Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Андрей Хазбулатовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиында көне Түркістанның Күлтөбе қалашығын зерттеу кезіндегі тың жаңалықтар мен оларды зерделеу жолдары туралы айтылды.
«Күлтөбе қалашығының тарихи объектілерін қалпына келтіру» жобасы 2019 жылы бастау алып, 200-ге жуық жұмысшы жыл көлемінде көптеген маңызды объектілер мен жәдігерлерді зерттегені белгілі. Биылғы жылы тарихи орынды зерттеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарына «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен облыстық, қалалық Жастар ресурстық орталықтарының басшылары арасында түзілген меморандумға сәйкес ерікті жастар да қосылды.
– Археологиялық игеру жұмыстарын жүргізу үшін ең алдымен әртүрлі кезеңге жататын бірқатар археологиялық нысандарда топырақ қабаттарын тазарту жұмыстары жүргізілді. Түпнұсқалық кескінді қалпына келтіру үшін ежелгі Түркістан қалалық сәулет өнерінің маңызды архитектуралық үлгілері болып саналатын, ерекше қорғалатын нысандар анықталды. III-IV ғасырлардағы алтыннан жасалған әйелдердің зергерлік бұйымдары, ертедегі және орта ғасырдағы керамиканың түр-түрі, діни мазмұндағы ежелгі кітаптар табылды. Жоба барысында табылған барлық құнды археологиялық олжа зерттеліп, каталогы жасалып, қалпына келтірілуде. Олардың барлығы мұражай коллекцияларының бір бөлігіне айналады, – деді А.Хазбулатов.
Жоба жетекшісінің айтуынша, жоба үш жылға, яғни 2019-2021 жылдарға жоспарланған. Қалашықтың жалпы аумағы – 27 га. Аталған аумақ әр жылға 9 гектардан бөліп қарастырылған.
Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ЖШС қолға алған жоба «ERG» корпоративтік қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асуда.
Бұл табылған заттар Сармат-Каңлы дәуірінің (II-III ғасырлар) бұрын табылған ежелгі цитаделімен қатар, II-XIX ғасырлар аралығында Күлтөбе тарихи-мәдени ландшафтының негізгі төрт кезеңін нақты ажыратуға мүмкіндік береді. Археологиялық және тарихи-мәдени зерттеулерге сүйене отырып, Күлтөбе қалашығының дамуын мына кезеңдерге бөлуді ұсынуға болады: – ерте кезең (II-IV ғасырлар) – Сармат-Каңлы дәуіріндегі діни және рухани орталық; – екінші кезең (VII – IX ғасырлар) – түркі дәуіріндегі кішігірім қоныс; – үшінші кезең (Х – ХІІІ ғасырлар) – ортағасырлық кезең (қалалық мәдениеттің дамуы және Қожа Ахмет Ясауи дәуірі); – төртінші кезең (XVI – XIX ғасырлар) – Қазақ хандығының кезеңі (маңызды саяси және экономикалық орталық, мәдениеттердің тоғысуы, Түркістан – Қазақ хандығының астанасы, қазақ-жоңғар соғыстары кезінде құлдырап кеткен толыққанды қалалық инфрақұрылым).
Баспасөз мәслихаты барысында әлемге танымал археолог Майкл Янсон бейнежазба жолдап, «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасын әлі де жалғастыру керектігін айтты.
«Бұл жерде түркі мәдениетінің тарихы қордаланып жатыр. Сол замандағы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын тануға болады. Егер де ежелгі ескерткішті ашпасақ, зерттемесек, онда Түркістан қаласының пайда болу тарихы ғылымнан жасырын қалады. Ал енді ескерткіштерді ашса, оларды ашық аспан астында қалдыруға болмайды. Табиғат құбылыстарының әсерінен олар жылдам бұзылып, жоқ болады. Осыны ескерген дұрыс. Біз болашақ үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет», – деді М.Янсон.
Айта кетсек, Күлтөбе қалашығына алғашқы археологиялық зерттеу жұмыстары 2010 жылы белгілі қазақстандық ғалым Ерболат Смағұловтың бастамасымен жүргізіле бастаған. Кейін археологтар Күлтөбе – Ясы (Түркістан) қаласының ең ежелгі бөлігі екенін анықтаған. Біздің заманымызға дейінгі бірінші ғасырға жататын ғибадатхана мен бірқатар архитектуралық құрылымдардың табылуы Ясы қаласының тарихын тағы мың жарым жылға ұзартып, Ұлы даланың тарихы мен мәдениетін қалыптастыратын аспектілерді қайта қарауға алып келді. 2017 жылы нысан ғалымдардың назарын өзіне аудартып, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының басшылығымен шағын ғылыми жоба аясында қолға алынды. Ал былтырдан бері «ERG»-дің қаржылай қолдауымен қалашық толыққанды зерттеле бастады.