Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіби даярлыққа іріктеу жариялады.
Тиісті ақпарат Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ресми интернет-ресурсында жарияланды. Кадрларды іріктеу мен даярлаудың жетілдірілген тәртібі биыл өзінің заңнамалық бекітілуіне ие болды.
Жаңа ережелерге сәйкес құқық қорғау органдарында (Ішкі істер министрлігін қоспағанда) жұмыс істегісі келетін барлық жас маман құқық қорғау органдары академиясында тереңдетілген практикаға бағытталған оқытудан өтетін болады. Іріктеу өткізу, оқудан өту тәртібі мен шарттары, үміткерлерге қойылатын талаптар туралы толық ақпаратты Академияның сайтынан алуға болады.