– Ерлан Бәтташұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында жаңа іс-қимыл кезеңіндегі бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт, жаңғыру бағытындағы қоғам мәселесін ерекше атап өтіп, Абай даналығын тағы да еске алды. Сіздердегі «Абай академиясы» ғылым мен бүгінгі әлеумет сұранысын қалай байланыстырады? Бұл орталықтың мақсат-міндеті не?
– Осы жылғы Жолдау әлем мен мемлекетіміздің аса жауапты кезеңінде жария етілді. Сондықтан оның мәні де, маңызы да ерекше. Мемлекет басшысы: «Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу» деп тұжырымдауының терең мағынасы бар. Ұлт болмысының коды – Елбасы айқындаған «Мәңгілік ел» идеясы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасында жан-жақты айтылды. Абай сынды тұлғалар – қашан да ел жаңғыруының темірқазығы. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай – рухани реформатор» атты бағдарламалық мақаласында ақынды сан ұрпақтың «басын біріктіретін мәңгілік рухани тірек» деп сипаттай келе, Еуразия университетіндегі «Абай академиясының» қазіргі міндетін айрықша атады.
Біріншіден, «Абай академиясы» – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев терең жауапкершілікпен айқындаған әрі ұлттық, әрі әлемдік Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында өмірге келген ғылыми платформа. Еуразия ұлттық университеті жанынан аталған академияны ашу идеясын да Қасым-Жомарт Кемелұлы көтерді. Білім және ғылым министрлігі мен Еуразия университеті – өрелі бастаманы қолдаушы. Ақынға қатысты аталған еңбегінде Мемлекет басшысы: «Қазір елімізде абайтанумен айналысатын бірнеше ғылыми-зерттеу орталығы бар. Осылардың жұмысын жүйелеп, елордамыздағы Абай академиясының төңірегіне топтастырған жөн. Академия барлық зерттеу мекемелерінің жұмысын ғылыми тұрғыдан үйлестіруші міндетін атқара алады» деп, бізге нақты міндет жүктеді. Бұл ой, әрине, өзге орталықтардың бәсін төмендетпейді. Бәрімізді ортақ маңызды істі үйлестіру мен жүйелі атқаруға жұмылдырады. Әріптестеріміз де мұны түсіністікпен қабылдады.
Екіншіден, Абайтану – ұлттану немесе тұлғатану бағытындағы ғылымның кешенді саласы. Бұл – үздіксіз жалғасатын таным мен талғам, парасат пен білік мектебі. Президент айтқандай, «Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі».
Расын айтайық, кез келген ғылыми жобаны жүзеге асыру үшін қажетті алғышарт пен интеллектуалдық әлеует, тиісті қаржы мен оны ұқсататын жүйе болуы маңызды. Осы орайда біз қалыптасқан Алматы, Семей сынды қалалардағы абайтануға қатысты мамандар беделін аласартпай, елордада жаңа ғылыми мектепті топтастыруды парызымыз деп білдік. Шүкір, ширек ғасырда университетімізде гуманитарияның түрлі саласы бойынша білікті ғалымдар жиналды. Философия, филология (әдебиеттану және лингвистика), тарих, этнология, әлеуметтану, психология, педагогика т.б. мамандарын жаңа құндылықтар мен әлеуметтің рухани сұранысын қанағаттандыру негізінде Абай құбылысын зерделеуге бағыттадық. Тіпті докторант, магистранттарымызға дейін таңдаған диссертациясы тақырыбына Абай танымы, даналығы тұрғысынан қарау тапсырылды. Осы арқылы ұлт дамуындағы сабақтастықтың үзілген желісін жалғастыруды қаладық.
Академияның іргелі ғылыми бағыты – Абай мұрасын жаңа Қазақстанның рухани, мәдени, интеллектуалдық дамуымен сабақтастықта зерделеу, зерттеу, насихаттау, танымал ету. Мұнда XXI ғасырдың білімі де, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер де бар.
«Абай академиясы» – қайтарымы мол елдік жоба. Осы аяда абайтанушылардың жаңа буыны өсіп-қалыптасады деп сенеміз.
– Бірнеше ғылым саласының басын қосқан жобаларыңыздың тақырыбы, бағыт-бағдары қандай?
– Президенттің жіті бақылауындағы Абай мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысын Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев сапалы, өркениетті деңгейде үйлестіріп отыр. Таяуда Семей өңірін аралап, елдік шара мен ғылыми ізденістерді толықтыратын өрелі кеңестер берді.
