• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Қыркүйек, 2020

Екпе науқаны басталды

142 рет
көрсетілді

Қостанай облысында тұрғын­дарға тұмауға қарсы екпе жасау науқаны басталды.

Денсаулық сақтау басқармасының мәлі­метінше, бұл мақсатта Ресейден 60 млн теңгеге 70 мың «Гриппол» вакцинасы әкелініп, облыстың емдеу мекемелеріне таратылып берілген. Медицина қызмет­керлеріне, Д-есебіне тіркелген балаларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, зейнеткерлер мен мемлекеттік мекемелердің қам­қорлығындағы адамдарға, сон­дай-ақ індет белгілері анықталған науқастарға тегін екпе жасалады.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, алдын ала тұмауға қарсы сақтық шараларын қабылдап, иммунитетін көтергісі келетін тұрғындар өздері тіркеуде тұрған жергілікті емханаларға баруы тиіс.

Сондай-ақ облыс тұрғын­да­ры қыр­күйек­тің он бесінен бастап өзіне қолайлы немесе тұрғылықты мекеніне жақын орналасқан емхананы өз қалауы бойынша таңдап, сол жерге қайта тіркеуге тұра алады. Ол үшін үйден шығудың қажеті жоқ. Электронды цифрлы қол­таңбаны пайдалана отырып, eGov веб-порталы арқылы қалаған емханаға тіркелуге болады. Тұр­ғындарды тіркеу компаниясы қараша айының он бесіне дейін жалғасады.

– Қостанай облысының тұр­ғын­дары қалауына қарай алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін кез келген меди­циналық мекемеге тіркеуге тұра алады. Қостанай қаласының өзінде мұндай 4 мемлекеттік емхана, 3 жекеменшік мекеме бар, – деді денсаулық сақтау басқар­масының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.

 

Қостанай облысы