Алматы облысындағы 732 ауылдық елді мекеннің 660-ы ғаламтор желісіне қосылғаны туралы Алматы облысының баспасөз қызметі хабарлайды, - деп жазады Egemen.kz
Облыстық Цифрлық технологиялар басқармасы хабарлағандай, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жүзеге асырған "Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясын қолдана отырып, ауылдық елді мекендерге кеңжолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету" жобасы аясында Алматы облысында жоспарланған 223 ауылдың 182-сіне талшықты-оптикалық байланыс желілері жеткізілді. Бұл 82%-ды құрайды. Атқарылған жүйелі жұмыс алдағы уақытта жалғасын табады.
Қала мен ауыл арасындағы цифрлы алшақтықты азайту мақсатында облыстың ең шалғай аудандарына талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылуда. Мәселен, өткен жылы облыстың кең шекаралас Райымбек ауданы, сондай-ақ шалғайдағы Балқаш ауданы кеңжолақты ғаламторға қосылды. Нәтижесінде, облыстың 60 мыңнан астам тұрғыны заманауи цифрлы қызметтерге, соның ішінде электронды мемлекеттік қызметтерге, қашықтан оқытуға қол жеткізді.
Ғаламторға қатысты жедел шешілген мәселенің бірі – мобильді интернет. Қазіргі уақытта облыстың 572 ауылдық елді мекеннің мобильді интернетке қолжетімділігі артып отыр. Бұл 78%-ды құрайды.
Қазақстандық ұялы байланыс операторлары мен Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арасында жасалған меморандум шеңберінде ағымдағы жылдың соңына дейін мобильді интернет тағы 84 ауылға тартылып, көрсеткіш 89%-ға жетеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде, облыстың 656 ауылы мобильді интернетпен қамтылатын болады.
Осы мақсатта облыстың цифрлық технологиялар басқармасы меморандум жасады. Ол ұялы байланыс операторларының жабдықтарын орналастыру үшін бір мезгілде сыртқы жарықтандыру тіректері мен негізгі тіректері ретінде қызмет ететін көпфункционалды құрылымдарды орнатуды көздейді. Осы келісім шеңберінде облыстың елді мекендерінде екі мақсатты 11 құрылымдар іске асырылады. Соның ішінде Жамбыл, Ескелді, Талғар, Панфилов, Ұйғыр, Қарасай, Іле аудандары мен Қапшағай қаласындағы бірқатар ауыл қарастырылған.
Облыстың әр өңіріне қосымша көпфункционалды құрылымдарды орнату қажеттілігін анықтау бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Бұл қазіргі таңдағы қашықтан оқыту жағдайы үшін аса маңызды.