтін Ата заң қоғам мен биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның әлем таныған мемлекетке айналуына оң ықпал етті. Еліміз – зайырлы мемлекет. Айқара ашылған құшағына, кең қолтығына сан тағдырлы мыңдаған ұлтты біріктіріп жатыр. «Береке бастау бірлік, ел іші тату тірлік» демекші, ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен қиын-қыстау замандарда киіз туырлықты қазақ ұлтын ұлт ретінде сақтап қалған бірлігі мен ынтымағы десек, артық айтқанымыз емес", – деді жиынға қатысушылар.