• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қыркүйек, 2020

COVID-19: Екінші толқын және вакциналау

691 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда елімізде коронавирустың екінші толқынына дайындық жүріп жатыр. Әзірге оның нақты қашан болатыны белгісіз. Дегенмен, ғалымдар болжам жасап отыр. Қарапайым өмірлік тәжірибеге сүйенсек те күз айларында вирустың өршитін әдеті. Қайткенде де сақтанудың барлық жолы қолға алынуы керек. Бұл ретте барша халық болып күтіп отырған екпенің орны бөлек. Осыған орай алдағы уақытта азаматтарды вакциналау басталмақ. Қашан, қандай вакцина егіледі? Қайсысының қаупі жоғары? Екпе жүргізудің тәртібі қандай?

 

Екінші толқын қашан болады?

Дәл осы сұрақ бәрі­міз­ді алаңдатады. Бұдан бұрын көп­ші­лік коронавирустың бірін­ші толқынындағы ең қауіпті кезеңнен өткен-өтпегенімізді біл­гісі келеді. Қоғамдық денсаулық сақ­тау ұлттық орталығы дирек­торының бірінші орынбасары, Колумбия университетінің Орта­лық Азия бо­йынша Ғалам­­дық денсаулықты зерттеу ор­­та­лығында еңбек еткен эпиде­миолог-ғалым Бауыржан Сәби­т­ұлы қауіпті кезеңнің артта қал­ғанын айтады. «Біз маусым-шіл­де айларында коронави­рус­­тың қауіпті кезеңінен өттік. Ашық дереккөздердегі панде­мия­ның статис­тикасы тек Қа­зақ­станда ғана емес, әлемде анық дәлдікті көрсете алмай­ды. Кей науқастардың ақиқа­тында не­ден қайтыс болғаны анық­талмай да кетеді. Оның үстіне коро­навирустық пневмо­ния­ның да ресми статистикаға енгі­зілуі жә­не бұл тізімнің сол уа­қыт­та күрт артуы да қауіпті кезең­нен өт­кенімізді білдіреді. Бұл – әлбет­те менің жеке пікірім», дейді Б.Сәбитұлы.

Эпи­де­миолог-ғалымның айтуынша, жоға­рыдағы пікірі, яғни маман ре­тіндегі болжамы келесі көзқа­рас­тың қалыптасуына ықпал етеді. Айталық пандемияның бірінші толқынында коронавируспен емделіп шыққандарда осы инфекцияға қарсы антидене қалыптасқан. Ағзадағы им­мунитет те аталған вируспен қа­лай күресуге болатынын «біліп» қалды. Бірақ бұл коронави­руспен ауырған адамдар қайта жұқ­тырмайды деген сөз емес. Тек екінші толқын бастала қалса, ағзада және адамда жағ­дайға белгілі бір деңгейде дайын­дық пен тәжірибенің болатыны анық. Ал алдағы кезең тура­лы ғалым Б.Сәбитұлы: «Менің­ше, пандемияның екінші тол­қы­ны қарашаның соңы мен жел­тоқсанның басында болады. Бұл толқынның қаншалықты ұзақ­қа созылуы дәл қазіргі дайын­дығымызға байланысты. Оған әзірлену үшін бізде 2 ай уақытымыз бар», дейді.

 

Вакцина туралы не білеміз?

Көбіміз вакцинаның вирустан қорғану мақсатында салынатынынан ғана хабардармыз. Ал ғалымдар вакцинаның өзін бірнеше түрге бөледі. Соның ішінде коронавирусқа қарсы әлемде әзірленіп жатқан 5 вакцинаның түрі бар. Бұл туралы биолог, Францияның Страсбург университетінің вирусологы, PhD Әсел Мұсабекова вакцина әзірлеуші топтардың негізгі бағыттары мен ұс­та­нымдарын түсіну үшін вакцинаның түрлерін ажырату керегін айтады.

