Соңғы жылдары саламатты өмір салтын ұстанған солтүстікқазақстандықтардың саны артуда. Ресми мәліметке қарағанда бұқаралық спортпен шұғылданатын жерлестеріміздің саны биыл 176 мыңға жеткен. Олардың қатарында зейнет жасына жетсе де, кәрілікке бой алдырмай жүрген қарттар да баршылық. Солардың бірі – Петропавл қаласының тұрғыны, марафоншы Қазыбек Бекеев.
Әдетте спортшылардың спорттық өмірі қысқа болатыны белгілі. Дегенмен, бұл қағиданы бұзып, адам организмінің мүмкіндігі орасан зор екенін ісімен дәлелдеп жүргендер де жоқ емес. Біз бұған дейін солтүстікқазақстандық гір көтерушілер – бірнеше дүркін әлем чемпионы, 10 рет әлемдік рекордты жаңартып, 58 жасында Гиннестің рекордтар кітабына енген Виктор Сайко және 63 жасында Ресейдің Архангельск қаласында бір мезгілде өткен әлем, Еуропа және Азия біріншіліктерінде жеңіске жетіп, бір өзі 12 медаль алып келген Ерік Нұрпейісов туралы жазған болатынбыз. Елімізге танымал марафоншы, спорт шебері, 43 жастағы желаяқ Әскер Қожанов та республикалық және халықаралық марафондар мен ультра марафондардан бір қалып көрген емес. Қазыбек ағаны да солардың қатарына жатқызуға болады.
Бүгінгі таңда 66 жасты еңсерген Қазыбек Кәкімұлы Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында туған. Алдымен ауыл мектебінде білім алып, артынан Петропавлдағы педагогикалық училищеде оқуын жалғастырған. Бірақ еңбек жолын мектепте емес, шаруашылықта бастап, Андреевка және Амангелді кеңшарларында бригадир болады.
«Мен ұлдарымды ұяға қондырып, қыздарымды қияға ұшырған бақытты жанмын. Ондаған немерем мен шөберем бар. Бала-шаға ержеткен соң денсаулығымды түзеу мақсатында спортпен айналысуға кірістім. Мақсатыма жету үшін облыс орталығындағы жеңіл атлетика үйірмесіне барып, жастармен қатар жаттыға бастадым. Аллаға шүкір, бірнеше жылдан кейін тәжірибелі марафоншылармен тең дәрежеде нәтиже көрсететін деңгейге жеттім. Ел аумағында ұйымдастырылған марафондарға қатысып, өзімнің жасымдағылар тобында бағымды сынай бастадым. Бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктеріме ризамын. Денсаулығым да нығайып, жыл сайынғы тұмау мен ангина сияқты аурулардан біржола құтылдым», дейді Қазыбек Кәкімұлы.
2014 жылы Ресейдің Омбы қаласында өткен 21 шақырымдық жартылай марафонда ол өзінің жасындағылар тобында екінші орынға ие болды. Бұл – жерлесіміздің ең үздік нәтижесі. Одан кейінгі сайыстарда да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Атап айтқанда, 5 мың адам қатысқан халықаралық «Astana Marathon – 2018» жарысында 42,2 шақырымда 60-69 жас аралығындағы спортшылардың ішінде жерлесімізге екінші орын бұйырды. Дәл сол жылы елордада биік ғимаратқа жүгіріп шығу бойынша қайырымдылық шарасы өткен болатын. Қатысушыларға 100 метр жүгіріп, «Highvill» тұрғын үй кешенінің 34-қабатын еңсеру қажет болды. Марафонға жалпы 326 өтініш түссе, соның тек 280-і мәреге жетті. Ерлер арасында ең егде қатысушы болған 64 жастағы біздің Қазыбек ағамыз бұл қашықтықты 4 минут 52 секундта еңсеріп, екінші орынға ие болды.
Бұдан кейін Қ.Бекеев мектеп бітіргеніне 50 жыл толуына орай Нұр-Сұлтан мен Петропавл қалаларының арасындағы 503,7 шақырымдық қашықтықты велосипедпен жүріп өту жоспарына кірісті. Осыған дейін тек жеңіл атлетикамен айналысып келген егде жастағы адамға бұл оңайға түспесі анық еді. Сондықтан екі айлық дайындыққа кірісті.
«Бұл жердегі мақсатым – әрі өзімді сынап, әрі қолдарынан смартфондары түспейтін оқушылар мен жастарға үлгі көрсету. Әрине ойымды жүзеге асыру қиын болатынын жақсы түсіндім. Себебі жеңіл атлетика бір басқа да, велоспорт бір басқа дүние. Елордада қонақтап жүргенімде велоспорттан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бүгіндері зейнеттік демалыста жүрген Виталий Ширяев деген азаматпен таныстым. Ол менің ойымды естіп, қолдайтынын білдірді. Мамыр айынан бастап жаттығуға кірістім. Отбасы мүшелерім қарсы болғанымен, алыс жолға шықтым. Сөйтіп мақсатымды жүзеге асырдым», дейді жерлесіміз.
Әңгіме барысында Қазыбек Бекеев алдағы уақытта жүзеге асыруға ниет танытып отырған жобаларымен де бөлісті. Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бері коронавирусқа байланысты барлық жарыстар мен бұқаралық шаралардың тоқтатылғаны белгілі. Алдағы мақсаты – шекара ашылған соң велосипедпен Қазақстанның бірқатар қаласын басып Еуропа елдерінің тас жолын бағындыру. Қазіргі уақытта жерлесіміз алыс жолға дайындық шараларына кірісіп, демеушілер іздеп жүр.
Қанат АТАМАНОВ,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы