Құдай тағала бақ беремін десе оқу-тоқуыңа да, мамандық-мансабыңа да қарамайды екен ғой. Тынымсыз тіршілікте дарыныңды дамылсыз дамытсаң, еңбегіңді екі еселесең, жігерің мен жүрегіңді сүйікті ісіңе сүйкей салсаң болғаны күллі жаратылыстың жанары саған бұрылары сөзсіз. Оған дәлел – темір жол саласында қызмет істеп жүрген Иманбектің ән арқылы әлем жұртшылығына әйгілі болуы.
Imanbek деген лақап атпен танылған таланттың толық аты-жөні – Иманбек Зейкенов. Ол 2000 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Қазақстанда, Ресейде, Украинада Imanbek Music лейблімен белгілі қазақ продюсері және хаус-музыка ремиксері. 2019 жылы Saint Jhn-ның «Roses» әніне өзінің ремиксін жасап, халықаралық деңгейде танымал болды.
Қаршадай баланың ән әлеміне қадамы 8 жасында алғаш рет әкесі сыйлаған гитарадан басталған. Жоғары электроника және коммуникациялар колледжінде оқып жүріп, Ақсу теміржол стансасында қатар жұмыс істеген.
Иманбек 17 жасынан бастап ремикс жасауды қолға алады. Алғашқыда ресейлік Effective Records лейблі арқылы атақты америкалық рэпердің «Roses» әніне ремикс жасаған. Ремикс Saint Jhn қатысуынсыз жасалды, өйткені рэпермен байланысу әрекеттері сәтсіздікпен аяқталып, Иманбек жауап ала алмаған. Ремикстелген ән бүкіл Еуропадағы, соның ішінде Бельгия, Мажарстан, Нидерланд, Польша, Үндістан және Швециядағы көптеген чартта көзге түскен және Shazam World-да 3-орынды иеленген. Ремикстің сәттілігі мен танымалдылығына сүйене отырып, 2016 жылы жазылған түпнұсқа ән 2019 жылы US Billboard, British Singles Chart және Аустрия, Канада, Дания, Франция, Германия, Ирландия сияқты басқа елдердің чарттарына шыққан. Ол өзінің алғашқы әнін Spinnin Records Drama Records-та шығарды.
Жалпы, ремикс дегеніміз – музыкалық шығарманың бастапқы түпнұсқадан кейінірек және қазіргі заманғы техникалардың көмегімен жазылған нұсқасы. Кейде ол түпнұсқа шығарманың бірнеше бөлігін «араластыру», оны әртүрлі дыбыстармен қабаттау, арнайы эффекттер, темпті, пернені және басқа элементтерін өзгерту арқылы жасалады.
«Шындығын айту керек, менің музыкалық білімім жоқ. Бірақ әнді жан-жүрегіммен тыңдап, оған ремикс жазамын. Ата-анам әрбір жетістігіме қуанып, тілекші болып жүреді. Ол кісілердің ризашылғы мені шабыттандырады. Маған әртүрлі мемлекеттерден түрлі ұсыныстар түсіп жатады. Көбіне достарыммен, жақындарыммен ақылдасып бір шешім шығарамын. Алғашқы жазған ремиксім өзін-өзі танытты деп айта аламын. Өйткені ол түрлі танымал топтардың бөлісуімен кең тарады», дейді Иманбек.
Айтқанға аңыз, естігенге ертегі болып көрінгенімен жас дарынның жасап жатқан жаңашыл бастамалары жаһанның мойнын бұрып мойындатқанын алаш перзенті заманның тынысын дөп басқанын аңғартса керек. Шынайы да шымыр шығарылымдарының ішіндегі шоқтығы биігі һәм негізгілеріне мыналарды жатқызуға болады. Олар: «Take Me» (O'Neill-мен бірге), «Hot» (Parah Dice-пен бірге), «Smoke It Up» (Stephanskiy-мен бірге), «Dope», «Clandestina» (with FILV & Edmofo featuring Emma Peters), «Romantic Dance» (DJ DmimixeR feat. MURANA) және тағы да басқалары.
Иманбектің колледжде сабақ берген ұстазы Жанаргүл Мейрамқызы оның оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенді болғанын айтты. Өнерге құштар өреннің өмір жолында өзіндік қолтаңбасын қалдыруға табиғи таланты толық жететініне сенім білдірді.
«Оқу жылының басынан бастап (2016 жыл) Иманбек өте жігерлі жігіт болып көрінді. Мінез-құлқы мен сөйлеуіне қарап маған қиындық туғызады деп ойладым. Біз сабақтан кейін топпен жиі жиналып, бір-бірімізді жақсы білу үшін сынып сағаттарын өткіздік. Мен олардың ең жақсы топ болғанын қаладым. Уақыт өте колледждің ең үздік тобы болды. Олардың жадында студенттік өмір ең қызықты және жарқын болса екен деп ойладым. Меніңше, біздің Жоғары электроника және коммуникациялар колледжі ол үшін бәрін жасады. Күн сайын Иманбек өзгере бастады, тіпті керісінше өзін тапты деп айтсақ та болады. Мен оның музыкаға деген құштарлығын көрдім, үзіліс кезінде біздің көңілімізді көтеріп, дауысымызды өзгертіп, музыка жазып отыратын. Біздің тобымыз әртүрлі концерттерге жауапты болды, музыканы басқару пультіне мен Иманбекті отырғыздым. Колледждің барлық аккустикалық жүйесін қолданып, жүргізушілердің қатысуынсыз концерттер қойдық және дыбыс жолына Иманбек жауап берді, солай төрт жыл да өтіп кетті», деді ұстазы.
Сонымен қатар ол музыка Иманбектің оқу озаты болуына кедергі келтірмегенін жеткізді.
«Ол математика, химия, физика пәндерін дәл осы колледжде өте жақсы игерді. Бұл үшін біздің оқытушыларымызға, өз ісінің шеберлеріне жеке алғыс айтуға болады. Міне, үш жылдан кейін Иманбек үшінші курста «Теміржол көлігіндегі тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» мамандығы бойынша сигнал беруші болып жұмысқа орналасты. Қазір ол өзінің әуесқой музыкасына көбірек уақыт бөледі. Биыл колледжді қызыл дипломмен бітірді. Ата-анасына қолдау көрсеткені үшін жеке алғыс айту керек. Өйткені олар Иманбекті нағыз азамат қылып тәрбиелеген. Төртінші сыныптан бастап гитарада ойнады. Оның тәрбиесінде, ол айтқандай, атасы бөлек орын алды. Ол атасын өте жақсы көрді және құрметтейді», дейді Ж.Мейрамқызы.
Айта кететін тағы бір жайт, біздің кейіпкеріміз өткен жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» мемлекеттік жобасының жеңімпазы атанып, 24 062 дауыспен «Мәдениет» аталымында бірінші орынға ие болған.