«Бірінші, тірі аттенуацияланған (attenuated vaccine) немесе әлсіреген вакцина вирусты зертханадағы жасушаларда бірнеше ұрпақ арқылы түр-өңін өзгерте өсіріп, әбден әлсірету нәтижесінде жасалады. COVID-19-ға қарсы дәл осындай бірнеше вакцина әзірленіп жатыр, бірақ одан үміт аз. Себебі вакцинаның мұндай түрін әзірлеуге ұзақ уақыт кетеді және оны өте көп мөлшерде шығаруға болмайды. Соған қарамастан вакцинаның осы түрі егілген адамда вирус жұқтыру қаупі жоғарырақ болады. Екінші бір түрі – инактивтелген (inactivated vaccine) немесе өлтірілген вакцина. Вирусты формальдегид секілді химиялық, болмаса термиялық агентпен «өлтіріп», яғни уытып әзірлейді. Үшінші, суббірлікті (оның ішінде рекомбинантты) – ви­рустың бір бөлігінен тұратын вакциналар, көп жағдайда вирус бетінде ақуыз болады. Вирустың тазартылған компонентінен алынған рекомбинантты вакциналар жанама әсерлері бойынша ең қауіпсіз болып саналады. COVID-19 вакцинасына үміткердің бір мысалы ретінде аустралиялық Vaxine компаниясының өнімін атауға болады. Айтпақшы, бұл компания қазақстандық ғалымдармен ынтымақтастық орнатқан. Төртінші – векторлық вакцина. Вектор негізіндегі вакцина (мысалы, аденовирус – суықтың қоздырғышы) клетка­ға ене алатындай етіп өзгертілген, бірақ көбейе алмайтын вирустан гендік ин­­женерияның әді­сімен әзірленеді. Бұл вектор – өзімізді қорғағымыз ке­­летін вирустың ақуызын шығару үшін генетикалық код (рецептура) са­лын­ған тіректің бір түрі. Ал соңғысы – то­­лығымен жаңа вакцинаның түрі. РНК-вакцина бұған дейін ешқашан болмаған, бірақ коронавирус оның пайда болуына және дамуына үлкен ықпал етіп отыр», дейді биолог-ғалым.

 

Отандық вакцина қаншалықты қауіпсіз?

Енді отандық вакциналар жоғары­дағы біз анықтап алған түрлердің қай­сысына жататынын білейік. Жалпы елі­мізде COVID-19-бен күреске екі ірі ғылыми мекеменің ғалымдары жұ­­­­мыл­­дырылған. Соның біріншісі – Ұлт­­­тық биотехнология орталығы ко­ро­­на­вирусты анықтайтын тест-жүйе әзір­леді. Қазір де осы жұмыспен айналы­сып жатыр. Ал Биологиялық қауіп­сіз­дік проблемаларының ғылыми-зерт­­теу институты (БҚПҒЗИ) бес түр­­­­лі вакцина жасап шықты. Әзірге оның екі түрі Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының ресми сайтында ар­найы тіркеуден өткен өнімдер тізі­мі­не енгізілді. Институт ғалымдары да­йын­даған екі кандидаттық вакцина­ға тоқ­талсақ: 1) Инактивтелген вакци­на, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы осы өнімнің әзірлеу хаттамасын тек­серді және 2020 жылғы 15 мамырда өз тізіміне енгізді; 2) Рекомбинантты суббірлікті вакцина: коронавирустың тазартылған ақуызы бар. Ал мұндағы ақуыз вирусты пайдаланбай ГМО жасушаларында өндіріледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинаның бұл түрін 2020 жылғы 31 шілдеде өз ті­зіміне енгізді. Айта кетейік, бірінші кандидаттық вакцина клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өтті. Жоғарыда биолог, вирусолог Әсел Мұсабекованың суб­бірлікті вакцинаға қатысты ойынан кейін отандық вакцинаның екінші түрі қауіпсіз екенін білуге болады. Ал клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өткен бірінші, инактивтелген вакцина небәрі 1 айдан аса уақытта әзірленді. Қазақстандағы коронавирус анықталған алғашқы пациенттен 2020 жылдың 23 наурызында потологиялық материал алынып, 1 апталық жұмыстан соң ғалымдар одан SARS-CoV-2 виру­сын бөліп шығарды. Мамырдың 9 күні COVlD-19-ға қарсы инактивтелген кандидаттық вакцинаны әзірлеу жұмысы тәмамдалып, оның хаттамасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мына жолданды. Осыдан соң жа­нуарларға клиникаға дейінгі сынақ бас­талды.

