• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бизнес 11 Қыркүйек, 2020

Елордада қанша кәсіпкер грант ұтып алуға өтінім берді?

175 рет
көрсетілді

Байқау нәтижесі келесі аптада белгілі болады, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бизнестің жол картасы" бағдарламасы бойынша елорда әкімдігінен грант алуға арналған бизнес-жобаларды қарау кезеңі аяқталуда. Биыл байқауға берілген 599 өтінімнің 563-і қаралды.

"Бүгін "Бизнестің жол картасы" шеңберінде грант алуға үміткер жобаларды байқау комиссиясы қарауының соңғы күні. Аптаның басынан бері 443 жоба қаралып, 120-сы қалды. Байқауға 563 жоба қатысуда. Барлығы қала тұрғындарынан 599 өтініш берілді, бірақ соның 36-сы бағдарлама шарттарына сәйкес келмегендіктен қатысудан шектелді", деді елордалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы Әділет Тілепов.

Жобалар байқауға қатысушылар дайындаған бейнероликтер мен бизнес-жоспарларға сәйкес бағаланады. Биыл конкурстық комиссияның барлық отырыстары онлайн режімде өтіп, YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі. Барлық жобаларды қарап шыққаннан кейін комиссия мүшелері ұпайларды есептейді. Нәтиже мен грант иегерлерінің аты-жөні келесі апта ішінде белгілі болады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл "Бизнестің жол картасы" шеңберінде гранттық қаржыландыруға 260 миллион теңге бөлінді, соның 60 миллионы 30 жасқа дейінгі кәсіпкерлерге арналған. Бұл ретте, грант мөлшері 2-ден 5 миллион теңгеге дейін белгіленді.

Айта кетейік, "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы Қазақстанда 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Оның бір бағытын әкімдіктер қадағалайды. Жергілікті атқарушы органдар бизнеске гранттар мен инфрақұрылымдық қолдау арқылы көмек көрсетеді. Грант беру конкурстарына кәсіпкерлер де, өз ісін ашқысы келетін қазақстандықтар да, оның ішінде әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен 50 жастан асқан адамдар да қатыса алады.