• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Қыркүйек, 2020

Қаскөйлік қашанға дейін жалғасады?

500 рет
көрсетілді

Ұлға мирас, ұрпаққа аманат болған ата дәстүрдің аяулысы – аңшылық өнер еді. Оған да опасыздық жасалып жатыр. «Құндыздың терісі – өзіне жау» демекші, мүйізі үшін киікті, терісі үшін түлкіні, уылдырығы үшін балықты қырып әлекпіз. Обал мен қиянат, аяныш пен сауап түсінігін жеке бастың қамы, ашкөздік ұғымдары алмастырған заман орнады. Жануарлар әлеміне жасалып жатқан бүгінгі сорақылықтың орнын кейін қайтып толтырмақпыз сонда? Мәселен, биыл алғашқы жартыжылдықтың өзінде браконьерлер Табиғат-Анаға 1,6 млрд теңге көлемінде залал келтіріп үлгерді.

Өткенде Алматы облысының Алакөл ауданына қарасты Қабанбай ауылында 15-16 жастағы екі жасөс­пірім итті тірідей өртеп, әлеуметтік желі қолданушыларының жанын түршіктірсе, Атырау облысының Еркінқала ауылындағы жасы отыз­дан асқан азаматтың итті есік­ке қысып қойып, үстіне бар салма­ғымен секірген бейнетаспасы тара­ды. Бұл не, психологиялық ауытқу ма, жоқ әлде ХХІ ғасырдағы азғын­дықтың айнасы ма? Көрген адамның көзі, естіген жанның жүрегі шыдамайтын барып тұрған бассыздық, айтуға ұят айуандық бұл! Ата-баба­сы табиғатпен тел өскен ұлт­тың ұрпағы осындай болмауы керек еді ғой?! Жаға ұстатарлық қа­ны­пезерлік қанымызда қайдан пай­да болды? Оны білмейміз. Бір біле­тініміз, келе-келе мұндай озбырлар браконьерлік әрекетке барудан да тартынбайды.

Браконьерлік демекші, бүгінде мал бауыздар алдында «сенде жа­зық жоқ, менде азық жоқ», деп бет си­пайтын ауыл ақсақалдары да аза­йып барады. Ондай көнекөздер түз тағысына қару ала жүгір­ме­ген. Төлдетіп отырған төрт түлігіне жауыз­­дық жасаған да емес. «Киесі ата­ды, қарғысы ұрпағыма жабыса­ды» деп, аңшылықтан басын аулақ салған қарияларды да көр­дік. Өкі­ніштісі сол, ондай ақсақал­дар­дың айтқанын тыңдап, тілін алып жатқандар жоқтың қасы. Соның кесірінен жазығы жоқ жануарды азығы жоқтықтан емес, керісінше, көйлегі көк, қарны тоқтықтан аулайтындар көбейді. Ермек үшін елден жасырынып, төгуге тұрарлық қан, атуға тұрарлық аң іздеп жүр­ген­дер туралы мәліметті күнде ес­ти­­тін болдық. Ол – ол ма, олжасына мақтанып, жайрап жатқан жануар­лардың жанында суретке түсе­тіндерді қайтерсің...

Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі келтірген мәлі­метке сенсек, биылғы алғашқы жар­ты­жылдықтың өзінде браконьерлерден ақбөкеннің 1571 мүйізі мен 513 тұтас еті тәркіленіпті. 513 киіктің көз жасына қалдық деген сөз! Өткен жылы осы мерзімде елімізде 25 браконьерлік әрекет тіркеліп, акбөкеннің 530 мүйізі мен 650 тұтас еті тәркіленген болатын. Яғни былтырмен салыстырғанда биыл мұндай оқиғалардың саны айтарлықтай өскені байқалады. Солай бола тұра, құрықталғандардың санына қарап, мемлекеттік органдардың қылмыстық топтардың жолын кесудегі арта түскен жұмыс үйле­сім­ділігі мен өзара іс-қимыл жеделдігін де алға тартуға болады.

Жалпы, алғашқы жарты­жыл­дықта мемлекеттік инспекторлар табиғатты қорғау заңна­масын бұзудың 3748 оқиғасын анық­тады. Үш мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке, 12 браконьер қылмыстық жауапкер­шілік­ке тартылды. Жаза басып, жазаланғандарға салынған айып­пұлдың жалпы сомасы 44 млн теңгеге жетіп, залал көлемі 1,6 млрд теңгені құрап отыр. Былтыр осы кезеңде 4 197 оқиға тіркеліп, әкім­шілік жауапкершілікке 3 335 адам, қылмыстық жауапкершілікке 19 адам тартылған болатын. Ал сол кездегі салынған айыппұлдың жалпы сомасы 45,6 млн теңгені құрап, залал көлемі 870 616,2 мың теңгеге жеткен еді.