Жақында Премьер-министрдің орынбасары Е.Тоғжанов Еуразия университетіне арнайы келіп, Абай академиясының жұмысын ілгерілетуге байланысты жиын өткізді. Бұл шараға Білім және ғылым министрлігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты тұлғалары да қатысты. Болашақ кешенді жобаларымызды қаржыландыру, әзірлеген еңбектерімізді жариялау, танымал ету және абайтанудың алдында тұрған көкейкесті мәселелер талқыланып, хаттамалық шешімдер қабылданды.
Жаңа «Абай Құнанбайұлы мұрасы: қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісіндегі жаңа ұғым», «Қазіргі Қазақстан және Абай мұрасы: сабақтастық және ықпал» жобаларымыздың ғылыми негіздемесі мен маңызы сараланып, мақұлданды.
Басты тақырыбымыз – «Абай Құнанбайұлы мұрасы және қазіргі Қазақстан: жаңаша аспектіде жүйелеу, талдау және басылымға даярлау». Мұндағы мақсат – ақынның таңдаулы мұрасын жан-жақты танымал ету орайында мәтіндік аспектісін қайта қарау, жүйелі талдап-таразылау. «Абайдың ақындық әлемі» атты ортақ тақырыпта монографиялар, ғылыми еңбектер, оқу-әдістемелік және жаңа технологиялық жетістіктерге негізделген танымдық құралдар дайындап, оны түрлі деңгейдегі білім алушылар мен жалпы әлеуметке ұсыну. «Абайдың ой кеңістігі» және «Абайтанушы ғалымдар» атты тақырыпта библиографиялық-ақпараттық көрсеткіштер әзірлеу. «Абай және қазақ қоғамы» орайында пәнаралық ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру. Сонымен қатар ұлт тарихына, рухани˗мәдени мұраларына, ой˗тұжырымдарына, басқа да әлеуметтік мәселелеріне Абай парасаты тұрғысынан қарай алатын, отандық, түркілік, еуразиялық, әлемдік контексте зерделеуге себепші интеллектуалдық ұстанымдар, қағидаттар қалыптастыру. Мысалы, отандық және дүниежүзілік теориялық озық тұжырымдар арнасында «Абай және қазақ социумы» мәселелеріне қатысты көпқырлы әрі сан салалы зерттеулер ұйымдастырып, бастапқы нәтижесіне қол жеткіздік. Сондай-ақ «Абай – Қазақ елі» ұстанымы аясында ұлт тарихы мен рухани мәдениетіне қатысты деректер жинау, жүйелеу, саралау, зерделеу де жүзеге асып келеді. Отан тарихы мен әдебиет тарихы кезеңдеріне тән заңдылықтар мен даму динамикасын, айтулы оқиғалар мен өзгерістерді, тұлға мен адам факторын, Қазақ елінің әлем өркениетіндегі орнын дүниежүзілік әлеуметтік-мәдени антропология арнасында, ұлттық құндылықтар, төлтума ауызша-жазбаша тарихи деректер негізінде қарастыру да мақсатымызға кіреді.
– Қандай монография, ғылыми жинақ, зерттеу кітаптарын әзірлеп, басып шығардыңыздар?
