Табиғаты талайды тамсандырған өлкенің тарихы да қатпар-қатпар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы өткеннің өміршең тарихын жаңғыртып, жас ұрпақты тәрбиелеуге тамаша септігін тигізуде. Бүгін оқырман назарына өңірдегі киелі жерлердің тарихын там-тұмдап ұсынсақ, жалпақ жұртқа ортақ қазынаның жұқанасы септігін тигізер еді.
Абылай хан алаңы
Абылай хан алаңы – Көкшетау тауының етегінде орналасқан табиғаттың бірегей ескерткіші. 1991 жылы Абылай хан алаңына ұстын орнатылып, «Абылай хан» экспозициялық кешенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашқан болатын. «Абылай хан алаңында» ашылған мұражайдың аумағы 288 шаршы метрді құрайды. Онда қазақ ханы Абылайдың Ресей, Қытай, Бұхара хандықтарының елшілерін қабылдауы көрініс тапқан. Ұлы ханның қолбасшылығымен болған жорықта, тарихта «Шаңды жорық» деген атаумен қалған оқиға барысы мұражайдың бір қабырғасына толығымен безендірілген. Ал дәл ортада Ұлы мемлекет қайраткерінің қолбасшылығымен сап түзеген сарбаздардың бейнесі негізінде «Әскери кеңес» атты мүсіндік композиция сомдалған. Осы мүсіндік композицияны айнала орнатылған бағаналарда хан Абылайға қатысты деректер топтамасы жазылған.
XVIII ғасырдың ортасында қазіргі Абылай хан алаңында үш жүздің билері мен игі жақсылары құрылтай өткізіп, Абылайды ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. Сонда Абылай тұрып: «Тақта өздеріңіз болыңыздар, мен өзімнің сарбаздарыма барамын. Ал мынадай табиғаты көркем жер тек қана ойын-сауық өткізетін орын екен», дейді. Ал ханның үлкен алаңы «Ханның қызыл ағашы» деген жерде. Бүгінгі Абылай ханның кіші алаңы жер-жерден келген туристердің көп жиналатын орны. Бұл алаңның ортасында биіктігі 37 метрлік ұстын тұр. Оны ақ мәрмәрдан қарағандылық суретші Ерлан Айтуаров бастаған сәулетшілер салыпты. Сегіз қырлы монумент дөңгелек ішінде тұр. Қазақстан халқының мәдениетінде сегіз қырлы пішін дүние жүзінің бөліктерін ғана білдірмей, сонымен қатар бүкіл бағыттарға тарататын берекені де білдіреді. Дөңгелекпен бірге ол осы берекені мәңгілікке бекітеді. Монументте Қазақстанның мемлекеттік заңдарының тарихи сабақтастығы көрінеді. Ескерткіштің қырлары жебе ұштықтары түріндегі алтын оюмен безендірілген. Ал 2009 жылы «Абылай хан ордасы» экспозициялық кешені ашылды. Бұл үлкен мұражай келіп-кетуші меймандарға Абылай хан дәуірі туралы көптеген құнды мәлімет береді.
Экспозициялық кешенге негізгі үш нысан кіреді: Абылай хан құлпытасы, тарих залы және қымызхана. Кешеннің ең танымал нысандарының бірі – Абылай ханның тағы. Ол табиғи түрде пайда болған ақ түсті тас. Мұнда келушілер хан тағын киелі санап, оны жеті рет айналып өтіп жатады. Абылай ханның алаңы ерекше микроклиматымен сипатталатын тірі табиғат ескерткіші болып табылады. Осында күн көзінің ерекше белсенділігі, биологиясы жағынан ультракүлгін сәулелерінің молдығы әсерінен адам ағзасы жасарады деген ұғым қалыптасқан.
Кенесары үңгірі
Көп назарын аударатын Кенесары үңгірі – Бурабай көлінен оңтүстік-батысқа қарай жарты шақырымдай жерде. Үңгір Көкшетау қыратының гранитті сілемінің үгілуінен пайда болған және ол аласа шоқының үстінде жатыр. Үңгірге кіре берістегі қуыстың биіктігі үш метр. Ол екі бөліктен тұрады. Оларды бір-бірімен тар қуыс жалғастырады. Екінші бөліктен сыртқа шығатын ауыз бар. Кенесары үңгірі – туристер көп баратын орындардың бірі.
