Жолдаудағы әрбір тың бастама жүзеге асырылуымен де құнды. Түркістан облысы аграрлық саласы жақсы дамыған өңірлердің бірі болғандықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке бизнеспен бірлесіп, алдағы 5 жылға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа сапалы ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырғаны бөлектеу әсер еткенін жасырмаймыз. Ұлттық жобада шаруаларға тиімді мәселелер қамтылады деген үміт мол.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқаны мәлім. Соның бірі – субсидиялау, бірақ ол көмектің кешіктірілмей берілгені шаруалар үшін маңызды болып отыр. Субсидия ай сайын берілсе, тиімділігі де артады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындарға қаржылай көмек көрсетілсе. Бір ғана мысал, Ордабасы ауданында Президенттің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Егістіктен сөреге дейін» жобасы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Жоба аясында «Бөрте Милка» ЖШС жеке 4 шаруашылықпен біріге СПК құрып, Жеңіс ауылына сүт жинайтын контейнер орнатқан болатын. Еліміздегі ең ірі сүт фермасы бар компанияның бірі саналатын «Бөрте Милка» өз зауытында күніне небәрі 10 тонна сүт өндіреді екен. Жалпы кәсіпорын тәулігіне 50 тонна өнімді терең өңдеуге қауқарлы. Бұл орайда айналымға қажет қаржының болмауы өз әсерін тигізуде. Сүтті жинауға қаржы жеткілікті болса, 20-25 тонна өнімді терең өңдеуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ өнім түрлерін де 2-3 есе көбейтуге, қосымша жұмыс орындарын ашуға болар еді. Яғни Жолдауда айтылғандай нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз етуге, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік жасалады. Биыл әлемді әбігерге салған пандемия біздің өңірде өнім өткізу, экспорттау мәселесіне кері әсерін тигізді. Қайта өңдеу кәсіпорындарына қолдау көрсетілсе, шаруалар өнімдерін өткізу мәселесіне бас ауыртпас еді. Яғни дайындау, қабылдау пункттері бүгінде қаржылай қолдауға мұқтаж.
Президентке тікелей қарасты Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттік құру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы да кәсіпкерлер тарапынан қолдау табары сөзсіз. Сондай-ақ жаңадан құрылуы тиіс стратегиялық жоспарлау агенттігі жоспарлауды төменнен бастаса деген ұсынысымыз да жоқ емес. Жолдауда мемлекеттік бақылауға балама қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыру қажеттігі айтылды. Қоғамдық бақылау туралы заңды әзірлеп, қабылдауға тапсырма берілуі де, мемлекеттен бөлінген қомақты қаржылардың нақты адреске жететініне күмәндана қарайтын шаруаларды қуантып отыр.
Шәріпбек ЖАМАЛБЕКҰЛЫ,
«Түркістан облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің президенті