Арыс қаласының тұрғыны Балнұр Төрехан қысқа мерзімді кәсіптік оқу оқып, тігінші мамандығын игерген. Кейін қайтарымсыз 505 мың теңге мемлекеттік грант жеңіп алып, үй ішінен кішігірім тігін цехын ашты. Арнайы тігін машинасын сатып алған ол сұранысқа орай, күніне 10 дана әйелдерге арналған түрлі орамалдар тігеді.
Өзінің айтуынша, шығынын есептемегенде айына 300 мың теңге таза табыс тауып отыр. Оның кәсібін жүргізгеніне 1 жылға жуықтаған. Қазіргі таңда үйде отырып ғаламтор арқылы өз бұйымдарын саудаға шығаруда.
Арыста аталған бағдарламаны тиімді пайдаланып, өз кәсібін дамытып жатқан азаматтар қатары артып келеді. Қазірдің өзінде биылғы жылға бөлінген 139 гранттың 80-і игерілген.
Айта кетейік, қайтарымсыз қаражат алып кәсіп ашқысы келетін азаматтар жұмыспен қамту орталығына барып толық ақпарат алуына болады. Бір ай бойы білім алып, бизнес жоспары мақұлданса, мемлекеттен бөлінген көмекке ие бола алады.