• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қыркүйек, 2020

Астықты алқаптардағы еңбек дүбірі

584 рет
көрсетілді

Жарқайың ауданының диқандары көктемде 512 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірген болатын. Жаз тым ыстық, құрғашқылық болды. Күздің басында қара жауынның соңы бұршаққа ұласты. Осындай табиғат тақсыреті тиген егіннің 89 мың гектары орташа деңгейде, деп хабарлайды Egemen.kz

Мамандардың есептеуіне қарағанда, 17 мың гектар егістік алқаптары зиян шеккен. Әйтсе де, қалған жерден толымды өнім алсақ деген үміт бар.

–Гектар берекесі 10 центнерден айналады деп болжап отырмыз,–дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мұрат Берлібеков,–бидайдың ылғалдылығы 20 процент шамасында. Осы аптада ауа райы біршама тұрақты болды. Ылғалдылық та 13 процентке дейін түсті.

Бір айта кетерлігі, Жарқайың ауданының алқаптарындағы астықтың қамырлылығы жоғары. Сол себепті өзге өңірлерге қарағанда, бидайы қымбат болады. Еңбектің есесі қайтатын жер де осы. 

Бүгінгі таңда 885 астық комбайны ауа райының әрбір ашық сәтін пайдаланып, тынымсыз еңбек етуде. Күзгі дала жұмыстарына 9750 тонна кепілдендірілген жанар-жағар май бөлінген. Ауданда сыйымдылығы 428 мың тонна болатын 7 ірі астық қабылдау орны бар. Бастырылған дән үздіксіз жеткізілуде. Күн райы дұрыс болса, Жарқайыңның жансебіл диқандары күзгі егін орағын екі аптада еңсереміз деп отыр.

Ақмола облысы,

Жарқайың ауданы