• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Саясат 16 Қыркүйек, 2020

Маңызды міндеттер нақтыланды

216 рет
көрсетілді

Қорғаныс министрлігінде өткен кезекті аппараттық кеңесте оқу-жаттығулардың қорытындылары шығарылып, ең өзекті мәселелер қаралды және оларды уақтылы шешу бойынша міндеттер қойылды.

Қарулы күштердегі маңызды м­әс­е­ленің бірі – нысандарды қысқа дайындау. Осылайша Қорғаныс ми­нистр­лігінің комиссиясы жүргізген тексеру барысында бірнеше гарнизонда ғимараттарды, казармаларды, терезелер мен қазандықтарды жөндеудің аяқталмағандығы, жылыту жабдығының ақауы анықталды. Қорғаныс министрі бас қолбасшыларға жергілікті жерлерде жұмыс жүргізетін мердігерлердің жұмысын бақылауды күшейту бойынша міндеттер қойды, сондай-ақ құрылыс ұйымдарының өз міндеттемелерін орындаудың қатаң мерзімдерін белгіледі.   

Қорғаныс ведомствосының басшысы басты басымдықтардың бірі – оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары екен­дігін атап өтті. Мұнда әлі күнге дейін шешілмеген мәселелер бар. Уәкілетті орган «Қазтехнология» АҚ әр­дайым жарамсыз оқ-дәрілерді уақтылы кәдеге жарата бермейтінін ескере отырып, бас қолбасшыларға оларды пайдаланылмайтын әскери мүлік ретінде инженерлік-саперлік бөлім­шелердің күшімен жою мүмкін­дігін белгіленген тәртіппен пысықтау туралы нұсқау берілді. Қорғаныс министрі анықталған кемшіліктерді жедел жоюды, ал оқ-дәрілердің сақталуын тексеруді Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың, Бас инспекцияның және әскери полицияның комиссияларын тарта отырып, тұрақты түрде жүзеге асыруды тапсырды.

Басшылық құрам жеке құрам­ның денсаулығын сақтау бойынша жұмысты күшейтуге ерекше назар аударды. Қарулы Күштерде әскери қызметшілерге күзгі-қысқы кезеңде күшейетін тұмау вирусына қарсы вакцинациялауды ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Вакцинаны әскери бөлімдерге жеткізу жүзеге асырылуда, бірінші кезекте мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге, әскери оқу орындарының курсанттарына, сондай-ақ созылмалы аурулары бар «тәуекел тобының» өкілдеріне көңіл бөлінетін болады.

Қорғаныс министрі Қарулы Күш­терде медициналық қамтамасыз етуді жетілдіру жөніндегі жүйелі шаралар спектрін кеңейтуге нұсқау берді. Қорғаныс министрлігі тарапынан медицина мамандарына үстемақы төленуде. Әскери дәрігерлерді даярлау және әскери қызметке шақыру жоспарланған, сондай-ақ олардың резидентуралар мен интернатураларда, оның ішінде шетелдік оқу орындарында өз біліктілігін арттыру көзделген. Әскери медициналық ме­ке­мелерге қазіргі заманғы меди­ци­на­лық жабдықтарды, оның ішінде стационарлық және ұтқыр ПТР-зертханаларды жеткізу ұйым­дастырылды.

Өткен аптада Маңғыстау облысында әскерлердің түрлі топтамасы­мен өткен кешенді оқу-жаттығуды қорытындылай келе, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев жеке құрам­ның жоғары даярлығына, арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері көр­сеткен жауынгерлік оқытудың жаңа нысандары мен әдістерін енгізудің тиімділігі мен қажеттілігіне тоқталды.

Атап айтқанда, алғаш рет армия­лық тактикалық атыстың кешенді жат­тығулары, әскери қызметшілерді психологиялық даярлау әдістемесі көрсетілді.

Бұдан басқа, сақталып отырған санитарлық-эпидемиялық шектеу шара­­ларына қарамастан, толық кө­лем­де орындалуға тиіс жауынгерлік даяр­лық іс-шараларын сапалы жүргізу жө­нін­дегі таяу арадағы міндеттер айқындалды.

14 қыркүйекте «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының, Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Әскери-әуе күштерінің басқару органдары мен әс­кери бөлімдері тартылған «Алдаспан» жедел-тактикалық командалық-штаб­тық оқу-жаттығуы басталды.

Алдағы аптада барлық әскерлерде батальондық тактикалық топтардың даяр­лығы аяқталады, сондай-ақ көп­теген командалық-штабтық жатты­ғу­лар мен аумақтық қорғаныс бөлім­шелер­імен оқу-жаттығулар өткізіледі.