Үкімет басшысы Асқар Мамин өңір әкімдеріне індеттің жаңа толқынына дайындық жұмыстарын жалғастыруды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Әлемдегі эпидемияның тұрақсыздығын ескерсек, вирустың қайтадан өршуіне дайын болуымыз керек. Кейбір шектеу шараларын жалғастыру қажет", деді Асқар Мамин.
Осы орайда Үкімет басшысы өңір әкімдеріне бірқатар міндет жүктеді.
"Өңірлердің әкімдері эпидемиялық жағдайды ерекше бақылауда ұстасын, барлық санитариялық нормаларды қатаң сақтасын. Вирустың таралуы мен ауру жұқтыру көрсеткіштерінің өзгеруіне қарай жедел әрі нақты әрекет етсін. Инфрақұрылымды дайындау шараларын қабылдасын және барлық сатыдағы медицина жұмыскерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етсін", деді ол.
Сондай-ақ ол Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге халық арасында профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды. Цифрлық даму министрлігі Денсаулық сақтау, Ақпарат министрліктерімен бірге халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізетін болды.