Қостанай облысының полиция департаментінде қызметкерлерге психологиялық тренингтер өткізетін арнайы кабинет ашылды. Облыстық ПД бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаевтың айтуынша, тренинг орталығы барлық қажетті құралдармен жабдықталған және заманауи стандарттарға сәйкес келеді, - деп хабарлайды Egemen.kz.
"Біздің психологтар әр қызметкермен жеке жұмыс істейді, олардың күнделікті мәселелерін шешуге көмектеседі. Бүгінгі таңда психологиялық дайындық – кадр саясатын жетілдіру мәселесіндегі басым міндеттердің бірі", - деді А. Ынтықбаев.
Кәсіби мамандардың айтуынша, психологиялық тренингтер полиция қызметкерлерінің азаматтармен, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимыл барысында қажетті дағдыларды ойын түрінде үйретуге және меңгеруге, сондай-ақ ұжым ішіндегі қарым-қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді.
"Мұнда полиция қызметкерлері арасында коммуникативтік дағдыларды дамыту, қызметкерлерді тосын және төтенше жағдайларға дайындау үшін топтық психокоррекциялық іс-шаралар өткізіледі", - дейді аға инспектор-психолог Динара Қыстыбаева.
Тренингке алғашқылардың бірі болып полиция департаменті ғимаратын күзету жөніндегі взвод қызметкерлері қатысты. "Маған тапсырма ұнады, онда өз тобыма берілген сөзді синоним сөздермен түсіндіру керек болды. Мұндай жаттығулар адамның сөздік қорын толықтыруға көмектеседі", - дейді полиция аға сержанты Асқар Қойшин.
Қостанай облысы