БҚПҒЗИ директорының ғылым жө­­­­нін­дегі орынбасары Ерғали Әбдра­­йы­мов: «Біз инактивтелген вакци­наны тышқаннан бастап егеуқұйрық, теңіз шошқасы, макака маймылына дейін тек­­сердік. Нәтижесінде оның зиянсыз және тиімді екеніне көз жеткіздік. Со­нымен қатар институт директоры Күнсұлу Зәкәрия бастаған отандық вакцинаны әзірлеу тобындағы жетекші 7 ғалым 27 шілдеде ерікті түрде екпе салдырды. Негізі вакцинаны клиникалық сынақтан өткізудің талабы бойынша өнімнің қауіпсіздігі екпе салдырғаннан кейінгі 21 күн ішінде оны қабылдаған адамның жағдайынан көрінеді. Мінекей, белгіленген күннен асып кетті, біз отан­дық өнімнің зиянсыздығын дәлелде­дік», деді. Маманның мәлімдеуінше, дәл осы инактивтелген вакцинаның бар­­лық нәтижесі туралы хаттамаларын денсаулық сақтау ұйымдарына жі­­­берген. Осы айда ерікті азаматтарға вак­­­цинаны клиникалық сынақтан өткізу бас­талады.

 

Вакциналау тәртібі

Отандық вакцинаны клиникалық сынақтан өткізу қыркүйекте басталса, кімге, қай санаттағы азаматтарға егіледі? Мамандардың айтуынша, COVID-19-ға қарсы вакцинаны клиникалық сынақтан өткізуге қатысатын еріктілер коронавируспен ауырмаған болуы керек. Сондай-ақ олар қауіпті, созылмалы аурулармен тізімде тіркелмеуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, вакцинаны сынайтын еріктінің ең алдымен денсаулығы мықты болуы шарт. Негізі вакцинаны клиникалық сынақтан өткізудің өзі 3 кезеңнен тұ­рады. Бірінші кезеңінде ондаған ересек ерік­тілерге екпе егіледі. Бұл кезеңде вак­цинаның ағзаға, иммундық жүйеге қауіпсіздігі тексеріледі. Екінші кезеңде жүздеген адамға вакцина салдырып, мақсатты топ арқылы екпенің дозасы анықталады. Ал үшінші кезеңде мыңдаған ерікті азаматтарға вакцина егіп өнімнің эпидемиялық тиімділігі тексеріледі.

Міне, осы кезеңнің бәрінен сәтті өтсе, клиникалық сынақ толығымен аяқталады. Содан кейін ғана, дәлірек айтқанда Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы ресми рұқсат берген соң вакциналау басталады. Вакциналау тәртібі бойынша кемінде 10 мыңнан аса адамға екпе егу керек. Ал екпе мың­даған, тіпті миллиондаған адамды вакциналауға да­йын делік. Бұл үшін ғалымдар күні-түні жұмыс істеп жатыр. Оған жур­налистік сұрағымызға жауап беруге мүм­кіндік таба алмай сабылып жүрген ғалымдардан көз жеткізіп отырмыз. Иә, Қазақстанда отандық вакцинаны әзірлей алатын ғалымдар болғанымен, өнімді миллиондап шығаратын зауыт жоқ. Сондықтан еліміз қай елдің толық тексерілген, қа­уіпсіз вакцинасы дайын болса, сол екпемен халықтың 20 пайызын қамтамасыз етуге кепілдік беретін халықаралық кон­сорциумға кірді.

Вакцинаға қол жеткізгенімізбен, вакциналау қалай жүргізіледі? Сарап­шылардың бір тобы әуелі иммунитеті төмен, қарт адамдар мен созылмалы ауруы бар жандарға екпе егу керегін айтады. Ендігі бір сарапшылар ең бірінші белсенді адамдарды, яғни дәрігерлер мен қоғамдық қызмет мамандарына екпе егу қажет, сонда олар көп адамға жұқтыру қаупінен сақтайды деп түйеді. Осының қайсысы дұрыс? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрлігі жауап береді. Бірақ жауапты қазір алу мүмкін емес, себебі пандемияның екінші толқынындағы нақты картинаны көру керек...