Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен Білім күніне орай еліміздің барлық оқу орындарында бірыңғай онлайн режімде жалпыреспубликалық «Адалдық сағаты» өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және адалдық, әділдік, парасаттылық және сенім сынды маңызды адамгершілік құндылықтарды сіңіру.
Онлайн-дәріс Тұран даласының ұлы ойшылы Қожа Ахмет Ясауидың адалдық қағидаларын түсіндіруге арналған. Түркі әлемінің дамуындағы Ясауи рөлі сөзсіз өзекті, оның мұрасы түркі мемлекеттері арасындағы достық қарым-қатынастардың қалыптасуында үлкен рөл атқарды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қожа Ахмет Ясауи Орталық Азиядағы оның ішінде Қазақстанда да, барлық түркі халықтарының ұлттық рухани ілім жүйесін өрнектеп берді», деп атап өткен.
Бейнедәрістерде оқушылар мен студенттер «ақыл кітабы» – «Диуани-Хикметте» жинақталған адалдық, әділдік, парасаттылық, қарапайымдылық пен мейірімділік сияқты адами құндылықтарға шақыратын ұлы ойшылдың сөздерімен танысады.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен бейнесабақ республикалық және өңірлік телеарналар эфирінде көрсетіліп, сондай-ақ агенттіктің Youtube-арнасында және әлеуметтік желілерде орналастырылды.