Ұшақта медициналық бетперде тағу міндеттелегенін Көліктегі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов ескертіп өтті, деп хабарлайды Egemen.kz
Еліміздің Көліктегі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сәдуақас Байғабылов қазақстандықтарды ұшақ бортында әлеуметтік қашықтық пен бетперде режімін сақтауға шақырды. Ескертулер орындалмаған жағдайда, тәртіп бұзушыларға айыппұл салынатынын еске салды.
"Отандық және шетелдік әуе компаниялары ұшақтарда қауіпсіздік жүйесінің толық сақталуына мүдделі болып отыр. Алайда, отандастарымыз ұшақ бортында карантин талаптарын сақтамай, сол арқылы қауіпті жағдайдың туындауына жол беруде. Мысалы, бүгін әуе кемесінің бортына мінерде бетперде тағудан бас тартқан екі жолаушы 30 АЕК (83 340 теңге) көлемінде айыппұл төлеу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды", дейді С.Байғабылов.
Әсіресе ауру жұқтыру қаупі әуе кемесінің ішінде, жолаушыларды борттан түсіру үшін кезекке тұрған кезде жиі болып жатады.
Көліктегі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің айтуынша, шетелде жолаушылар әуе бортына мінер кезде ережелерді түйсіктеріне мықтап ұстанып жүреді. Ал бізде жағдай керісінше екенін және көп шағым түсетінін айтып өтті.
Осы аптада ұшақтан шығу кезінде әлеуметтік қашықтықты сақтамайтын жолаушыларға айыппұл салу күшейтілетінін де еске салды.