• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қыркүйек, 2020

Жарық та, су да жоқ (Әкімдіктің салғырттығы адамдарды тығырыққа тіреп отыр)

214 рет
көрсетілді

«Оңтүстіктен – Солтүстікке» көшу мемлекеттік бағдар­ламасының ұтымды тұстары көп екені жергілікті тәжі­рибеде дәлелденген. Жобаның түпкі мақсаты – «Қазақ­станның үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында атап өтілгендей, еңбек нары­ғын жаңғыртуды басты бағдар ете отырып, халықты жиі шоғырланған өңірлерден жұмыс күші тапшы солтүстік аймақтарға ұйыстыру, сөйтіп, экономикалық және демографиялық тұрғыдан теңестіру.

Болжам бойынша, 2050 жыл­ға таман күнгей жақ­тарда халық саны 5 млн-нан асып, жұмыссыздық мәсе­лесі күрделене түспек. Керісін­ше, теріскей облыстарда тұр­ғындар саны 1 млн-ға дейін кеміп, оның ақыры әлеу­меттік шиеленіске әкеліп соқ­тыруы мүмкін. Республика жұрт­шы­лығының 50 пайыздан астамы оңтүстік өңірдегі бес об­лыс­қа тиесілі екенін ескерсек, атал­ған бағдарламаның ішкі көші-қон саясатын реттеудегі, тұрақты еңбек ресурстарымен толықтырудағы мән-маңызы айрықша. Бүгінде Қызылжар өңірінде 1031 бос жұмыс ор­ны бар. Мағжан еліне көшіп келуді ниет еткен отбасылар­ды экономикалық әлеуеті жо­ғары 224 елді мекенге орналас­тыру жоспарланған. Еліміз бойынша алғашқы қанатқақты жоба қолға алынып, коттедж үлгісіндегі жаңа үйлер салына бастады. Баспананың жалға алу бағасы қолжетімді. Бірінші кезекте сұранысқа ие мамандар мен жас отбасыларға беріліп, кейін сатып алу құқығына ие болады. 2018-2019 жылдары 1 мыңнан астам адам тұрақты түрде қоныстанып, үй-жаймен, жұмыспен, жер учаскелерімен қамтамасыз етілген.

«Соңғы екі жылда Шал ақын ауданына 35 отбасы ат басын тіресе, 10 отбасын Сту­пинка ауылының тұрғын­дары құшақ жая қарсы алды. Үй де, жұмыс та тез табылды. Өзім жаз­да мал бағамын. Қыста мек­­тепте жұмыс істеймін. Әйе­­лім мұғалім. Төрт баламыз бар. Несиеге бірнеше сиыр сатып алып, шаруамыз­ды дөңгелетіп отырмыз», дей­­ді Болат есімді азамат. Мұн­­­дай мысалды көптеп кез­­­дес­тіруге болады. Өңір бас­­­­шысы Құмар Ақсақалов М.Жұ­­мабаев ауданына барған жұ­мыс сапарында осында кө­шіп келіп, ірі қара малын өсіру­мен айналысып отырған Бәти­мә Шар­манованың өнегелі ісін өз­гелерге үлгі етті. «Bere­ke» ЖШС-ның жетекшісі мем­ле­кеттік бағдарлама аясында Словакиядан 100 бас симменталь сиырларын әкелген. Ендігі ойы – сүт фермасын ашу. Құмар Іргебайұлы кәсіп­кер әйелге сүт өндірумен ғана шек­телмей, ірімшік әзірлейтін цех құруды ұсынды. Бір сөз­бен айтқанда, мемлекет тарапынан көшіп келушілерді ынталандырудың, әлеуметтік, тұрмыстық жағдай жасаудың мүмкіндіктері аз емес. Жұмыс беруші жұмысқа кем дегенде бес адамды қабылдаған жағ­дайда 450 айлық есептік көр­сеткіш мөлшерінде қосымша жәрдемақы бөлінетіні де құптарлық.

