Халыққа қалтқысыз қызмет етіп отырған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қашанда шаруасы шаш етектен. Бұл мекеме мемлекеттің бүкіл құжаттарын реттеп, рәсімдеп қана қоймай, талай жастардың махаббатының куәсі болып, қазақстандық жас отбасылар қатарын көбейтуге өз үлесін қосып келеді.
Оған дәлел, жыл сайын Алматы филиалының өзінде 25-30 отбасы құрылып жатады. Биыл да махаббаттың құдірет күшімен жұп болып, отау тігіп жатқандар бар.
«Алматы қаласы филиалының өзінде, оның барлық аудандарындағы фронт-офистер мен бэк-офистерінде, мамандандырылған ХҚО-ларында 2 мыңға жуық маман жұмыс істейді. Оның 70 пайызы жастар. Жоғары оқу орындары мен колледждерден мамандық алған жастар, еңбек жолын ХҚО-ларда бастап жатады. Әрине, отбасылық өмірлері де осы жерден басталатындар аз емес. Осы күнге дейін филиал 100-ге жуық отбасының тұсауын кесті», дейді филиал директоры Данияр Қырықбаев.
Бақытын «Азаматтарға арналған үкіметтен» тапқан сондай жұптардың бірі – Ғүнари Матсуба мен Ләззат Башкеева. Олардың ХҚО-да жұмыс істегендеріне 10 жылға жуықтаған. Осы жылдар ішінде бір-біріне деген махаббаты мен сенімі нықталған жастар шаңырақ көтеріп, отау құрды.
АЛМАТЫ