• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қыркүйек, 2020

Жас маман ауылға жан бітіреді

653 рет
көрсетілді

Ақмола өңірінде "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасына орай шалғайдағы шағын ауылдарға барып жұмыс істегісі келетін жас мамандар көбейіп келеді. Оның бір себебі, былтырдан бері жас мамандардың міндетті жұмыс істеу мерзімі қысқарғаннан болуы да әбден мүмкін, деп жазады Egemen.kz.

Ел еңсесін көтеруге септігі тиетін білімді, жігерлі жастарға мемлекет тарапынан айта қаларлықтай қамқорлық жасалып жатқандығын атап айтсақ артықтығы болмас. Мәселен, осы жоба аясында ауылға бет алған 700-ден астам жас маманға 199,7 миллион теңге көлемінде көтермеақы бөлініпті. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 340 маманға баспана алуға 1,4 миллиард теңге көлемінде бюджеттік несие қарастырылған.

"Ауылдық жерге баратын мамандарға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтермеақы төленеді", - дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының маманы Әсел Сыздықова, - үй сала қалса 15 жылға несие беріледі. Шарапаты көп бұл жобаға денсаулық сақтау, спорт, білім беру, басқа да әлеуметтік салалар бойынша мамандар қатыса алады. Ең басты шарты – жас маман ауылдық жерде үш жыл жұмыс істеуі керек. Әзірге Целиноград, Зеренді аудандарына тілек білдірушілер көп.

Жұмыс істеу мерзімі бес жылдан үш жылға қысқарды. Осы жобамен барып Зеренді аудандық ауруханасында лаборант болып жұмыс істеп жатқан жас маман Мария Манапованың айтуына қарағанда, мерзімнің қысқаруы жастардың ықыласын одан сайын өсіріп отыр.

Ауылға шаруашылық саласында жұмыс істейтін жас мамандар өте қажет. Көптеген жұмыс орындары да бос тұр. Ендеше, ел еңсесін жастардың көтергені көңілге қуаныш ұялатады.  

 

Ақмола облысы