Ақтөбе облысында COVID-19-дың күзгі толқынына дайындық жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта эпидемиялық ахуал тұрақтанып, ауруханаларда төсектік орындарының жүктемесі 78%-дан 14,8%-ға азайып, 3198 төсек орын резервке ауыстырылды. Жедел жәрдем бригадасын шақырту үш есеге, науқастарды ауруханаға жатқызу 10 есеге азайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, бүгінде емдеу мекемелеріне қарасты алты зертхана күн сайын 1900 зерттеу жүргізеді, 21 654 ПТР тест бар.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының арнайы бөлімдері, Ақтөбе медициналық орталығының №2 жұқпалы аурулар стационарында жөндеу жұмыстары аяқталды. Дәл қазіргі жағдайда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасындағы орындар саны 275-тен 567-ге дейін, провизорларда 430-дан 3336-ға дейін көбейтіліп, оған тағы да қосымша орындар әзірленді. 1371 орын оттегімен қамтылды. Стационарларда 395 оттегі концентраторы, 625 оттегі баллоны, 381 оттегі жастық бар. Лизинг арқылы 41 жедел жәрдем көлігі сатып алынатын болды.
Коронавирус инфекциясына қарсы дайындық жұмыстарын пысықтаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан әкімдері емдеу мекемелерінің дайындығына жеке жауапкершілік алатындарын ескертті.
«Аудандық аурухана мен ауылдағы медицина бөлімшелеріндегі дәрі-дәрмек қорын, құрал-жабдықтардың жарамдылығын тексеріңіздер. Жуырда өңірде тұмауға қарсы иммундау науқаны басталғанда, егуді иммунитеті әлсіз топтардан бастаңыздар. Сондай-ақ бақылау топтарының да жұмыстарын күшейту керек», деп атап өтті өңір басшысы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы стационарлар мен провизорларда дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс заттарының үш айлық қоры жинақталғанын хабарлады. Эпидемиялық жағдай күрт нашарлайтын болса, қалалық емханалар мен ауруханалардың медицина қызметкерлерінің қатарына М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы да қосылатын болды.
Осы кезге дейін өңірде карантин ережесін қадағалайтын 37 бақылау тобы жұмыс істеді. Мониторингтік топ мүшелері 827 рет карантин тәртібінің бұзылғанын анықтаған.
Ақтөбе облысы