– Біз «Абай академиясының» ғылыми жұмыстарын өткен жылдың соңында бастап та кеттік. Осы аралықта ғалымдарымыз білек сыбанып, мақала, зерттеу, кітап жазды. Бәрі де – әлеуетті, танымал зерттеушілер. Біраз еңбек баспа өндірісіне тапсырылып, алды ақынның туған күні қарсаңында шығып та үлгерді. ҰҒА корреспондент-мүшесі Н.Дулатбеков жетекшілік ететін ғылыми топтың «Құнанбай Өскенбаев ісі» атты дерекнамалық қомақты кітабы жарияланды. Өзім ғылыми қауым мен жалпы оқырманға Абайдың ғұмырнамасын ұсындым. Жалпы, ірі рухани қайраткердің ғылыми өмірбаяны маңайындағы тұлғалар тарихымен ғана толыққанды болмақ. Абайдың тұлғалық айналасында да шатастырылған, бірізге түспеген деректер жеткілікті. Менің зерттеуім осы бағдарда. Профессор Т.Жұртбайдың 4 том еңбегі шықты: «Білмей мұны жазған жоқ...» (мәтінтанулық зерттеу), «Кешегі өткен би Құнанбай...» (тарихи және әдеби тұлға), «Соқтықпалы, соқпақсыз заманда өсті...» (Абай және оның әлеуметтік ортасы), «Ол боламын демеңдер...» (ақын өмірі мен шығармашылығы). Академик Ғ.Есім «Абай пәлсапасы», профессор С.Негимов «Абайдың көркемдік және ғылыми дүниетанымы», академик Д.Қамзабекұлы, PhD С.Жүсіп бастаған ғылыми топ «Абай және Алаш сабақтастығы: тарихи-философиялық, әдеби-лингвистикалық аспект», профессор Р.Төлеубекова басқарған ғылыми топ «Абайдың педагогикалық тағылымдары», қауымдастырылған профессор Е.Сайлаубай үйлестірген ғылыми топ «Абай және қазақ социумы» зерттеуін жариялады. Мұның сыртында бірнеше ұжымдық монография мен қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «Шыңғыстаудың тарихи-мәдени, архео-этнографиялық ескерткіштерінің жинағы», «Жидебай» қорық-музейі» атласы және балаларға арналған «Бес асыл іс» кітабы бар. Біздіңше, бұл бір университет үшін аз еңбек емес.
Біз қазіргі жастар форматын да ұмытқан жоқпыз. Ақын мерейтойы аясында «ЕҰУ жастары – Абай жылының мотиваторы» және «Абай мұрасын таныстыру арқылы сананы жаңғырту» атты арнайы әлеуметтік-мәдени жобалар жүзеге асырылады.
– Сіз біраздан бері Абайдың тұлғалық айналасын зерттеп келесіз. Бұл тақырыптың өзектілігі неде?
– Халқымыз «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан» дейді. Ұлы ақынның алды-артындағы тұлғалар, ақындық және тұлғалық айналасы – оны биіктете түспесе, төмендетпейді. Абай ұлттың қайнаған арман-шерінің, мұң-мұқтажының ортасынан шықты. «Қарадан шығып хан болған» әкесі Құнанбайдың да, «Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың» деп ғаламдық аяға қол сермеген немере інісі Шәкәрімнің де, ақын маңындағы басқа да тұлғалардың өз жолы бар. Бірақ бәрі Абай жолымен түйіседі.
Қазақ елінің бүгін Абайдың тұлғалық айналасын – үлкен мәдени құбылыс ретінде таныса, мұны өз әкесі Құнанбай Өскенбайұлының қайраткерлік өр тұлғасы мен замана аясындағы пайым-парасатынан, немере бауыры Шәкәрім Құдайбердіұлының зерек шәкірттігінен, ақындығы мен ойшылдығынан, сондай-ақ тағдыры дәуір тынысымен қатар өрілген, алты алашқа мәлім ерлердің ізі қалған Семей шаһарынан, ұлттық-мемлекеттік құрылымның отандық тәжірибесі – Алашорда үкіметінен, Ертістің сол жағалауына орналасқан оның саяси-әкімшілік орталығы – Алаш қаласынан бөліп қарау мүмкін емес. Ұлт қамын ойлаған ұлы тұлғалардың ортасы мен іс-әрекеті, шығармашылығы мен күресі өзара сабақтастықта дамып отырған.
Абайдың тұлғалық айналасын зерделеу ұлт тізгінін ұстаған Әлихан Бөкейхан, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов заманынан бастау алғаны тарихтан белгілі. Кеңес өкіметінің біржақты таптық идеологиясы зардабынан талай уақыт жабық болып келген бұл тақырып Қазақстан саяси тәуелсіздікке қол жеткізген шақта ғана адамзат өркениеті принциптері негізінде қайта зерделеніп қарастырылуға мүмкіндік алды.
Сондықтан гуманитарлық ғылым талабының жаңашыл бағытымен тұлға тану, саяси элита өкілдерінің қайраткерлік қызметін, ұлт пен ұлыстың толассыз өркендеуіне қосқан жаһандық үлесін, шығармашылық-интеллектуалдық әлеуетін зерттеу – қашан да өзекті. Өздеріңізге мәлім, мен едәуір уақыт Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін басқардым. Осы уақытта «Шәкәрімтану», «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталықтарын ашып, арнайы ғылыми журналдар мен сериялық жинақтар шығаруымыз, тіпті қаржы көзін тауып Шәкәрім мен Әлиханға ескерткіш орнатуымыз – тұлғаларды танытудың ғылыми да, практикалық та ізашар ісі еді. Тұлғалық «Шәкәрім» энциклопедиясын да осы мақсатта қолға алып, халыққа ұсындық.
