• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 08 Қыркүйек, 2020

Нұр-Сұлтан әкімі жасыл белдеуді дамыту жұмыстары туралы айтты

541 рет
көрсетілді

Биыл 330 мыңға жуық жапырақты, қылқан жапырақты көшет және қосымша тағы 3 мыңнан астам көшет отырғызылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Елорданың жасыл белдеуі - қаланың тыныс алу органы іспеттес. Орман өсіру Елбасының бастамасымен мемлекеттік комиссияның 1996 жылғы қаңтардағы қаулысын шешілген болатын. Осы уақыт аралығында жасыл белдеу айтарлықтай кеңейді. Жыл сайын мыңдаған тал-терек отырғызылады. Жасыл белдеу қаланың экологиясы мен климаттық жағдайын жақсартуға септігін тигізіп келеді. Биыл 330 мыңға жуық жапырақты, қылқан жапырақты көшет және қосымша тағы 3 мыңнан астам көшет отырғызамыз. Жалпы, аумақта 10,2 млн астам тал мен 1,8 млн қарақат, ырғай, дерен, т.б. өсіп келеді.

Көктемде жасыл белдеудің соқпақ жол желісін қайта құруға кірістік. Аумақта белсенді уақыт өткізуге арналған скейтбординг алаңы, роликпен сырғанайтын шағын алаңдарды (қыста коньки тебуге де болады) салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаяу серуендеуге және кросс-кантри сабақтарына арналған жолдар салынады. Сондай-ақ, балаларға арналған ойын алаңдарын, футбол және теннис алаңдарын жасаймыз.

Жасыл белдеуді бүгінде қоян, қарсақ, түлкі, қырғауыл және т.б. жануарлар мен құстар мекендейді. Жасыл белдеудегі құстардың санын арттыру бойынша да жұмысьар жүргізіліп жатыр.

Қазіргі жасыл белдеудің жанында орналасқан ипподромда иппотерапиямен айналысуға арналған ат-спорты кешенінің құрылысын аяқтаймыз. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтумен арнайы оқытылған адамдар айналысады. Ипподром базасы ұлттық және классикалық спорт түрлерін өткізу және оларға дайындық, туристік маршрут бағыттары бойынша дамытылады. Ипподромнан Үркер (Ильинка) елді-мекеніне дейін веложол төселді. Қазір велосипед, шаңғыларды жалға алу үшін база саламыз. Бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.

Елорданың барлық аудандарында көгалдандыруға назар аударып келеміз. Биыл 30 мың түп ағаш отырғызамыз. Аулаларды, саябақтарды, тынымбақтар мен бульварларды абаттандыру кезінде көшеттер отырғызамыз. Әрине оларға күтім жасау маңызды. Отырғызылған тал-теректер мен гүлдерді күтіп-баптау үшін көктемнен бастап суару жүйесін 20%-тен 90%-ке дейін қалпына келтірдік.

Президент халыққа Жолдауында экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту маңызды міндет екенін атап өтті. Ол үшін елордада қала тұрғындары мен қонақтарына арналған экопарктер құру бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді", - деп жазды Алтай Көлгінов.