• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оңтүстік Қазақстан 16 Қыркүйек, 2020

Шымкентте індеттің екінші толқынына дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде?

259 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус індетінің тағы бір толқыны әлемді әбігерге салуы мүмкін екенін мәлімдеді. Осыған орай елімізде індеттің алдын алу мақсатында түрлі сақтық шаралары қолға алынуда.

Бұл ретте еліміздің үшінші үлкен шаһары – Шымкентте COVID-19 және вирустық пневмонияның ықтимал өршуіне медициналық ұйымдардың дайындығын анықтау бойынша оқу-жаттығу өтті. Ондағы мақсат – қаланың барлық медициналық ұйымдарының коронавирустық инфекциямен күреске дайындығын барынша пысықтау.

Іс-шараға инфекциялық және провизорлық стационарлармен қатар меншік нысанына қарамастан, барлық бастапқы медициналық санитарлық көмек (БМСК) ұйымдары қатысты. Оқу-жаттығу жұмыстарына 36 БМСК ұйымы, 9 диагностикалық орталық, 7 ПТР зертханасы жұмылдырылды. «Асар» шағын ауданындағы қалалық жұқпалы аурулар орталығында өткен оқу-жаттығу барысында науқастың шақыртуының «103» пультіне түскен сәтінен бастап, тиісті белгілері болған жағдайда стационарға жатқызуға дейінгі бағытының алгоритміне баса назар ауда­рылды.

«Дəрі-дəрмек толық қамтамасыз етілген. Оттегі аппараттары жеткілікті. Ал бүгінгі оқу-жаттығу – болжамды толқынға дайындық. Мұның маңызы зор», дейді қалалық жұқпалы аурулар орталығының аға дəрігері Шырымбек Бекенұлы.

Сондай-ақ Шымкент қалалық №3 емханасында да коронавирус пандемия­сына қарсы оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді. Оқу-жаттығу барысында емханаға келіп түскен шақырту қабылданды. Шақырту түскеннен кейін науқастың үйіне дәрігерлер мен фельд­шерлер барып, оның хал-жағдайын толыққанды тексеріп, медициналық көмек көрсетті. Тексеру кезінде науқасқа қосымша диагностикалық көмек керек болғандықтан «Медикер» орталығына апарып, компьютерлік томографияға түсірді.

Мамандардың болжауы бойынша, індеттің екінші толқыны болуы ықтимал. Сондықтан да осы дертке медицина мамандары төтеп бере білуі керек. Осы мақсатта қалада инфекциялық және про­визорлық стационарлармен қатар меншік нысанына қарамастан, барлық БСМК арасында бүгін оқу-жаттығу шаралары басталды. Оқу-жаттығу шарасы аясында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан «112» құтқару қызметінің жұмысымен танысып, мамандарға табыс тіледі.

Осы орайда айта кетсек, егер нау­­қас­­тың өкпе қабыну деңгейі 15 пайыз­дан жоғары болса, «Атамекен» медици­налық орталығына жеткізіледі. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Жақыпқызының айтуынша, «Атамекен» провизорлы стационарына орта дәрежелі науқастар түседі. Науқас ентігу халінде түссе, провизорлы орталықтағы қызыл жолақпен пала­таға жеткізіледі. Егер өзі тыныс ала ала­тын болса, сары жолақпен жүргізі­ліп, ана­лизі толық алынып, палатаға жайғас­тырылады.

Оқу-жаттығу барысында Шымкент қалалық №3 емханасының бас дәрігері Ақмарал Уалиханқызы емханаға күнделікті шақыртулар түсетінін, бұл шақыртулар автоматты түрде 4 катего­рияға бөлінетінін жеткізді. Арнайы жаттығу кезінде медицина қызметкеріне науқастардың жай-күйінің ауырлығын анықтау, коронавирустық инфекция кезінде сақтану шаралары бойынша бағалау жүргізіліп, провизорлық стационарға тасымалдау жолдары көрсетілді. Сонымен қатар оқу-жаттығу барысында емханалардың жанынан құрылған мобильді топтардың іс-әрекеттері де түсіндірілді. Олардың қажет болған жағдайда пациентті компьютерлік томографияны тексеруге жіберу, ПТР талдауды алу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілді.

 

ШЫМКЕНТ