Ел тілегін тілеген елгезек жанның еңбегі кейде көріне бермейтіні де бар. Әйтсе де, тіршіліктің тоңын нәзік жүрегінің жылуымен жылытып, белі ауырып, балтыры сыздағандарға қалтқысыз қызмет көрсететін медбике еңбегі ұшан-теңіз.
Қызмет барысы туралы аз-кем сөйлесуге келіскен болатынбыз. Жұмысының жай-жапсарын сұрамақ болдық. Еңбегін де. Өмірлік мақсат-мұратын да. Әйтсе де, қалалық емхананың медбикесі Баян Измайлованың бүгінде уақыты тым тапшы болып шықты. Айтуына қарағанда, екі бірдей қарт адамның денсаулығын тексеріп, қарап шығуы керек. Жасы үлкен адамдар ұзақ күткенді ұната бермейді. Содан соң сырқаттанып қалған үш балаға бармақ. Осылай жалғаса беретін сыңайлы. Тілшіге табанынан таусылып еңбек етіп жүрген жайын тіс жарып айтуға ықылас болғанымен, уақыты жетпейді.
Кейіпкеріміз қызмет ететін емхананың №226 учаскесінде 1800 адам тіркелген екен. Адам көп болған соң ауру да аз емес. Оның үстіне жаман тұмау жан алқымнан алған сәтте айрықша сақ болмаса тағы болмайды. Сондықтан хабар тиісімен алып-ұшып жетеді. Бейнебір пенденің періштесі іспетті.
– Ауру азабын арқалап, төсек тартып жатқан жанның көңілі күйзелуі де мүмкін, – дейді медбике, – сол сәтте ем-домың былай тұрсын, бір ауыз жылы сөзіңнің өзі қуат береді.
Сырқаттанған жанға жылы сөзімен, жан жылуымен демеу болып, үміт жібін бекемдеуге барынша күш салып келе жатқан Баян Қуанышбайқызы Көкшетау медицина училищесін тәмамдап, еңбек жолын бастағалы да табаны күректей отыз жыл өте шығыпты.
– Үнемі қауырт қимыл үстінде жүретін медицина қызметкерлерінің өтінішіңді құлақ қойып тыңдап, мұқият қарауының өзі сырқатыңды пышақпен сылып тастағандай әсер етеді, – дейді қала тұрғыны Нұрлан Алпысбаев, – адам көңілі бір ауыз жылы сөзден өсіп қалады ғой. Біздің учаскедегі медицина қызметкерлерінің мінсіз қызметі ауыз толтырып айтуға әбден лайықты.
Жылы жүзінен мейірім шуағы есетін, ал әр сөзінен жанға жайлы қуат тарайтын ол білімді тәжірибемен ұштастырып, қиындығы мол, жауапкершілігі жоғары жұмысымен адамдардың ақ алғысын арқалап келеді. Айтуына қарағанда, ел көңілінен шығу үшін білім мен тәжірибе аздық етеді. Әрине ол да керек, әйтсе де ең бастысы өз мамандығыңа деген шексіз сүйіспеншілік. Сонда ғана істеген ісіңнен нәтиже шығып, өз қызметіңе өзіңнің көңілің толып, марқаюың мүмкін. Сенен демеу іздеген, сенен жәрдем тілеген айналадағы адамдар да көңіл күйіңді, ықыласың мен ізетіңді жаза баспай танып, сезініп тұрады. Міне, сүйіспеншіліктің керек жері осы. Асылында бар зейінің, ықыласың мен пейілің ауғанда ғана екі арада көзге көрінбейтін сезіну пайда болмақ.
– Біз ересектермен қатар балалармен де жұмыс істейміз ғой, үлкен адамдар қай жері ауырып тұрғанын тап-тұйнақтай етіп айтып бере алса, сәбилер олай түсіндіре алмайды. Сол үшін медбике ең бірінші жақсы психолог болуға тиіс, – дейді Баян Қуанышбайқызы.
Еңбегіне баға беретін де періште балалардың пейілі екен. Өзіне салса, одан артық атақ пен құрметтің еш қажеті жоқ. Жоғары санатты медбике атануы ұжымда, ең бастысы, ел ішінде сыйлы болуы да өзі әу баста қалап алған мамандығына деген сүйіспеншілігі.
КӨКШЕТАУ