Десек те, халық тығыз орналасқан, саны көп күнгей­ден теріскейге қарай көш түзегендердің бәріне қолайлы жағдай жасалып жатыр деп айту асылық болар еді. Осыдан екі жылдай бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі өткізген алқалы жиынға қатысқанымызда жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының сол кездегі басшысының атына біраз сын айтылған. Сонда келтірілген деректерге сүйенсек, еңбекке жарамды 89 адамның 26-ы ғана жұмысқа орналастырылған. Ведомство өкілдері солтүстік жаққа қоныс аударғандардың 47 пайызы ғана екі қолға бір күрек табатынын мойындаған. Мамлют ауданына қарасты Краснознаменное елді мекенін аттай қалап алған оңтүс­тік­қазақстандық Айдынбек Қы­дырбаев не жұмыс, не бас­пана таппай, сенделіп көп жүр­гені сөз болған. Ауылдық әкім­дік­тегілер не жарығы, не газы жоқ бір бос үйді босатып берген екен. Амалсыздан далаға от жағып, тамақ пісіруге тура келген. Көпбалалы отбасыға 25-30 мың теңгенің жұмысын ұсынумен ғана шектелген. Қыстың көзі қырауда көмір, отын, тіпті күнделікті азық-түлік сатып алуға қаражат таппай, қатты қиналған.

Қызылжар ауданы Архан­гельск ауылында түтін түтетіп отырған Бақытжан Толыбаев от­басының жағдайы да осы­ған ұқсас. Шаңыраққа арна­йы келіп, мәселемен жіті та­­ныс­­қаннан кейін жергілікті тұр­ғындар тарапынан түскен ш­а­ғым­­ның растығына көз жет­­­кіздік. Бақытжан – Түркі­с­тан облысы, Отырар ауданы Шә­уіл­­дір ауылының тумасы. Ар­­найы білімі болмаса да, жас­тайынан еңбекпен шыны­ғып өскен. Мал бағудың, басқа кәсіп­тердің де қыр-сырына төселген.

– Өздеріңіз жақсы білесіз­дер, оңтүстікте табиғи туу көр­сеткіші жоғары. Жұмыс кү­ші жетіп артылады. Қазақстан – бәрі­міздің Отаны­мыз. Жер­лес­теріміздің Сол­түстік Қазақ­станның құнар­лы жерін мекендеп, мал шаруа­шылы­ғын, диқандықты кәсіп етке­нін естіп, бағымызды сынап көруді ұйғардық. Таныс-біліс­тердің жөн сілтеуімен алдымен Ғ.Мүсірепов ауданы Пес­ки ауылына тұрақтадық. Ана тілінде білім беретін мектептің жоқтығынан балаларымыз аудан орталығындағы қазақ мектебіндегі интернатта жатып оқыды. Интернат үйі суық болғандықтан, ауырып қалатынды шығарды. Өзім жұмыссызбын. Содан Петро­павл қаласында тұратын Назым деген танысыма хабар­ла­­сып едім, күрежолдың бо­йын­да орналасқан Чапаев ел­­ді м­екеніне (Қызылжар ауда­ны) көшіп келуге кеңес бер­­ді. Мұн­да үй бергенімен, қа­­­­­быр­­­­­­ғ­алары ылғалданып, сал­­­қын тарт­т­ы. Ұл-қыздары­мыз орыс мектебі ішіндегі бі­­рік­­­кен қазақ сыныбында оқы­­­ды. Мал ұс­тайын десең, жа­йы­­­лым жоқ. Ауызсуды қыс бойы мек­теп­тен тасып іштік. Со­дан жай­лы орын іздестіре келіп, осын­да қоныстануды ұй­­ғар­­дық. Ең бастысы, төрт тү­лік өсіруге мүмкіндік мол. Кез кел­ген жұмысты ат­қару­ға кү­­шім де, қабілетім де же­теді, ар­­лан­баймын, – дейді қыл­­шыл­даған қырық жасты еңсер­ген Бақытжан бауырымыз.

