Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «Жолдағы қабылдау» республикалық акциясын ұзартуды тапсырды. Акцияның алғашқы екі күні ішінде 8,5 мың адам кеңес алды.
Тәжірибе көрсеткендей, жүгінген әрбір бесінші адам армениялық нөмірі бар автокөлік құралын тіркеу тәртібіне қызығушылық танытты. Оның ішінде 840-тан астам адам көлік құралдарын рәсімдеу бойынша кеңес алды. Қазір бұл ең өзекті мәселе болғандықтан, көптеген тілек білдірушілердің барлық сұрақтарына мүмкіндігінше жауап ала алатындай етіп, азаматтарға жағдай туғызып, акцияны жалғастыру туралы шешім қабылданды.
Әлеуметтік желілерде ішкі істер органдары бөліністерінің ресми аккаунттарында жарты мыңнан астам тікелей эфир өткізілді. Полиция қызметкерлері 3,7 мың сұраққа жауап берді. Сондай-ақ азаматтар «қауырт желі» телефондарына хабарласып, 450 кеңес алды.
Нәтижесінде «Жолдағы қабылдау» акциясының 2 күнінде Армения Республикасынан әкелінген 900-ден астам автокөлік тіркелген. Сонымен қатар тұрғындарды әкімшілік айыппұл төлеу, жүргізуші куәлігін беру және басқа да мәселелер қызықтырды.