Органикалық ауыл шаруашылығы – экожүйені жақсартатын, топырақ құнарын сақтайтын, адам денсаулығын қорғайтын өндіріс жүйесі. Онда сонымен қатар жергілікті жағдайлар ескеріледі, экологиялық циклдер назарға алынады.
Айталық, органикалық егіншілік қағидаттарын қолдану дәстүрлі азық-түлік өнімдерімен салыстырғанда экологиялық таза, қауіпсіз өнім алуға кепілдік береді. Онда агрохимикат, пестицид, антибиотик, өсу стимуляторы, гормондық препараттар, гендік модификацияланған ағзалар қолданылмайды.
2013 жылы Тұңғыш Президенттің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған тұжырымдама экологиялық таза өндірісті дамытуға жол ашқан-ды. Үкімет оны іске асыру шараларында халықаралық талаптарға сай органикалық ауыл шаруашылығы өнімінің стандарттарын әзірлеуді көздеді.
Елімізде органикалық өнім өндірісін заңнамалық реттеу 2015 жылдың соңында тиісті заңның қабылдануымен басталды. Содан бастап негізгі құқықтық актілер мен нормативтік-техникалық құжаттар әзірленіп, қабылданды. Атап айтқанда 2018 жылы органикалық өнімнің сәйкестігін растау белгісін қоса алғанда төрт стандарт күшіне енді. Өкінішке қарай, елімізде оны дамыту баяу жүруде. Әлемдік статистикаға сәйкес (FIBL&IFOAM, 2020) Қазақстанда органикалық егіншілік алаңы 2018 жылы шамамен 192,134 мың га құрап, 186 елдің ішінде 29-орынды алдық.
Жоғарыда көрсетілген деректер Қазақстандағы органикалық өнім нарығының жай-күйін қаншалықты нақты көрсететінін айту қиын, өйткені заңнамалық деңгейде органикалық өнім өндірісін есепке алуды жүргізу тетігі жоқ. Бүгінгі таңда мұндай өнімдердің ішкі нарығы дамымаған. Сарапшылардың пікірінше, оған ішкі нарықта сұраныс төмен.
Алайда ішкі нарықта шағын көлемде, негізінен ұзақ сақтау мерзімі бар импорттық органикалық өнім бар. Мысалы, еуропалық стандарттардың талаптарына сәйкес сертификатталған қайта өңделген тамақ өнімдері. Бір айта кетерлігі, оның бағасы органикалық өнім стандарттарына сәйкес сертификатталмаған жергілікті өнімнен әлденеше есе қымбат.
Елімізде органикалық саланы дамыту үшін ауқымды іс-шаралар кешенін өткізу қажет. Үкіметтің таяу жылдарға арналған негізгі міндеті – ұлттық стандарттарды экспорттаушы елдердің стандарттарымен үйлестіру процесі. Ал бұл үдерістің драйверлерінің бірі экспорттаушы елде қазақстандық сертификаттау жөніндегі органды аккредиттеу. Аккредиттеудің қандай маңызы бар? Ол біріншіден, фермер үшін сертификаттау құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде отандық тауардың өзіндік құны төмендейді. Яғни, батыс нарығында бәсекеге қабілеттілігі артады деген сөз. Түптеп келгенде осы іс-шаралардың барлығы бизнес тарапынан органикалық өнім өндіруге деген қызығушылықтың артуына негіз болады.
Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы – органикалық өнімді сертификаттайтын еліміздегі жалғыз орган. Бұл орталық өсімдік тектес органикалық өнімдер өндірісін, жануарлардан алынатын органикалық өнімдерді, қайта өңделген органикалық өнімді сертификаттауды жүзеге асырады.
Бүгінгі таңда Ұлттық аккредиттеу орталығы органикалық ауыл шаруашылығы саласында халықаралық тәжірибені енгізу бойынша жұмыс жүргізумен айналысуда. Фермерлерді тарту және елдегі саланы дамытуға мүдделі мамандарды оқыту үшін семинарлар ұйымдастырылады.
Органикалық өндірісті ұлғайту қарқыны жоғары елдердің тәжірибесі тұтыну нарығын реттеу, құқықтық негіздерді белгілеу және органикалық өнімді нормалау мен бақылаудың мемлекеттік құралдарын дамыту мемлекеттік құрылымдардың маңызды міндеттерінің бірі екенін көрсетті. Бізге солардың тәжірибесін пайдаланып, олар жіберген қателікті болдырмауға және тиісті жұмыстарды жүргізу кезінде неғұрлым тиімді шешімдерді таңдауға мүмкіндік беріліп отыр. Бұл орайда ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді ынталандыру шараларын жүйелі түрде жүргізіп, өнімді нормалаудың мемлекеттік құралдарын дамыту, өндірушілерге қызмет көрсететін кооперацияны, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау негізгі фактор болып саналады.
Аслан ЖАНАТХАНҰЛЫ,
Ұлттық аккредиттеу орталығының жетекші маманы