• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Қыркүйек, 2020

Диалог – ұлттық мінез

1288 рет
көрсетілді

Уақыттар мен халықтар кеңістігіндегі әрбір ұлт пен ұлыстың тарихы секілді қазақтың да тұтас тарихы – диалогтар тарихы. Заман мен заман, дала мен адам, баба пен ұрпақ, хан мен қара, халық пен билік диалогы. Біздің тарихты бір жақты монолог ретінде қарауға болмайды, ол бірдің ғана сөзі емес, бірдің зары емес, бірдің шері емес, әрқашан бірі бірінен сөз сұраған, сөзге кезек сұраған, сөзге тоқтаған, дат айтқан, діл айта алмағанды тіл айтқан, тіл айта алмағанды қобыз бен домбыра айтқан, әйтеуір біртұтас сұхбатты, сырласуды, шерлесуді, ақылдасуды, кеңесуді ұлттық ерекшелік, ұлттық құндылық ретінде қалыптастыра алған тарих.

Сол тарихтағы ең бір күрделі кезеңдерді, көтерілістер мен бұлғақ жылдардың жайын баққанда дәл осы диалогтың болмағанын, халықтың дауысы қамалдың сыртында қалғанын, қараша үйдің ішінде тұншыққанын, билікке таласта бір туған бауырлардың өзінің бір-бірінің дауысын ести алмағанын, ұрпақ пен ұрпақ бір-бірінің үніне құлақ аспағанын, ұлысты үнсіздік жайлағанын, құлақ жабылғанын, көздің байланғанын көреміз. Көреміз де, күрсініс ғасырларының түкпірінен құмығып ғана етілген өшкен дауыстың, өлген сөздердің қасіретін аңғарамыз. Алып даладағы айқайлар тарихы бізге осыны көрсетеді. Адамдар неге бір-бірімен айқайлап сөйлеседі деген тәмсілдегідей, жүректер алыстағанда – адамдар бірін бірі естімейді. Халықтар мен уақыттар бірін бірі естімейді. Жүрек айқайының жаңғырықтары жылай ұшқан құстың даусындай түпсіз терең тыныштыққа жұтылып кетіп жатады.

Жаңа заманда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нағыз қазақы қалып, қазақы мінездің қайта жаңғыруы секілді ел көңілін еркін жайлауының да сыры осында тұрғандай. Құлақ түру – сөзіңді есту, сөзіңді есту – сөзіңді алу, сөзіңді алу – сені түсіну, ал түсіністік – құрметтеу, құрметтеу – ең ұлы құндылықтар салтанат құратын мемлекеттің әділеті.

Кешегі «көк кірсін, қызыл шықсын» деп серттескен көк түріктің заманында, Білге қаған мен Тоныкөктің, «көк түріктің көк семсері» атанған Күлтегіннің тұсындағы:

Сөзімді түгел естіңдер:

Бүкіл жеткіншегім, ұланым,

Біріккен әулетім, халқым,

Оңында шад, апа бектер,

Солында тархан, бұйрық бектер,

Тоғыз оғыз бектері, халқы,

Бұл сөзімді мұқият тыңда,

Терең ұқ, – 

деген халыққа сөз салу, қағанатқа ақыл салуы – осы диалогтардың алтын бастау­лары. Бабалар іргетасын қалаған дала демократиясының қазығы да сонда. Қаған мен қарашаның қатар тұрып тіл қатысуы, кешегі хандардың қасында данагөй билер мен жыраулардың кеңес құруы, дала қазағының хан ордасына келіп қай датына да жауап ала алуы – осы тұжырымдама­ның түп тамырында жатқан құндылық деп ұғамыз.

Бірін бірі естімейтіндер мен естігісі келмей­тіндердің мысалы болса, ол – Абай­дың «жартасы» ғой. Мимырт тыныш­тық­та мүлгіп тұрған мылқау жартас.  Ол диалогқа барушы емес, қайталаушы. Қайталау – құнды­лық емес. Ол – жанайқайды жаңғыр­тып қана өзіңе қайтарып беруші. Өз қайғың­мен өзіңді қалдырушы. Дауысты жоюшы.

«Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

Онан да шықты жаңғырық.

Есітіп үнін,

Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып...».

Абайдың осы зарынан аңғарарымыз диалог біржақты болмайтындығы. Диалог – қоғамдық құндылық. Біздің қоғамның өз іші, азаматтар мен азаматтар, ұйымдар мен бірлестіктер, төрдегілер мен босағадағылар, сахнадағылар мен залдағылар, ат үстіндегілер мен жаяулар, қолында ғылым шырағы барлар мен сөз ұстағандар, әлеуметтік желідегілер мен эфирдің арғы жағындағылар, сатушы мен тұтынушы, үлкендер мен кішілер, әке мен бала, шеше мен қыз, аға мен іні – бәрі диалогқа баруы керек. «Ақылдасайықшы, ағалар-інілер боп» деген кешегі көркем сөздегідей, біз жаңа қоғам құрар алдында бір-бірімізге құлақ асайықшы. Қалың айқай мен дабыраның арасында уақыттың сөзін естімей қалып жүрмейік.