Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты түрік әріптестермен бірлесіп, эндоваскулярлық орталық қақпақшаны импланттау бойынша 70 және 80 жастағы пациенттерге операция жасалды.
Аталған орталық ұйымдастырған шеберлік класс шеңберінде институттың жетекші кардиологтары мен интервенциялық кардиохирургтары Түркиядан келген доктор, профессор Ертұғрыл Окуянмен бірлесіп, жүректің жүре пайда болған кемістігі – аорта қақпақшасының стенозы бар пациенттерге эндоваскулярлық аорталық қақпақшаны импланттау бойынша 2 операция жасады.
Рентгенэндоваскулярлық операция жасау блогының меңгерушісі Алексей Колесниковтың айтуынша, аорта қақпақшасының стенозы қанның сол жақ қарыншадан қалыпты ағуына кедергі болатын аорта қақпақшасы саңылауының тарылуымен сипатталатын күрделі ауру. Алексей Евгеньевич, бұл патологияға, әдетте, егде жастағы адамдар шалдығады, дейді. Олар үшін бір ғана жол бар, ол – операция жасау. Осындай пациенттердің 30%-дан 40%-ға дейіні жалпы наркозбен, кеуде қуысын ашу, ағзаны жасанды қанайналымға ауыстыру секілді жасалатын әдеттегі операцияны көтере алмайды. Операциядан кейінгі кезең де ауыр болады. Аорталық қақпақшаны импланттау осындай қауіптердің барлығын азайтады және ол, тіпті ашық жүрекке операция жасауға қарсы көрсетілімі бар 75 жастан жоғары ауыр аорталық стенозына шалдыққан адамдарға да келеді.
Сонымен қатар операция аз инвазивті әдіспен жасалады және оның оң нәтижелерінің пайызы өте жоғары – 95-тен 100-ге дейін. Операция жасалғаннан кейін науқастың күйінің мейлінше жақсарғаны байқалады. Кеуде қуысындағы ауыру сезімі, талып қалу және демігу секілді белгілер толығымен жойылып кетеді.
Осындай операцияларды жасау пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға, республикада алдыңғы қатарлы медициналық технологиялар мен инновациялардың дамуы мен қолданылуына, кардиохирургияда оперативтік араласулардың техникасын меңгеруге жағдай жасап, мамандардың кәсіби біліктілігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретіндігін айта кеткен жөн.
Аорта қақпақшасын транскатетерлік импланттау (TAVI)– аорта қақпақшасын жасанды биологиялық ауыстырудың аз инвазивті заманауи тәсілі. Жүрек біраз уақыт қанайналымның бұзылысын теңгерте алады. Алайда ерте ме, кеш пе: стенокардия синдромы, талып қалу, жүректің қатты соғуы, демігу пайда болады. Дәрі-дәрмек арқылы пациенттің жағдайын аздап қана жеңілдетуге болғанымен, оны түгелімен өзгерту мүмкін емес. Аорта кемістігін емдеудің тиімді тәсілі – қақпақшаны протезбен алмастыру. Жеткізу жүйесі алынып тасталады, қақпақша өз қызметін бастайды. Операция шамамен 90 минут жасалады.
Профессор Ертұғрыл Окуян – Медицина ғылымдары университетінің кардиология кафедрасының меңгерушісі, Стамбул қаласындағы Bağcılar кардиология оқу-зерттеу клиникасы, Түрік кардиологтары қоғамы басқармасының мүшесі, Еуропалық кардиологтар қоғамының, Еуропалық атеросклероз қоғамының, Америкалық жүрек қауымдастығының, америкалық гипертония қоғамының мүшесі, Жүрек-қантамыр академиялық қоғамының вице-президенті. Оның 100-ден астам еңбегі рецензияланатын халықаралық және отандық журналдарда жарияланған.