Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының алғашқы матчында Литва құрамасынан 2:0 есебімен басым түсті. Голдардың авторлары – Бахтиер Зайнутдинов пен Исламбек Қуат.
Теледидардан болған ойынды суреттеп қайтеміз, көпшілігіңіз тікелей эфирден көріп алдыңыздар деп ойлаймын. Сондықтан бұл жолы тек түртіп алғанымызды және ойын статистикасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Бұрын құраманы «Астана» футболшыларынсыз елестету мүмкін емес еді. Тіпті, қайбір жылдары негізгі құрамға 7-8 ойыншы елордалық ұжымнан шығатын еді. Бүгін Перцухтан басқа астаналықтарды көргеніміз жоқ. Нәтижесінде бір жыл тағатсыздана күткен жеңісімізге қол жеткіздік.
– Бұл кездесудің үздік ойыншысы Бауыржан Исламхан деп танылды. Маған салса, үздіктер қатарына сол қапталдағы қорғаушы Нұрәлі Әліпті қосар едім. 20 жасар ақтаулық аяқдоп шебері кәдімгідей алаңда сенімді ойнады. Арасында шабуылға араласып, бір-екі футболшыны да алдап өтіп жүрді. Өз міндетін абыроймен атқарып, Литва құрамасының шабуылшыларын тырп еткізбеді.
– Нұралі Әліптен бөлек, бізге жиен болып келетін (шешесі қазақ) Марат Быстров, Ян Вороговский, Гафуржан Сүйімбаевтың ойындарына жоғары баға беруге болады.
– Бірінші таймда гол соғып алғанымыз қандай жақсы болды. Әйтпесе, литвалықтар ойынның 46-70 минуттарында гол болады-ау деген алты бірдей қауіпті соққы жасады. Бірде қақпадан сәл ғана қиыс кетсе, бірде қорғаушылар өз міндеттерін абыроймен атқара білді. Үш рет «Қайрат» қақпашысы Стас Покатилов «сейв» жасады.
– 82 минутта ойынға араласқан Исламбек Қуат араға 3 минут салып есепті еселеді. Гол соққанға дейін Қуат бір ғана соққы жасаған еді. Екінші соққысы голға айналып, қақпаның «тоғыздығынан» кірді.
– Құрамында қаншама мықтылар жиналғанымен, бапкердің құрған тактикасы «шикі» болса, онда жеңісті ұмыта беруге болады. Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы екінші таймда екі ойыншыны дер кезінде, дәл уақытында алмастырды. Абат Айымбетов бірнеше шабуыл жасап, қорғаушылар мен қақпашыны әбігерге түсірсе, Исламбек Қуат екінші голдың авторы атанды.
– Қазақстан құрамасы 3-4-3 жүйесі бойынша алаңға шықты. Шабуыл өтінде жүрген Зайнутдинов пен Исламхан өз клубтарында жартылай қорғаушы, Сүйімбаев жартылай қорғаушы не қорғаушы қызметін атқарады.
– Литва құрамасы соңғы 10 ойында 1 рет жеңіске жетіп, 2 рет тең түскен. Доп айырмашылығы – 5:25. Олар соңғы рет (19.11.2019 ж.) Жаңа Зеландия құрамасын (жолдастық кездесу) 1:0 есебімен жеңген.
– Қазақстан ұлттық құрамасы соңғы 10 ойында 3 рет жеңіске жетіп, 1 рет тең түскен. Доп айырмашылығы – 12:17. Жерлестеріміз соңғы рет (16.11.2019 ж.) Еуро-2020 іріктеу аясында өткен матчта түзде Сан-Марино футболшыларынан 3:1 есебімен басым түсті.
– Екі құрама өзара бір рет кездесіп (жолдастық кездесу), 1:1 есебімен тең тарқасқан.
– Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасы С себетінің 4-тобында мына командалармен өзара мықтыны анықтайды: Беларусь, Албания және Литва. Осы жеңісінен кейін Қазақстан құрамасы Албания командасымен 1-2-орынды бөлісіп тұр. Албандықтар да тура біз секілді түзде Беларусь командасынан 2:0 есебімен басым түсті.
– ФИФА рейтингісінде Қазақстан ұлттық құрамасы – 121, Литва құрамасы – 132-орында.
Ойын статистикасы:
Литва – Қазақстан – 0:2 (0:1)
Гол соққандар: Зайнутдинов, 5 – 0:1; Қуат, 85 – 0:2.
Допты иелік ету – 54% – 46%; соққы – 16:10; дәл соққы– 3:5; бұрыштама – 3:2; офсайд – 1:2; ойыншы алмастыру – 3:3; сары қағаз – 4:2.
Ескерту (сары қағаз): Палионис, 22 Миколюнас, 33, Сиргедас, 45+1, Баравикас, 82 – Малый, 42, Әбікен, 69.
ЛИТВА:
қақпашы – Барткус;
қорғаушылар – Миколюнас, Палионис, Гирдвайнис, Баравикас (Вербицкас 82), Шимкус;
жартылай қорғаушылар – Казлаускас, Сиргедас (Дапкус 89), Воробьёвас, Ласицкас;
шабуылшы – Черных (Лаукжямис 46).
Бас жаттықтырушы: В.Урбонас.
ҚАЗАҚСТАН:
қақпашы – Покатилов;
қорғаушылар – Марочкин, Малый, Әліп;
жартылай қорғаушылар – Быстров, Әбікен, Перцух (Қуат 82), Вороговский;
шабуылшылар – Зайнутдинов (Федин 30), Исламхан (Айымбетов 70), Сүйімбаев.
Бас жаттықтырушы: М.Билек.