«Шәкәрім және Алашорда», «Алаш қаласының тарихы» атты монографияларым, Мәскеудің әйгілі «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» сериясымен шыққан «Шәкәрім» және «Құнанбай» атты тарихи-мемуарлық кітаптарым да – Абайдың тұлғалық айналасын зерттеудегі ғылыми ізденістерім еді.
– Танымал шәкәрімтанушысыз. «Шәкәрім» атты кітабыңыз әлем оқырманына орыс, түрік, ағылшын, қытай, серб тілдерінде жетіпті. «Шәкәрім құбылысы» деген ұғымға не сыйдырар едіңіз?
– Иә, қазақ тұлғасының әлемге таныла бергені бәрімізге абырой! Таяуда ғана Киевтен сүйіншілеген хабар келді: «Шәкәрімді» Украина ғалымдары өз тіліне аударып, Тарас Шевченко елінің қалың оқырманына жеткізіпті.
Шәкәрім құбылысы, біріншіден, Абай жолына адалдық және ұлы ақын айқындаған биіктікке ұмтылу. Екіншіден, ұлттың, сол ұлтты құрайтын адамның үздіксіз ағаруы, тазаруы, кемелдікке бой түзеуі.
Шәкәрім шығармашылығында үш өмірлік тірек, үш ұстаз, үш анық идеясы көрініс береді. Бұл кездейсоқ емес. Үш саны – әлемдік мәдени доминанттың бірі және ол ежелгі философиялық және діни ілімдердің негізін құрайды. Кеңістіктің үш өлшемі (ұзындығы – ені – биіктігі), уақыттың үш өлшемі (өткен шақ – осы шақ – болашақ), адам жаратылысы (дене, жан, рух), сондай-ақ туу, өмір сүру, өлім – осының бәрі үштікпен айқындалады. Сондықтан оның болмыс негізін тауып, жанның мәңгілігін дәлелдеген философиялық трактаты «Үш анық» деп аталады. Шәкәрім нені жазса да үнемі Алланың атымен бастағаны – оның діншілдігі ғана емес, иман байлығын жинаудағы, сенім қорғанын соғудағы ұстанымы. Ол Жаратқан үйлесімі аясындағы әлемнен адам бейнесін, адамның жан дүниесінен әлемнің күрделі құбылыстарын көре білді.
– «Құнанбай» кітабыңыздың жұртшылыққа жеткеніне көп уақыт болған жоқ. Бұл тақырыпты біраз автор саралағанын да білеміз. Сіздің «Құнанбайыңыздың» ерекшелігі неде?
– Ең біріншіден, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына ризашылығымыз шексіз. Мәртебелі қызметін Түркістан мен Шыңғыстаудан бастауының рәміздік мәні бар. Семей сапарында құнанбайтанудың жаңа белесін айқындап берді. Бұл – тарихты, тарихи тұлғаны қадірлеудің елеулі жолы. Сондай-ақ Президенттің жеке кітапханасынан «Құнанбай» атты кітабымның табылуы – ғылым саласы мамандарының абыройы.
Бұл кітапқа тапсырыс берген – Ресейдің ең оқырманы көп «Молодая гвардия» баспасы еді. Әйгілі «ЖЗЛ» сериясы – әлемдік бренд. Баспа басшылары «Құнанбайдың» үлкен сұранысқа ие екенін айтып жатыр. Қазір нарық заманы, кітап бұдан әрі сол сұранысқа сай көбейтіліп шыға беретін болады.
Бәріміз ХХ ғасырдағы әдебиет классигі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясымен жетілдік. Әдеби, рухани талғамымызды байыттық. Мұндағы Құнанбай – көркем бейне екені екібастан түсінікті. Бірақ ол бейненің астарында, диалогтар мен суреттеулердің әр тұсында талай сыр, құпия жатыр. Өз басым журналист Бейбіт Сапаралы мен ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбайынан» көп нәрсеге қанықтым. Бұлар да – маңызды еңбектер. Мен Құнекеңе кәсіби тарихшының көзімен қарауға тырыстым.
