• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Экология 08 Қыркүйек, 2020

Полигон жерлері тереңінен зерттеліп жатыр

764 рет
көрсетілді

Қазақстанда бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағын қауіпсіз жағдайға келтіру бойынша жүйелі жұмысты қамтамасыз ететін заң жобасы әзірленуде. Заң жобасы ҚР  Энергетика вице-министрі, қоғам қайраткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өткен онлайн режиміндегі қоғамдық тыңдау барысында талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тыңдалым барысында Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Қайрат Рахимов Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы жаңа заң жобасы әзірленгенін айтты. Заң жобасында бұрынғы полигон  аумағын қауіпсіз жағдайға келтіру ескерілген.

- Өздеріңіз білетіндей, 29 жыл бұрын Қазақстан халқының қалауымен Семей ядролық полигоны жабылды,-деді вице-министр Қайрат Рахимов,- Семей полигоны әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңының бірі болды. 40 жылдан астам уақыт ішінде 456 ядролық және термоядролық жарылыстар жасалды. Ел басшылығы мен қоғам қайраткерлерінің орасан күш-жігерінің арқасында полигон жабылды. 1991 жылы 29 тамызда Қазақ КСР Президентінің Жарлығы шықты. Еліміздің күш-жігері халықаралық деңгейде бағаланып, мойындалды. Қырық жыл бойы жүрген ядролық сынақтар ландшафттың бұзылуына, халқымыздың денсаулығы мен өмірінің орны толмас жапа шегуіне әкелді. Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағын қауіпсіз жағдайға келтіру және оның инфрақұрылымын дамыту жоспары жасалған. Жоспардың орындалуы Қауіпсіздік Кеңесі мен Үкіметтің ерекше бақылауында. Жоспарды іске асырудың негізгі бағыттарының бірі - бұрынғы полигон аумағында заңнамалық базаны дамыту. Осыған байланысты Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы жаңа заң жобасы әзірленді.  

Атом энергиясы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Рыскен Мұхаметжарова заң жобасы экономикалық қауіпсіздікке кері әсерін тигізбейтіндігін айтты.

- Заң жобалары ғылыми-құқықтық және ғылыми-экономикалық сараптаманың қорытындысын алды. Заң жобаларының нормалары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, бәсекеге қабілеттілік пен экономикалық қауіпсіздік параметрлеріне кері әсерін тигізбейді. Сонымен қатар, заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын тиімді басқару үшін арнайы аймақтың қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғаны қамтамасыз ету қарастырылған, - деп атап өтті Рыскен Мұхаметжарова.

Оның айтуынша, заңды тұлғаның міндеттеріне мыналар жатады: Ядролық және радиациялық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау режимін қамтамасыз ету,ядролық сынақтардың салдарын жою,аумақты қауіпсіз деңгейге дейін қалпына келтіру, радиоактивті қалдықтарды есепке алу және т.б.

Ұлттық ядролық орталықтың директоры Эрлан Батырбеков заң жобасы Семей ядролық сынақ полигонының  жаңа тарихындағы өте маңызды кезең болатындығын атап өтті.

- Заң жобасының негізгі міндеті - бұрынғы полигон аумағын толығымен зерттеу барысында кездескен мәселелерді шешу. Біз шеше алмаған мәселелер заң жобасы барысында қалыптасады және жұмыс жалғасады.  Бұның аймақ тұрғындарына тигізетін пайдасы айқын: заңда бұрынғы полигонның жерлерін пайдалану ережелері жазылған, осы аудандардағы жағдай мен қызметті анықтайтын аймақ операторы жұмыс істейтін болады. Заң бойынша біраз мәселелер, соның ішінде бүгінгі күні полигон аумағындағы қандай да бір қызметпен айналысатын адамдарға қатысты нақты ережелер жоқтығына байланысты дүниелер да шешіледі,- деп атап өтті Эрлан Батырбеков.

Заң аясында Семей полигонындағы баруға тыйым салынатын ең ластанған аймақтар анықталады.  Олар күшейтілген бақылау мен қорғауда болады. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы аумағынан тыс болатын аумақтар заңды түрде экономикалық салаға шаруашылық үшін берілуі мүмкін.

Қазіргі кезде бұрынғы Семей сынақ полигонының барлық жерлері арнайы қор аумағында тұр. Келесі жылдың аяғында радиоактивті қалдықтармен ең көп ластанған бөліктер анықталады. Жердің қалған бөлігін Жер кодексіне сәйкес иелікке беруге болады. Бірақ, бұл үшін бірқатар сараптамалар мен қорытындылар жүргізіледі.

- Полигон аумағының үлкендігі соншалық,  біртұтас еуропалық мемлекеттің жалпы жер көлеміне тең. Бүгінгі күні, біздің бағалауларымыз бойынша, жаңа аймаққа тек ядролық жарылыстар болған аудандар, ҚР ҰЯО-ның барлық стратегиялық нысандары және ең қуатты жарылыстардың орны енеді. Барлық басқа аймақтар таза және оларды ауылшаруашылығы немесе өнеркәсіп үшін пайдалануға болады. Қажет болса, оларды жеке саудагерлерге беруге болады, - деп баса айтты Ерлан Батырбеков.

Радиоактивті қалдықтарды сақтау ерекше мәселе болып табылады. Шетелден мұндай қалдықтар әкелуге болмайды. Себебі бұл заңға қайшы. Ал Семейдегі полигоны қалдықтарын жинау бойынша іс-шаралар жалғасады, оларды сақтау ҚР ҰЯО мен МАГАТЭ бақылауымен жүзеге асырылады. Ядролық және ядролық емес қалдықтар «Балапан» учаскесі  деп аталатын жерде сақталады.

ҚР Ұлттық Ядролық Орталық директоры Эрлан Батырбековтың айтуынша, өндірістік қалдықтар полигоны халыққа қауіп төндірмейді. Ол орналасқан «Площадка 300» немесе «Балапан учаскесі» - бұл ядролық жарылыстардың барлығы жер бетінде емес, ұңғымаларда, яғни жер астында жасалған аумақ. Демек, бұл жер ешқашан кез-келген мақсатта пайдаланыла алмайды. Сондықтан қазір «Казцинкке» тиесілі бұл аумаққа радиоактивті қалдықтар тасымалданады. Мұндай қалдықтарды сақтаудың ерекше шарттары бар, олар толық сақталған және ешбір  қауіп төндірмейді.