Патша өкіметінің 1822-1824 жылдары Орта жүз бен Кіші жүзде енгізген басқару ережелері қазақ ұлтының дәстүрлі басқару және құқық жүйесін жойып, оның орнына округтік және шекаралық орыс басқару мекемелерін ашты. Келімсектер қазақ жерінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, оның әр өңіріне әскери бекіністерін сала бастады.
Ұлттық азаттықты аңсаған Кенесарының отаршылдыққа қарсы күресі 1837-1847 жылдары аралығында он жылға созылған. Осы үңгірді ел көтерілістің бесігі болған қасиетті жер санайды.
Баубек батыр кесенесі
Баубек батыр Кенесары Қасымұлының әскері қатарында талай қырғын соғысты басынан өткерген, кейіннен өзімен аталас туыс-туғандарын жартылай болса да отырықшылыққа бейімдеген белгілі тұлға.
Әке-шешесі 9 жасында қайтыс болған бала, Кенесарының бәйбішесі Күнімжанның қолбаласы болып өседі. Уақыт өте келе Баубек жорықтарға қатысып, көзге түседі.
Баубек батыр туралы ресми түрде алғаш жазған ұлтжанды азамат, тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов болды. 1995 жылы журналист Ахметжан Байжанның «Бектауыл Баубек батыр» атты кітабы жарық көрген. Онда Баубек батырдың өмірі мен Кенесары қозғалысына қатысқан кезеңі жайында жан-жақты айтылады. Баубек батыр Кенесары қозғалысының басынан аяғына дейін қатысып, қырғыз жерінде хан қазаға ұшыраған уақытта қырғыздардың қолында тұтқында болады.
Баубек батыр еліне келген соң Терісаққан өзенінің бойын жайлап, бейбіт өмір кешеді. Дегенмен Кенесары көтерілісіне қатысқан, ел алдында үлкен беделі бар Баубек батырды патша шенеуніктері тыныш қоймайды. Көтеріліске қатысқаны үшін Сібірге, Түмен облысына жер аударады. Туған жерінен кетіп бара жатып батыр «Енді қайтып келе алмасам, онда денем туған жерде қалсын» деп, өз шынашағын өзі шауып, жерге көміп кетіпті дейді. Кейін Түмен жерінде батырдың қайтыс болғанын естіген балалары әкелерінің шынашағын көмген жерге зират орнатады.
Жақсы ауылынан оңтүстікке қарай, Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан бұрын Қызылту ауылы болып аталған жер 1993 жылдан бері Баубек батырдың есімімен аталады. Кесенесі Есіл өзенінің биік жағасында.
Беспақыр кeceнeci
XIX ғасырдың соңында салынған Беспақыр кесенесі діни-сәулет ескерткіші болып саналады. Қорғалжын ауданының Абай ауылынан шығыс-оңтүстік-шығысқа қарай сегіз шақырым шамасындағы қашықтықта, Қорғалжын-Астана тас жолы бойындағы Абай ауылынан бұрылыстан шығысқа қарай 11 шақырым жерде, ашық далада, ескі моланың қоршалған аумағында, Нұра өзенінің оң жағалауында орналасқан. Аңыз бойынша кесене XIX ғасырдың 30-шы жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінде ерлік көрсеткен бес батырдың құрметіне тұрғызылған. Беспақыр кесенесі шикі өңделген кірпіштен қаланған. Мазар салынған кірпіш құрамы – қойдың сүті, жүні, аттың жалы мен саз балшықтан тұрады. Кіру есігі көлемі күмбезінің үстіңгі бөлігі опырылған, кіру аркасының жан-жағындағы қабырғада бұзылған жерлері бар, күмбезді есігі бар сағана түрінде орындалған мазардың өзгешелік типін сипаттайды. Екі бөлмелі композиция көлденең осінде шығыстан батысқа қарай созылған. Шағын көлем пропорциясы қасбет қабырғаларының бірқалыпты формаларымен ерекшеленеді. Шығыс жағындағы аласа аркалары есік диаметрі 2,8 метр деңгейінде сопақ бөлменің ішіне апарады. Қабырғаларының биіктігі 3 метр шамасында. Зерттеу алғаш 1987 жылы жүргізілген.