Айталық, «Аға сұлтан Құнанбай ісін» әңгіме еткенде, оны қазақ халқының, жалпы адамзат өркениетінің тарихына ретроспективті шолу жасай отырып байыптағым келді. Маңызды деген тарихи оқиғаларды тиісті параллельдермен талдап, салыстыру негізінде қорытынды жасадым. Бұл қорытынды фактілерді қаз-қалпында айтып берумен шектелмейді, шынайы тарихи және архивтік құжаттар негізінде, оларды жан-жақты түсіндіру және талдау арқылы айқындалады.
Ел аузында сақталған Құнекең туралы аңыздарды шынайы фактілермен растауға талаптандым. Жан-жақты және түрлі бағыттағы ақпараттар таза ғылыми тезге салған кезде ұсынылған материал объективтеніп, шынайы тарих ашылады. Тарихи оқиғалармен қатар сол кезеңде қазақ қоғамында қалыптасқан моральдық-этикалық нормалар мен қағидаларды, салт-дәстүрді, рухани және мәдени құндылықтарды барынша көрсетуге жұмылдым.
Тарихи-биографиялық зерттеуімде Қазақстан тарихының біршама құжатталған кезеңі қарастырылғанымен, хатталған тарихи деректері жеткіліксіз екенін жасырмаймыз. Тарихтың бұл кезеңіне не тарихшылар, не өзге де гуманитарлық сала өкілдері бірыңғай баға бермей келуі тегін емес. Сондықтан тұлға бейнесі мен тарихи оқиғаларды жүйелі жалғау арқылы уақыт пен шынайы болмысты көрсеттім.
Ең бастысы, бұл еңбегім – Абай мерейтойына тарту. Орыс тілі арқылы әлем оқырманына жол тартқаны да қуантады. Түрік және араб ғалымдары өз тілдеріне аударуды қалап, жақсы бастама көтеріп жатыр. Мұны да елдің, отандық ғылымның абыройы деп білемін.
– Ерлан Бәтташұлы, сөз басында әлеумет пен қоғам өмірін айтып қалдық. Nur Otan партиясы мұрындық болған праймеризге елорданың ғылым-білім саласынан тәуекел деп түсіп жатқаныңызды естідік.
– Nur Otan партиясы жаңа кезеңге аяқ басты. Барлық жақсы іс ел мен әлеумет мүддесінен, сұранысынан туындайды. Сондықтан ішкі бәсекелестікті арттыру, сапаны алқалау, жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарларды анықтау – партияның өскенін, өрістегенін көрсететін фактор. Мен талай жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутатымын. Халық саны бір миллионнан асқан бас шаһардың проблемасы да аз емес. Бірақ оны даурықпай байыппен шешу керек. Әсіресе қалада білім саласы арқалайтын жүк ауыр. Білім бар да, оның мазмұны бар. Біз Абай мен ұлт зиялыларын көп айтқанда, білім мазмұнынан солардың парасатын, даналық сабақтастығын көргіміз келеді. Мұның бәрі – оқу үдерісінің нысанасы. Сонымен бірге мемлекетшілдік рух пен отаншылдықтың бастауы да – Абай жолында.
Мен праймеризге әріптестерімнің сенімін арқалап түсіп отырмын. Елорда білім жүйесінің күрмеулі мәселелері осы саланың мамандарымен кеңесе отырып қана шешіледі. Мысалы, қазір Нұр-Сұлтан қаласында орта мектеп саны 90-ға жуықтады. Ол жыл сайын көбейе беретіні белгілі. Бұған Ақмола облысының елордаға таяу елді мекендерін қосыңыз. Ендеше өз алдына бөлек пединститут керек пе? Керек! Оның жаңа заманға лайықтап, әр мектепті тәжірибе алаңы ету де маңызды. Сонымен бірге ірі үш қала мен барлық облыс орталықтарынан ұлттық элита қалыптастыратын Абай мектеп-интернатын ашу – кезек күттірмес мәселе. Оның да өнеге-үлгісін Нұр-Сұлтан қаласынан бастау қажет.
Білім де өмірдің өзі сияқты. Қалыптасқан, сыннан өткен тәжірибеден безбей, әлемнің инновациялық-технологиялық жаңалықтарын табиғи сіңіре отырып білім жүйесін дамыту – әлеуметтің де, әлеуметшіл биліктің де көңілінен шығатын жол. Сондықтан ағартудың ХХІ ғасырдағы жаңғырығы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген даналығын қайталауды жөн санайды.
Әңгімелескен
Талғат БАТЫРХАН,
«Egemen Qazaqstan»