«Серпінді Сырдария» атанған Қызылорда облысындағы дария аттас ауданда бас-басына атап айтарлықтай ауқымды істер жетерлік. Әр ауылы өзінің айрықша үлгілі істерімен ерекшеленіп, аудан атын асқақтатып келеді. Соның бірі – Шаған ауылы.
Бес мыңнан астам тұрғыны бар іргелі мекенде бой көтеріп келе жатқан зәулім ғимараттар ауылдың ажарын айшықтайды. Әлеуметтік те, экономикалық та әлеуеті жақсарып келе жатқан елді мекен жыл сайын қанат жайып, ұлғайып келеді. Оған себеп – урбанизация динамикасының бұл ауылға жат екендігі. Жұмысы бар жастар ауылда қалып, қара шаңырақтың қасынан өз алдарына отау көтеруде. Өзен үстіне салынған алып көпір арқылы аудан орталығына барып қызмет істеп, кешке шаңырағында шалқып отыратындар да осы жастар. Бұл өз кезегінде демографияның дамуына, ауылдың өркендеуіне оң әсерін тигізеді. Көшелер көсіле түсіп, оларға белгілі тұлғалардың есімі беріледі. Әрине күллі қазаққа танымал ұлыларды айтпаса да білгенімізбен, еңбегімен елге танылып ауылдың бүгінін жасаған ерлерімізді біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Сондықтан ауыл әкімдігі көпке үлгі боларлық оң шешім тапқан. Үйлердің қас бетіне ілінетін көше атауларына арнайы OR код орналастырды. Енді осы ауылға қадірлі қонақ болып келсеңіз, көшеге есімі берілген тұлғаның кім екенін ұялы телефоныңызға штрих кодты сканерлеу арқылы біле аласыз. Әрі ешкімнен сұрамай-ақ ауыл туралы мәліметке қанығасыз.
Аядай ауылдың осы игі ісі күллі елге үлгі болса, ұтарымыз көп.
Тілеген БЕКАРЫСТАНОВ,
Шаған ауылының тұрғыны
Қызылорда облысы,
Сырдария ауданы