Пандемияның белең алып, күллі адамзатты сансыратуы әлі де тоқтар емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кеселді індеттен қорғануда медициналық маскалар мен қорғаныштық құралдарды қолдануды міндеттейді. Осы орайда заманауи технологиялар негізінде әзірленген «ақылды маскалар» жөнінде естуіңіз бар ма?
Кәрі құрлық елдерінде коронавирус эпидемиясының өршуіне байланысты ауруханаларда қорғаныс құралдарының жетіспеушілігі байқалды. Сондықтан дәрігерлер дайвинг бетпердесін қолдана бастаған. Италия медициналық мекемелері дәрігер Ренато Фавероның ұсынысымен әзірленген дайвинг бетпердесін қазірдің өзінде ақ халатты абзал жандар игілігіне пайдалануда.
Бір қызығы, 3D басып шығаратын құрылғының көмегімен жоғары әрі тиімді медициналық сүзгілерді орнатуға мүмкіндік беретін арнайы адаптер әзірленген. Вирустан қорғануда кәдуілгі медициналық маскадан кем болмайтын бұл маскаларды АҚШ-тың Өнімдер мен дәрі-дәрмектерді бақылау жөніндегі агенттік те мақұлдап отыр. Дайвинг бетперделері қорғаныс құралдары ретінде өте жақсы жұмыс істейді. Мұқият дезинфекциялаудан кейін оларды қайта пайдалана беруге де болады.
Ал Сингапур ғалымдары коронавирустық инфекцияның белгілерін анықтайтын бетперде ойлап тапқан еді. Онда адамның пульсі, дене қызуы, қысым және оттегі деңгейі сияқты маңызды белгілер туралы ақпарат жинайтын датчиктер орнатылған. Әр жарты сағат сайын датчиктер адамның денсаулығы туралы мәліметтерді ұялы телефондағы арнайы қосымшаға жібереді. Ол арқылы дәрігерлер науқастың жағдайын бақылай алады. Датчиктерді қорғаныс құралдарымен бірге жууға, тіпті бір маскадан екіншісіне ауыстыруға болады. Қазіргі уақытта аталған масканың бағасы 36 АҚШ долларынан асады, ал өндіріс барысы дами түссе, 14,6 долларға дейін төмендеуі мүмкін.
Осы орайда елімізде жаһан жұртынан қалыс қалмай, ел игілігіне медициналық маскаларды әзірлеуде. Отандық Qamqor Tech компаниясы израильдік Sonovia компаниясымен бірлесе отырып, елордада SONOMASK атты вирусқа және бактерияларға қарсы медициналық маскалар өндірісін іске қосты. Израиль технологиясымен әзірленетін маска вирус пен бактериядан қорғап қана қоймай, тіпті, оларды жойып жібере алады.
Медициналық маскалар бірегей патенттелген ультрадыбыстық технология негізінде Назарбаев Университеті жанындағы технопаркте шығарылады. Шығарылған маскалар бактерияларды 99,99% және вирустарды 98,89% жоюға кепілдік береді. Айта кетерлігі, бұл әлемнің әртүрлі ірі ғылыми-зерттеу орталықтарының зертханалық зерттеулерімен расталған. Әзірлеушілердің айтуынша, маскалар халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Медициналық маскаларды өндірушілерге керағар пікірлер де азаймай отыр. Мәселен, Жапонияның Киодо агенттігі ғаламшар экологиясы үшін бір рет қолданылатын медициналық маскалардың қауіптілігі туралы айтады. Пандемиямен күресу аясында медициналық маскаларды сату науқаны көш басында тұр. Сондықтан оларды әлем халқы осы аптап ыстық мезгілде де қолданып келеді.
Киодо агенттігінің пікірінше, жаһан жұртында мұндай биологиялық қауіпті қалдықтарды қалай кәдеге жарату керектігі туралы түсінік қалыптаспаған. Кейбір елде қоқысты дұрыс жою үшін ешқандай жағдай жоқтығын да сөз етеді. Агенттік әлемнің әр түкпіріндегі басылымдардың сөзін келтіріп, Күншығыс елінің жағалауында бірреттік маскалар су айдынында қалқып жатқанын айтады. Медициналық қалдықтар саны Түркия мен Еуропа елдерінің жағалауларында жиі байқала бастаған. Ал Франция экологтерінің айтуынша, теңіз бен мұхит суларында көп ұзамай медузалар емес, маскалар шоғырын көруге қорқатынын мәлімдейді. Себебі мұндай маска қалдықтары адамның жейтін асынан және балықтың ішек қуысынан табылған. Бұл микропластика бөлшектеріне ыдырау үшін жүз жылдан астам уақыт қажет.
Әр алуан пікірлер тоғысы, әрине, бізді сан-саққа жүгіртері анық. Алайда денсаулығыңызды сақтап, иммунитетіңізді нәрлі тағамдармен толтырған құптарлық болар еді.