• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Қыркүйек, 2020

Ұлыбританияда Қазақстанның Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске қосқан үлесі талқыланды

1811 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 75 жылдығын мерекелеу аясында "Екінші дүниежүзілік соғыстағы Қазақстан: әлем тарихының аз зерттелген тарауы" атты вебинар өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Лондондағы Елшілігі Ұлыбританияның Ұлттық армия мұражайымен бірлесіп ұйымдастырды, - деп хабарлайды Egemen.kz Елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вебинарда Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов және Ұлттық армия мұражайының директоры Джастин Мачевски мұражай ғимаратында отырып сөз сөйледі. Ал америкалық тарихшы Роберто Кармак пен британиялық Корольдік біріккен қорғаныс зерттеулері институтының (RUSI) аға ғылыми қызметкері Раффаэлло Пантуччи басқосуға онлайн-форматта қатысты.

Дж.Мачевски өзінің құттықтау сөзінде қазақстандықтардың Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске қосқан зор үлесін атап өтті.

"Көпшілігі бұл туралы біле бермейді, бірақ Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Гитлерге қарсы коалиция құрған одақтас мемлекеттердің бірі – Ұлыбританиядан да көп адам шығын етті. Өнеркәсіп, тыл, ауылшаруашылығы және алғы шепке солдат жіберу бойынша Қазақстан алда болды. Осы жұмылдыруды және оның қазақ қоғамына әсерінің тереңдігін Британия империясының Үндістанда ұйымдастырған әрекетімен салыстыратын болсақ Қазақстан асып түседі", – деді ол.

Қазақстан Елшісі Е.Ыдырысов Қазақстан халқының Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерен еңбегін сипаттай отырып, соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі жылдары болған қазақстандық құрбандар туралы айтып берді.

"Қазақстаннан бір жарым миллион адам майданға жіберілді – әрбір төртінші қазақстандық қорғаныс пен майдан операцияларына қатысты, олардың жартысына жуығы үйіне оралмады. Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретін шекпеген бірде-бір отбасы жоқ", – деді ол.

Тәуелсіз тарихшы және жақында жарық көрген "Екінші дүниежүзілік соғыстағы Қазақстан: Кеңес империясындағы жұмылдыру және этникалық ерекшелік" кітабының авторы Р.Кармак әлем тарихшыларының Қазақстан мен басқа да кеңестік республикалардың фашизмді жеңуге қосқан үлесі туралы аз білетіндігіне назар аударды.

Ол соғыс әкелген қайғы-қасірет 2 миллионға дейін қазақтардың өліміне себепші болған 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтан, сталиндік қуғын-сүргіннен және мәжбүрлі ұжымдастырудан кейін келгендігін және ғасырлар бойғы дәстүрлі көшпелі өмір салтын бұзуға итермелегенін атап өтті.

Сонымен қатар, Р.Кармак бұл соғыстың тарихи тұрғыда қалыптасқан қауымдастық, патриотизм және ата-бабалар мекені үшін жанқиярлық танытатын Қазақстан халқын біріктіргенін атап өтті.

Қазақстандық сарбаздар Сталинград, Мәскеу, Курск түбіндегі маңызды және басты шайқастарға қатысты, сондай-ақ Еуропаны азат етуге және Берлин үшін шайқаста баға жетпес үлес қосты.

Қазақстан өзінің ұлдары мен қыздарын Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданда соғысуға жіберіп қана қоймай, нацистік армияға қарсы тұру үшін ортақ күш-жігерді қолдау мақсатында азық-түлік пен оқ-дәрілерді жеткізді.

Вебинарға қатысушылар бір ауыздан бұл келер ұрпаққа сабақ болуы керек, адамзат тарихындағы қайғы мен қасіретке толы сұрапыл соғыстың батырлары ұмытылмауы тиіс деген ортақ пікірге келді.

Іс-шара аясында ҚР-ның Ұлыбританиядағы Елшілігі мен "Qazaqstan" ұлттық телеарнасы дайындаған Қазақстанның Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске қосқан үлесі туралы дайындалған деректі фильм таныстырылды. Фильм мына сілтеме бойынша қолжетімді.

Спикерлердің сөзінен кейін ақпараттық сессия өтіп, қазақстандықтардың Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерен еңбегі және ата-бабамыздың ұлы жеңіске қосқан үлесіне бүгінгі ұрпақтың беріп отырған бағасы туралы әңгімеледі.

Онлайн-шараға Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ, Сингапур, Германия, Франция, Жапония және басқа да мемлекеттерден 300-ден астам адам қатысты.