Табиғатқа келтірген зияны былай тұрсын, кей браконьерлердің қандықол қарақшыға айналып, адам қанын арқалағаны айрықша алаңдатады. Елді есеңгіреткен он­дай қайғылы оқиғалар өткен жыл­дың өзінде екі мәрте тіркелді. Был­тыр жыл басында Қарағанды облы­сының Нұра ауданындағы Теңіз көлінің оңтүстік-батысында «Охотзоопром» өндірістік бірлес­ті­гінің екі инспекторы киік атқан­дарды құрықтаймын деп жүріп қас­көйлердің қатты соққысына жығылған еді. Сол соққылардың салдарынан қорықшы Ерлан Нұрғалиев өмірден озып, оның әріптесі Петр Ницык ауыр жарақаттанған болатын.

Осы оқиғадан кейін жарты жыл өтер-өтпесте «Охотзоопром»-ның тағы екі инспекторы браконьерлерден зәбір көрді. Олар Ақмола облысына қарасты Жарқайың ауданында киік атып жүргендердің ізіне түскен. Жауапқа тартылғысы келмегендер қорықшыларға қарсы оқ атып, инспектор Қаныш Нұртазинов қаза тапқан еді. Сол күні қасындағы әріптесі Самат Оспанов та жараланды.

Әрине, екі аяқты айуаннан төрт аяқты хайуанды қорғаймын деп жүріп жапа шеккен ерлерді ел есінен шығармайды. Ақындар жыр арнап, суретшілер үй қабырғаларына алып мурал кескіндеді. Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың Жарлы­ғымен қызметтік борышын атқару кезінде ерен ерлік пен қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсеткен Е.Нұрғалиев (қайтыс болғаннан кейін) пен П.Ницык ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ер­лігі мен жанқиярлығы үшін мар­құм Қ.Нұртазиновты І дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттаса, С.Оспановтың өңіріне ІІ дәрежелі «Айбын» ордені тағылды.

Осымен тоқтауға болатын ба еді? Жоқ! Қаскөйлерді жазалау өз алдына, қорықшылардың өлімінен сабақ алып, заңнамаға түзету енгізер кез келгені айқын білінді. Осылайша бұл қайғылы оқиғалар еліміздегі браконьерлік мәселесін шешуге қомақты қозғау салды. «Қорықшы-инспекторлар Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспанов мемлекетіміздің табиғи байлығын қорғау жолында ержүректілік көрсетті. Олардың ерлігін мақтан тұтамыз. Қ.Нұртазиновтің отбасына көмек көрсетіледі. Оның есімі мәңгі жадымызда сақталады. Иманды болсын! Қорықшы-инспек­торлардың құқықтарын қорғау және браконьерлікке қарсы жазаны күшейту мақсатында заңнаманы қайта қарау қажет», деді Қ.Тоқаев.

Осы бір опасыз әрекеттерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі өткір сынға алып келеді. Тіпті, ел Президентінің браконьерлікке қарсы жазаны күшейту туралы пікірі өткен жылы жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауында да көрініс тапты. «Соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар ұйымдасқан қылмыстың тағы бір түрі – браконьерлік проб­лемасының бетпердесін ашты. Бүгінде браконьерлер сақадай-сай жабдықталып, қаруланған және өздерінің жазалана қоймайтынына сенімді. Биылдың өзінде жануарлар әлемін қорғап жүрген екі инспектор браконьерлердің қолынан қаза тапты. Жақында Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлінде браконьерлердің қылмыстық тобы ұсталды. Бұл тек бір ғана мысал, алайда браконьерліктің тамыры тереңге жайылған, соның ішінде бұл құқық қорғау органдарының салғырттығынан болып отыр. Браконьерлер ұлттық байлығымыз – табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтіруде», деген Қ.Тоқаев Үкіметке екі ай ішін­де тиісті заңнаманы қатайту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

Ол жұмыстар да Үкімет назарынан тыс қалған жоқ. Заң күшейді. Бұдан былай заңсыз аң аулаған адам 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болса, бір емес, бір­неше рет браконьерлік әрекетке барға тұлғаның бас бостандығынан айырылу мерзімі 4 жылға дейін ұзартылды. Ал жануарлар дүниесін қорғап жүрген мемлекеттік инспек­торларға қатысты зорлық-зомбылық көрсетілген жағдайда құқық бұзушы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

P.S. Осы күні марқұм Ерлан Нұрғалиевтің құралайды көтеріп тұрған суреті көз алдымызға жиі келетін болып жүр. Жай сурет емес, қасиет пен қасіреттің, өкіну мен опынудың суреті, жан-жануарлар әлеміне деген кіршіксіз махаббаттың символы еді осы қас-қағым сәт. Бәлкім, қару-жарақ сататын әр дүкеннің маңдайшасына осы портретті іліп қою керек шығар. Сонда көзі жәудіреген құралайға да, оны аялап жүрген жүздеген қорықшыға аяныш сезімі ұялап, оқ атылмайтын ба еді...