Театрдың баспасөз қызметі жаңа маусым 18 қыркүйекте белгілі дирижер Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен «Опералық классикаға саяхат» гала-операсымен ашылатынын мәлімдеді. Бағдарлама Tengri TV мен «Астана Операның» YouTube арнасынан ұсынылмақ.
Қойылым театрдың Үлкен залы сахнасында онлайн режімінде өтеді. Бағдарламаға ұлттық және әлемдік мұраның інжу-маржаны саналатын А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Дж.Россинидің «Севиль шаштаразы», П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операларынан көріністер енген. Гала-операда елордалық труппаның танымал солистері өнер көрсетпек.
Театр басшылығы алдағы уақытта жұртшылыққа айтулы премьералар мен концерттік бағдарламалар, атап айтқанда, қазан айының басында Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» қойылымының премьералық онлайн-көрсетілімі ұсынылса, іле-шала В.А.Моцарттың музыкасы негізінде көрнекті хореограф И.Килианның қатысуымен қойылған «Алты би» эксклюзивті балеті көрерменге жол тартатынын айтты. Одан кейін театрсүйер қауым назарына көптен күткен премьералар: Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсы және Т.Қажығалиев, Р.Гайсин мен К.Пино-Кантананың музыкасына қойылған Патрик де Бананың «Дала үні» ұлттық балеті ұсынылмақ.
Тибор Кочактың музыкасына ертегі желісімен жазылған Дьюла Харангозоның «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балеттік спектаклі де жаңа маусымның басты тартуы екені алға тартылды. Әйтсе де, классиканы сүйетін көрермен үшін биылғы айтулы премьера Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» ұлттық операсы болмақ.
– Бұл маусымды тосын да тың форматта ашқалы отырмыз. Әртістер залдағы көрерменсіз сахнада өнер көрсететін болады. Қойылымдар мен концерттердің тікелей көрсетілімдері қыркүйек айына жоспарланып отыр. Қазір солистер осыншалық ұзақ үзілістен кейін жұмысқа белсене кірісіп кетті. Олар дайындық залдарында өнерлерін шыңдауда, алайда алғашқы кездесуіміз онлайн-форматта өтетіндігіне қарамастан іштей қобалжу да жоқ емес. Театрдың көркемдік кеңесі ұлттық және әлемдік опера мен балет классикасын, камералық музыка бағдарламаларын, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер аудиториясына арналған шығармаларды қамтуға барынша мән берді. Айта кету керек, көптеген жобамыз коронавирус пандемиясы салдарынан жүзеге аспай қалды. Соған қарамастан, біз онлайн режімде белсенді жұмыс істедік, көптеген түрлі жобалар жасадық. Азаматтар тарапынан өнер иелеріне алғыс жаудырған хаттар өте көп, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.
«Опералық классикаға саяхат» гала-операсынан бөлек, Н.Римский-Корсаковтың музыкасына қойылған «Шехеразада» балеті де қыркүйек айы репертуарының жаңалығы саналады.