• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 07 Қыркүйек, 2020

Сағы сынбаған Саша

161 рет
көрсетілді

Бала кезінде қиялшыл еді. Ұшқыш болсам дейтін. Қазбауыр бұлттардың арасында қалықтай ұшып, көкмұнарлы таулар мен көкорайлы орман-тоғайды, моншақтай мөлдіреген көлдерді көргісі келген. Мейірімі мол адамдар мекендеген өңірлердің сымбатына сүйсініп, шолып шықса шіркін...

Адамның ойлағаны бола бермейтін тәрізді. Кіндік қаны тамған Подгорный ауылының жанында биік шоқы бар. Шоқы үстіне шықсаңыз, Жақсының жалпақ даласы алақанға салған­дай көрінеді. Әсіресе сарыала күзде көрген жақсы. Сан түске боянып, сары сағым ойнап тұр­ған кең далада жанарыңды тоқта­татын қарасын аз. Құд­ды біреу ұшы-қиырына көз жет­пейтін жалпақ даланы әлденеше түрлі бояумен бояп тастағандай көрі­нетін. Осы бір сурет көкі­регінде жатталып қалыпты. Бала да болса даланың кеңдігін түйсінген. Сары сағымның арғы жағында қандай тіршілік бар екен, кімдер тұрып жатыр екен деп ойлайтын. Білмекке құмар көңілмен тезірек ержетсем, көруге мүмкіндік бұйырар деуші еді.

Бұйырмады. Жетінші сыныпта оқып жүргенде көз алды кіреу­келеніп, жанар оты суала бастады. Бұл өңірде балалардың көз дәрі­гері де жоқ қой. Аудан, облыс ор­та­лығынан медет іздеген. Бірақ сырқаттың түп себебі анық­талмады. Анықталмаған соң ем­деу де мүмкін емес. Бала қиял көңілде бұйығып қала бер­ді. Көк аспанда қыран құстай зау­­ла­мақ түгіл қара жерді нық ба­сып жүрудің өзі арманға айналды.

Әйтсе де мұқалған жоқ. Тағ­­дыр­­дың салған ісіне тастай берік болды. Орта мектепті аяқ­таған соң массаж курсына түс­кен. Аз уақыттың ішінде адам денесіндегі ағзаға әсер ететін нүктелерін, оған әсер ету жолдары сияқты қыр-сырын меңгеріп алды. Толайым зерттеген адамға бұл біртұтас ғылым екен. Ендігі мамандық осы тарапта болған соң жатпай-тұрмай ізденуге тура келген. Екінші топтағы мүгедек Александр Федорчук осылайша аудан орталығындағы спорт мектебінің білдей қызметкері болып шыға келді.

Жақсы ауданында спорт тәп-тәуір дамып, кең өріс жа­йып тұр. Бұқаралық спортқа жер­гілікті кәсіпкерлер де көңіл бөледі. Жақсыдағы спорт мек­тебі облыстағы маңдайалды ұжым­ның бірі. Әсіресе бокс­шылар мен балуандар аудан атын шығарып тұр. Әлем чемпионы Дина Жоламанованың жалғыз өзі неге тұрады. Динаға еліктеген боксшы қыздар облыс­тық, республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Сашаның міндеті – жаттықтырушылармен бірге спортшыларды дайындау. Жеңсе менің де үлесім бар дегендей шаттыққа бөленеді.

– Адам ешқашан ұнжырғасы түсіп, мойымауы керек деп білемін, – дейді Саша, – ешкімге масыл болмай, алға ұмтылсаң ғана табысқа жетесің. Мен Жақсының спортшыларына жанашыр жан ретінде жан-тәніммен қызмет еткенді қалаймын. Олардың жалауы желбіресе, баптауға ат­салысқан менің де мерейім өсіп қалады. Бұл жер жастардың қажыр-қайраты, күш-қуаты атойлап тұрған орын. Сондықтан спорт мектебінің қабырғасының өзінен-ақ көкірегіме қажыр-қайрат құйылғандай сезінемін.

Орда бұзар отыздағы азамат басына түскен бесбатпан жүкпен жағаласып-ақ келеді. Жеңілмек емес. Қазір ақ-адал жұмысы арқылы ай сайын тәп-тәуір еңбекақы алып отыр. Өзінің айтуына қарағанда, жанарынан жасқанып, жер таянып қалса, азаматтығына сын.

Бір кезде өзі көргісі келген, сы­­рын ұққысы келген сайын да­ла­­ның сайыпқыран ұлдарымен бірге еңбек етіп жатқанын тағ­ды­ры­ның тамаша сыйы деп біледі. Жа­рат­қаннан одан артық не тілесін?!

 

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы