Күзгі егін орағы айрықша жауапты науқан. Ерте көктемнен бергі тыным таппаған еселі еңбектің нәтижесі енді көрінбек. Облыс диқандары қауырт қимылдап, жұмысты еңсеріп келеді.
Жылдың төрт мезгілінде уақытпен санаспайтын дала еңбеккерлері маңдай термен өсірілген алтын дәнді шашаусыз жинап алу үшін жанталаса қимылдауда. Бұл орайда, әлмисақтан берік еңбек дәстүрі қалыптасқан. Қазір көп шаруашылықтар жұмысты екі ауысыммен атқарып жатыр. Өйткені, ашық сәтті ұтымды пайдаланып қалуы керек. Арқаның сылбыраған жауыны аяқ бастырмай, қыруар егін қар астында қалған да кез болған. Осындай жайсыздықтан ащы сабақ алған дала ерлері егінжайда түнеп, ел игілігін молайту жолында жанкешті еңбек етуде. Еңбектің еселі нәтижесі де бар.
Биыл облыста 4 427,7 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар тұқымы себілді. Мұның ішінде бидай 3 698 мың гектарды, арпа 651,6 мың гектарды, сұлы 60 мың гектарды құрайды. Сондай-ақ тары, қарақұмық, ноқат, бұршақ, майбұршақ және жасымық тұқымдары да былтырғы ауқымнан көп себілді.
Орақ жұмысына алғашқылар қатарында кіріскен Сандықтау, Жарқайың, Жақсы, Есіл, Целиноград, Аршалы, Біржан сал, Атбасар, Бурабай, Астрахан аудандары бастапқы екпінді төмендеткен жоқ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сүйенсек, аталған өңір диқандары бүкіл егістіктің 81-91 пайызын жинап алса, Зеренді ауданы толық аяқтады. Жалпы өңірлік көрсеткіштің 85 пайыздан асуы өзге аудандардың да межеге бүгін-ертеңдері жететінін байқатады.
Қазіргі жағдайды таратыңқырап айтсақ, 14 қыркүйектегі жағдай бойынша диқандар дәнді дақылдардың 3825,1 мың гектарының астығын бастырды. Қазірше гектар түсімділігі 10,6 центнерден айналуда. Осыған байланысты қырманға жеткізілген астықтың көлемі де 4 030 мың тоннаны құрап, былтырғы сәйкес мерзімдегіден анағұрлым асып түсті. Бұған қарап мынадай есеп жасауға болады: жұмыс жоспарында белгіленгеніндей, механизаторлар кешегі күні 266,6 мың гектардың өнімін жинады. Яғни, науқанды алдын ала бекітілген жұмыс күнінде аяқтауға толық мүмкіндік туып отыр. Бұған айтарлықтай негіз де бар. Науқандық жұмыстарға 8 145 астық комбайны, мұның ішінде 3 мыңнан астам заманалық жоғары өнімділіктегі техника қатыстырылуда.
Диқандар қауымы мемлекет тарапынан науқандық жұмыстарға 72,6 млрд теңге бөлінгеніне, мұның 37,3 млрд теңгесі қайтарымсыз субсидиялық қаржы екендігіне ризашылық білдіруде. Осындай қолдаудың нәтижесінде агроөндірістік кешендер мен шаруа қожалықтары соңғы 3,5 жылда жалпы құны 23,5 млрд теңгенің 992 комбайнын, 270 егіс кешендерін сатып алды. Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін жанар-жағар май тиісті көлемде қорланған. Ағымдағы жылғы астықты қабылдауға арнайы лицензияланған 65 кәсіпорын жұмылдырылуда. Бұлардың жалпы сақтау сыйымдылығы 4,2 млн тоннаны құрайды. Айтылғандарға қосымша, жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарында шамамен 2,4 млн тонналық астық қоймалары бар. Ендігі мақсат – осы қуатты тиімді пайдалану.
Облыс диқандары келесі жылдың молшылығын қамдау мақсатында қазірдің өзінде 515,9 мың тонна тұқым қорын, яғни, межеленген көлемнің 97,4 пайызын сайлап үлгірді. Мұнымен бірге, барлық алқапта күзгі жер баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ақмола облысы