• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Технология 16 Қыркүйек, 2020

Ең көп сұранысқа ие мобильді қосымшалар

817 рет
көрсетілді

Пандемия әлемдік экономиканы күй­ре­тумен қатар, жұртшылықтың қажеттілігі мен сұранысын басқа арнаға бұрды. Сол себепті 2020 жылдың жаңа трендтері де бұрынғылардан әлдеқайда өзгеше.

Мамандардың пікірінше, жыл басынан бері жаһандағы карантиндік шектеулер digital әлемге де әсер етпей қоймаған. Мәселен, бір жыл бұрын адамдар түрлі мессенджерлерді көбірек қолданса, биыл көптің таңдауы іш пыстырмайтын мобильді қосымшаларға түскен. Sensor Tower платформасы жүргізген сараптама да осыған дәлел болып отыр.

Платформа 2020 жылдың қаңтарынан бастап қазірге дейінгі аралықта әлем халықтары қандай қосымшаны көп пайдаланғаны жөнінде зерттеу жасады. Нәтижесінде, «TikTok» сұранысқа ие қосымша деп танылған. Сараптама нәтижесі 104,7 миллион адамның смарфонында аталмыш қосымша сақталғанын және белсенді пайдаланатынын көрсетті.

Айта кетерлігі, бұл қосымшаны ең көп қол­данатын елдердің көшін Үндістан бастап тұр. Мұнда «TikTok» жүктегендер жалпы санның 34,4 пайызын қамтыған. Ал тізімді толықтырып тұрған Бразилияға әлемдік көрсеткіштің 10,4 пайызы тиесілі. Компания екі елдегі халық саны да көрсеткіштің ұлғаюын қамтамасыз етіп отыр деп есептейді. Осылайша, әлемді «екіге бөліп» отырған App Store мен Google Play-де де бірдей сұранысқа ие «TikTok» әлемдегі ең таны­мал мобиль­ді қосымша болып отыр. Десе де, қыс­қа бейне жасау функциясы бар қосымшаның жас­­тар мен жасөспірімдер арасында қашанға дейін сұ­раныста қалатыны сарапшыларға әлі де беймәлім.

Коронавирусқа байланысты жаһандық карантин кезінде онлайн режімдегі жұмыс, жиындар мен түрлі басқосулар Zoom бейнеқоңыраулар мен конференциялар қосымшасын танымал етті. Жыл басынан бері бұл платформаны жүктегендер саны шамадан тыс көбейген. Осылайша, Zoom Аpple пайдаланушыларының арасында тізімде екінші болып тұр.

Айта өтерлігі, Android қолданушылары арасында Snack Video қосымшасы екінші орында. Бұл да қысқа бейнелер жасау функциясы бар TikTok-тың аналогы.

Жыл басында қолданушылары басым болған Facebook желісі әзірге үшінші орында тұр. Бұл да пікір алмасу алаңына айналған желінің жоғары танымалдылыққа ие екенін көрсетеді. Бұған себеп, Facebook пайдаланушыларының жас шамасы.

 

P.S. Аталған тізім осыған дейін танымал болып келген Instagram және WhatsApp желілерінің бел­сенділігін жоққа шығармайды. Бұл екі әлеу­меттік желі де қолданушылар саны жағынан алдың­ғы қатарда. Мамандар бұл әлеуметтік желілерге балама табылмайынша, әзірге өзектілігі жойылмайтынын алға тартады.