• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Оқиға 01 Қыркүйек, 2020

Депутаттар көрсеткен демеу

353 рет
көрсетілді

Пандемия мен пневмония ешкімді де бейжай қалдырмады. Әсіресе әр деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары да қауіпті індетке шалдыққан жандардың жанынан табылып, өз көмегін ұсынуда. Олар алуан түрлі қайырымдылық акцияларына белсене қатысып, денсаулық сақтау мекемелеріне медициналық жабдықтарды алып берді.

Мәселен, облыстық мәс­ли­хаттың депутаты Әділ Жұбанов­тың демеушілігімен жергілікті атқарушы органдарға 2 млн 300 мың теңгенің 10 тепловизоры алынды. Сондай-ақ Исатай, Ма­хамбет аудандарындағы аз қамтылған, көпбалалы 90 отба­сына азық-түлік себетін алып берді. Ал Атырау қалалық мәс­лихатының депутаты Әлібек Семғалиев жеке иелігіндегі 62 орындық «Пекин» қонақүйін медицина қызметкерлеріне ұсынды. Сөйтіп, онда дәрігерлер мен ор­та буындағы қызметкерлер жұ­мыстан кейінгі демалысын өткізді.

Карантиндік шектеулер аз қамтылған, көпбалалы отбасылар үшін оңайға соқпады. Осыған байланысты облыстық мәслихаттың депутаттары Гүл­нар Садуахасова, Сабыржан Сұлтанов, Айбек Ғабдуллин, Серік Идранов бірнеше отбасына азық-түлік себетін алып беріп, игілікті іске өз үлестерін қосты. Тағы бір депутат М.Базарбай жер­гілікті кәсіпкерлерді ұйым­дастырып, демеушілер есебінен Құлсары қаласында күнделікті дезинфекциялық жұмыстар жүргізуді қолға алды. Ал Е.Са­паров өңірлік тұрақтандыру қо­рына әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерін жеткізуге де­меушілік жасады. Сөйтіп, ол 400 тоннаға жуық жоғары сұ­рыпты бидай ұнын жеткізіп берді.

Қауіпті індет өршіген сәтте ауруханаларда жасанды тыныстандыру аппараттары жетіспейтіні байқалды. Осындай қиын сәтте облыстық мәслихаттың бір топ депутаты қалтасынан қаржы шы­­ғарып, Түркиядан аталған аппараттың бірнешеуін алдыруға бастама көтерді. Облыстық мәс­лихат депутаттарының бұл ұсы­­нысына Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Сенат депутаты Ғұмар Дүй­сембаев қолдау білдірді. Осы­лайша, депутаттардың демеуімен 15 дана жасанды тыныстандыру аппараты сатып алынып, аудан­дық ауруханаларға шұғыл түрде жеткізілді. Тұрғындар теңізге құй­ған тамшыдай болса да, де­путат­тардың халықтың дерттен айығуына үлес қосқанына қуанышты.

Қауіпті індет дендеген кезде азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағаларының жөнсіз өсуі тұр­ғындардың ренішін туғыз­ғаны даусыз. Осыған орай об­лыстық, қалалық, аудандық мәс­лихат депутаттарынан құ­рыл­ған партиялық бақылау ко­мис­сия­сы азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмектің бағасына қатаң бақылау жүргізіп ке­леді. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту-2020» жол картасының облыс көлемінде жүзеге асуын, осы бағдарлама аясында жергілікті тұрғындардың жұ­мысқа орналасуын бақылауға алып отыр. Өңірде іске асырылатын ин­фрақұрылымдық жобалардағы ваканттық жұмыс орындары жұ­мыссыздарға ұсынылып, жұмыспен қамту шаралары қолға алынды.

Қауіпті індетті жеңудің бас­ты шарты – карантиндік ре­жімді қатаң ұстану. Мұның дұ­рыстығын әлемдік тәжірибе анық көрсетіп отыр. Алайда халық­тың әлі де отбасылық жи­­ындардан бас тартпайтыны байқалады. Сол себептен, атқа­­рушы органдармен бірлесе халықтық бақылау жүргізудің тиімділігі зор. Дегенмен әр аза­маттың саналылығы, жоғары жа­уапкершілігі, тіпті сауаты мен мәдениет деңгейі шешуші рөл атқаратыны сөзсіз.

Сонымен бірге емдеу шара­ларын ұйымдастыруда кем­ші­ліктер байқалып отыр. Об­лыстық мәслихатқа түскен хат­тар­ды сараласақ, жергілікті жерде арнайы стационарлар ашу, медицина мамандарымен, науқастарды дәрі-дәрмек, жасанды тыныстандыру, рентген құрылғыларымен қамтудағы кемшіліктер айтылған. Бұл – барлық ауданға тән мәселе. Өйткені өңірде маусымның со­ңында қауіпті індет күрт өсіп, медицина саласының дайын­дығы жеткіліксіз екенін көрсетті. Мұның бір себебін отан­дық ме­дицинада індетке қарсы жұ­мыс тәжірибесі болмауы­мен байланыстырған жөн шы­ғар. Осыған орай бұдан бұрын аса қауіпті жұқпалы және ка­ран­тиндік ауруларға қарсы ат­қа­рылған жұмыстар тәжірибесін қайта жандандыру қажет.

Жақынымызға жанашыр болу үшін індеттің кең таралу себебін жан-жақты зерделеп, кем­шіліктен қорытынды шы­ғару, денсаулық сақтау саласын эпи­демияға тыңғылықты дайындау – басты міндетіміз.

 

Өмірзақ ЗИНУЛЛИН,

Атырау облыстық мәслихатының хатшысы