Тіршілігі табиғатпен біте қайнасқан қазақ халқы ықылым заманнан бері жұлдыздарға, аң-құстардың әрекетіне зер салып, күні бұрын ауа райын болжап, біліп отырған. Ал қабырғаға қағылған самырсынның бұтағына қарап болжағандарды көріп пе едіңіз?
Естімеген елде көп. Бұл тәсілді Катонқарағай ауданы, Қайыңды ауылының тұрғыны Арман Шаяхметов қолданып отыр. Ол үйінің сыртқы қабырғасына көлденеңдей қағылған самырсынның жіңішке бұтағына жан-тәнімен сенеді. Сенбегенде, бір рет те алдап көрмеген екен.
Сонда қалай болжайды дейсіз ғой. Кәдімгі қурап қалған ағаш белгілеп қойған мөлшерден көтеріңкі тұрса, күн ашық болады, ал аспанды ала бұлт торлап, күн жауа қоймайтындай болса, әлгі ағаш ортаға қарай түседі екен. Иіліп төмен түссе, екі күннен кейін жаңбыр құятын көрінеді.
Кей-кейде көктен жаңбыр тілеген ауылдықтар «келін сәлем салып тұр ма?» деп әзілдеп те қояды.
Күн райын бұлай болжауды Арман Шаяхметов баяғы заманда осы ауылдағы көнекөз орманшының үйінен көріпті. Ал өз үйінің қабырғасына кейін ғана орнатқан. Алғашында кездейсоқтық шығар деп екі жақтағы қабырғаға екі шыбық қағып тастапты. Бір қызығы, екеуі бір уақытта бірдей көтеріліп, бірдей түседі. Мұны көрген көрші ауылдың орманшылары да осы әдіспен ауа райын болжап жүр қазір.
Бірақ қураған самырсында табиғаттың қандай тылсым сыры бар екені беймәлім.
Шығыс Қазақстан облысы