XIX ғасырдың қазақ халқы үшін ауыр кезеңінде халық арасынан шығып, ел қамын ойлаған батырлар аз емес. Қанша уақыт өтсе де олардың ерлігін қалың ел құрмет тұтады.
Ботағай кeceнeci
Ботағай кесенесі ХІ-ХІІ ғасырлардың сәулет ескерткіші болып табылады. Кесене Нұра өзенінің сол жағасында, Қорғалжын ауылынан шығысқа қарай екі шақырым жерде орналасқан. Ботағай – ортағасырлық күмбездік кесене. Ерекшеліктеріне орай Қазақстандағы жалғыз ортағасырлық кесене. 1862 жылы Ботағай кесенесінің суретін қазақтың ұлы этнограф ғалымы Шоқан Уәлиханов салыпты. Көптеген саяхатшының сызбалары мен сипаттамаларына қарағанда, Ботағай – Қазақстанның сәулет-құрылыс өнерінің көрнекті үлгілерінің бірі. XIX ғасырдың ортасына дейін кесене біршама жақсы сақталған.
Ботағай алғаш рет Ресей картасына 1694 жылы түсірілді. Заманында Тәуке ханға Ресейден келген елшілер Ф.Скибин мен М.Трошин сызған. Сызба 20 парақтан тұратын «Қазақ ордасы» деген атауға ие болған. Онда Қорғалжын көлі мен хан ордасы арасында Нұра өзенінің жағалауында Бытығай қаласы орналасқаны туралы айтылған. Елсіз жер емес еді. Бұл жерде Ұлы Жібек жолымен жүретін көптеген керуен жолы түйісетін. 1762 жылы Петерборда «Императорлық ғылым академиясының алқалық кеңесшісі Петр Рычковтың шығармасы» атты кітап жарық көреді. Қазақ жерін аралап өткен орыс ғалымы Бытығай туралы мынадай деректерді келтіреді: «Бытығай – Қорғалжын көліне құятын Нұра өзеніндегі қырғыз-қайсақ ордасындағы ұлы қаланың жұқанасы. Сипаттары бойынша бұл қала он шақырым жерде орналасқан және бұл жердегі сарай түріндегі төрт бұрышты құрылыстардың үлкендігі соншалықты, үш жүз сажындай болады. Бұл жерде бір мешіт және көптеген қираған тас құрылыстар бар». Тәуке хан өлген соң Бытығай қаңырап бос қалып, қирауға шақ қалды.
1816 жылы И.П.Шангин кесенені қарап шығып, қысқаша сипаттама берді, ғимараттың жоспары мен кесененің алдыңғы жақ суреттемесін жасады. 1825 жылы Сібір және Орынбор шекара шебін Қазақстанға көшіру туралы I Александрдың атына жазған жазбасында алқалық кеңесші Демидов осы ескерткіш туралы жазып өткен. «Тұзды көлдердің ішінде маңайы 300 шақырым болатын Қорғалжын өзені – ең үлкені. Бұрын Есіл өзеніне ағатын Нұра өзені қазір осы көлге құяды. Осы өзеннен алыс емес жерде бұл елдің құнарлығын дәлелдейтін ескі егіндіктің аумағы көрінеді, ал 15 шақырым аймақты алып жатқан әжептәуір сәулет өнерінен хабар беретін ескі қаланың қирауынан пайда болған кірпіш үйінділері бұл елді қаңғырып жүрген көшпенділер емес, білімді, сауатты халық мекен еткенін дәлелдейді».
Міне, осындай деректерден Көкшетау мен Қараөткелдің арасын жайлаған қалың елдің қазынасы қылаң береді. Тарихи деректерден еліміздің мәйекті мәдениетін, әдемі де ажарлы, мазмұнды да мағыналы әдет-ғұрпын көруге болады. Ескінің есті естелігі арқылы бүгінгі толқынның рухани жаңғырып, кемелденуіне мүмкіндік мол. Атадан мирас болып қалған жәдігерлер жанымызға нұр құйып, санамызға сәулесін құйып әлі тұр, мәңгілік тұра бермек!..
Ақмола облысы