«Оңтүстіктен – Солтүс­тікке» бағдарламасы шең­берінде үш баспана былтыр ауыл­дың  шетінде бой көтеріпті. Орналасқан жері өте ың­ғайсыз: желдің өті, қара­суық үздіксіз соғып тұрады. Күздің жауын-шашынында, қыстың ақтүтек боранында оқушылардың алыстағы мектепке қатынауы қиын. Орталық көшелерде бос жат­қан жер телімдері бар екені қанша ескертілгенімен, тың­дар құлақ табылмады. Осы жерге тұрғызды. Әрқайсысын салуға 7 млн теңгенің қара­жаты жұмсалғанымен, сапасы сын көтермейді. Әрлі-берлі өткенде сыртынан жұтынып тұрғанына қарап «ә, бәрекелді» деп сүйсінуші едім. Атақты сазгер Шәмшінің ауылынан ат басын тіреген отбасыға құтты болсын айта келіп, қарадай түңілдім. Төрт қабырғаға қарап қалған 9 жанның күйкі тір­лігі жанымды қатты жабырқат­­ты, – деген ауыл ақсақалы Әлім Төлебаев орын алған олқы­лықты тізбелеп берді. Әлі күн­ге дейін электр жарығы тар­тыл­мағанын жарыса айтқан үйелменді-сүйелменді шиет­тей балалар көздері бозарып, теледидар көруге зар. Үйдің сырты қоршалмаған. Отын-суға арналған сарай, мал ұстайтын қора-қопсы салынбаған. «Қоянды көріп, қалжасынан түңіл» демекші, үйдің ішіне кіргенімізде небір келеңсіздікке тап болдық. Қа­бырғалар тілім-тілім болып жа­рылып кеткен. Былтыр іс­тен шыққан жылу батареясынан су тамшылап ағып тұр. Бөлмелер қазандық арқылы жылытылады. Пеш салудың мүлдем ойластырылмағаны таң­дандырады. 7 баланың анасы Мөлдірдің күйеуі сатып әкелген газ плитасына қа­рап қалған. Барлық ас-су осын­да дайындалады. Пештің жоқ­тығынан үй шаруасына епсекті, небір нан-тоқаш, бәліш­терді пісірудің хас шебері Мөлдірдің қолы жіпсіз бай­ланған. Оның айтуынша, ауылда көпбалалы отбасы­лар үшін пештің бірінші қажет­тілік екені ескерілмегені өкі­нішті. Тамақ пісірсең де, шай қайнатсаң да, балалардың киімін кептірсең де, даладан тоңып келгенде жылынсаң да – өте ыңғайлы әрі үнемді. Бәрінен де жанға жылылық сыйлайтын шуағын, қасиетін айтсаңшы. Қазір күн сайын бөлке-бөлке нан сатып алуға мәжбүр. Су алыстан тасымалданады. Электр есептегішті де өздерінің қаражатына орнатыпты. Иесіз тұрған екі ақшаңқан үйдің қабырғалары жарылып, еден тақтайлары қақ айырылып кеткен көрінеді.

Отбасының осында қоныс тепкеніне бір айдан асса да, бірде-бір шенеуніктің хал-жағ­дай сұрап, есік ашпауы, отағасы мен отанасының жұ­мыс­сыз жүргендеріне сал­ғырт, жүрдім-бардым қарау­лары нақты істен гөрі қағазбас­тылыққа бейім бюрократтық тоң мінезді көз алдымызға елес­­тетті. Қоштасар сәтте Мө­л­дір үй өздерінің атына әлі рәсім­делмегендіктен, кіші ба­ла­сына жәрдемақы ала алмай отыр­ғанын елеусіз айтып қалды.

Үйдің қабырғасына көзі­міз түсті. «Репейная 2 «а» деген жазу бадырайып тұр. Көше­нің аты екен. Бұл елді мекенде «Береговая», «Цент­ральная», «Школьная» секілді мәнсіз орысша атаулардан көз сүрінеді. «Береговая» тұ­йық көшесі бақандай төртеу болып шықты. Соған қараған­да аудан әкімі Жанат Сәдуа­қасов, Архангельск ауылдық округінің әкімі Ирина Ры­бакова туған жер үшін маңдай терін шүмектеп төккен Социа­листік Еңбек Ерлері Мол­дай Байтөсев пен Есләм Бә­у­кенов­тің осы ауылдан түлеп ұшқанын білмейтін сықыл­ды. Ауылдан ұзап шығып, арты­мызға қарадық. Үш ақшаңқан үй жұ­тынып тұр. Сыртқы кел­­беті сүй­сіндіреді. Ал іші «ай­да­ла­­да ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» кейпінен еш айнымайды

  

Солтүстік Қазақстан облысы